Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Егеменді елдің еңсесі биік

Егеменді елдің еңсесі биік


Еліміздің тәуелсіз, егеменді ел ретінде көш түзегеніне, міне, жиырма жеті жыл. Елбасының жүргізіп жатқан сарабдал саясатының арқасында Қазақстанды бүкіл әлем таныды. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның бүгінгі құдіретті күші ел бірлігінде, ұлттар татулығында жатыр. Демек, қоғамда тұрақтылық пен татулықты нығайтып, елдің тұрмыстық әл-ауқатын жақсарту басты мәселе болып қала бермек.
Біз қазір шын мәнінде дер­бес­тігімізге даңғыл жол ашып, азат ойлауды қалыптастыру жолындамыз.Тәуелсіздіктің туын қолда берік ұстау – әрбір қазақтың, Қазақстанды өз Отан­ым деп санайтын әр адамның ең басты борышы, ең биік мақсаты болуы қажет. Республика Президенті Н.Назарбаев тәуелсіздіктің басты тірегі – саяси тұрақтылық пен әлеу­мет­тік татулық екенін ұдайы айтып келеді. Оны көздің қарашығындай сақтауға қаншалықты көңіл бөлсек – тәуелсіздігіміз соғұрлым тұғырлы бола түсетіні хақ.
16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде «Елімнің еркіндігі – Тәуелсіздік» атты салтанатты шара өтті. Сахнада атасының немерелеріне егемендік, еркіндік жайлы айтқан прологынан бастау алған шара, ақындардың шығармаларымен жалғасын тапты.
Кеш барысында аудан әкімі Әшім Оразбекұлы аудан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтап:
– Қасиетті мекеніміз Шиелі өңірі осы тәуелсіздік жылдарында өрлеу үстінде келеді. Рухы биік, намысы үстем бабаларымыздың ғасырлар бойғы асыл мұраты – азаттықты аялау, тағдыры ортақ тұтас халқымыздың татулығын нығайту болса, біздің асыл мұратымыз – осы Тәуелсіздіктің тұғырын баянды етіп сақтау, – деді. Сондай-ақ, аудан басшысы өңірдің өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген бірқатар сала мамандарын марапаттады.
«Астана-20 жыл» мерекелік ме­далімен №46 А.С.Пушкин атын­дағы мектеп-лицейінің мұ­ға­лімі М.Кәрібаева, «Сала көш­басшысы-2018» номинациясымен «Мөлдір және компаниясы» то­лық серіктестігінің директоры Н.Мырзабеков, «Еңбек даңқы» төсбелгісімен аудандық Б.Қабылұлы атындағы мәдени шығармашылық орталығы директорының орынбасары А.Әлішер марапатталды. Облыстық мәслихат депутаты Қ.Қасымов, «Арғымақ» ЖШС директоры О.Бәйділда, №47 М.В.Ломоносов атындағы мектеп-лицейінің мұғалімі Ф.Қасқабаеваларға «Қызылорда қаласына-200 жыл» мерекелік медалі ұсынылса, «Шиелі ауданына-90 жыл» төсбелгісімен қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Ж.Әбен және жеке кәсіпкерлер Ә.Әлжанов пен Ғ.Жолдасовтар марапатталып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Одан бөлек өз саласында абыройлы еңбек етіп келе жатқан отызға жуық азамат облыс әкімі Қ.Көшербаевтың, аудан әкімі Ә.Оразбекұлының және «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары И.Дүйсенбайұлының алғыс хатын иеленді. Мерекелік кеште аудан өнерпаздарының орындауындағы күмбірлеген күй мен патриоттық бағыттағы әсем әндер тыңдарманның құлақ құрышын қандырды.
Ата-баба аңсаған ардақты күннің өзге мерекелерден ерекше тойлануы шарт. Мемлекеттік деңгейде бекітілген мерекелік шаралар өз алдына, бұл күннің жоғары деңгейде өтуіне әр азамат өзінше үлесін қосуы керек. Мәселен, сауда орындары мен көпшілік жиі бас сұғатын орындар мерекеге сай безендіріліп, екі күн бойы түрлі жеңілдіктер мен акциялар ұйымдастыруға болады. Бәлкім, осы мереке күндері қоғамдық көліктердің тегін жүруіне жағдай жасалар. Бастысы, әрбір қазақстандық шаңырақта «Тәуелсіздік» дейтін ұлы мейрамның иісі аңқып тұрса екен.

Гүлхан ЯХИЯ.
15 желтоқсан 2018 ж. 4 511 0