Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Егемендік – елімнің еркіндігі

Егемендік – елімнің еркіндігі


Жылжыған уақыт зымырап 27 жылды артта қалдырды. Азаттықтың ақ таңы арайлап атқан егемен елдің бүгінде көгінде көк туы желбіреп, төрінде ән қалықтап тұр. 16 желтоқсан – ҚР Тәуелсіздік мерекесіне орай бейсені күні «Арман» мәдениет үйінде «Тәуелсіздік – елімнің еркіндігі» атты салтанатты кеш өтті.
Ата-бабаның рухын көтеріп, мемлекетіміздің мәңгілік отын маздатқан аталмыш шараның шымылдығы Тәуелсіздік туралы дайындалған арнайы бейнероликпен түрілді. Онда – ата тарихымызды, ана тілімізді, дінімізді қаз-қаз тұрғызып, қазақ деген атауға қан жүргізіп, Отан деп жүрегімізді соқтырған тарихтың бір парағы суреттелді. Елім деп елеңдеген, жерім деп желпінген жастардың жалыны сезілді. Мерекелік кешке келген аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Жаниязов: «Тәуелсіздік – бабалар аңсауы, ащы термен келген тәтті жеңіс. Бүгін арғысы қазақ хандығынан бастап, бергісі егеменді елдің іргесіне дейінгі көшті атадан балаға жалғаған, ұрпаққа мирас ұлы күн. Баршаңызды қазақ елінің Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтаймын» – деп жылы лебізін білдірді. Одан әрі, «Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Патима Маханбет ізгі тілектің үзігін жалғады. Қалың көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында Ө.Мінуаров, Д.Таспамбетов, Е.Марданаев т.б аудан өнерпаздары патриоттық әндер шырқап, мың бұралған бишілер өнер көрсетті.
15 желтоқсан 2018 ж. 1 829 0