Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жерлесіміз олжамен оралды

Жерлесіміз олжамен оралды


Сүйінші! «Қуанышты бөліссең көбейеді» деген саналы сөз санамызда сайрап тұрғандықтан да болар, бізге жеткен қуанышпен өздеріңізбен бөліскенді жөн санадық. Ауданның үкілеген үміті мен сенімін сонау еліміздің Көкшетау шаһарына арқалап кеткен Санжар Кемелбай «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына жолдама алып, ауданның намысын қолдан бермей, жүлделерін қанжығаға байлап келді.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының ұйымдастыруымен өткен өнер додасында Санжар Ақәділұлы қазақстандық – жас патриоттар академиясының мүшесіне қабылданды. Талапты жандардың талантын ұштап отыратын бұл бірлестікте оқушылар өнердің сан түрінен сайысқа түсті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 300 оқушы білімдерін таразыға салып, үш кезеңнен өтіп, белсенділік танытқан отыз үш оқушы жас патриоттар қатарына қосылды. Соның бірі – №46 А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицейінің 9 сынып оқушысы Санжар Кемелбай барлығынан озат шығып, «Елжанды патриотпын» медалімен марапатталды. Бұл орталық елді елге жақындастырып, елдің болашақ жастарын бір-бірімен ықпалдастырып, халық ынтымағының нығаюына, рухани және әлеуметтік-экономикалық байлығының дамуына үлес қосуды мақсат етуде.
Міне, шашасына шаң жұқтырмаған жүйріктердің олжасы осылайша көпті қуантуда. Олжалы өрендерге алдағы уақыттарда да жеңіс шыңдарынан көріне беріңіздер демекпіз.

Ж.Қауғанбаева.

22 желтоқсан 2018 ж. 1 213 0