Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БОЛАШАҚҚА БАҒДАРЛАНҒАН ШИЕЛІ

БОЛАШАҚҚА БАҒДАРЛАНҒАН ШИЕЛІ


2017 жылы атқарылған жұмыстар туралы Шиелі ауданы әкімі Ә.Оразбекұлының есебі

Құрметті жерлестер!
Ел өміріндегі елеулі оқиғалармен есте қалған тәуелсіздіктің екінші ширек ғасырының алғашқы жылы 2017 жылды артқа тастап, киелі Шиелі ауданымыздың құрылғанына 90 жылдық мерейтойын атап өтетін 2018 жылға аяқ бастық.
Елбасымыздың жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауы мемлекетіміздің одан әрі дамып, экономикалық және әлеуметтік дамудың даңғыл жолын нұсқайтын аса маңызды құжат екендігі баршаға аян. Әрбір Жолдаудың басым бағыттарын басшылыққа ала отырып, берілген тапсырмалар негізінде шаралар қабылданып, ел экономикасы алға қарай адымдап, халықтың әл-ауқаты артып, тұрақтылық сақталуда.
Жаһандық дағдарысқа қарсы тұрудың, оны­мен күресудің басты бағыттарын айқындау мақсатында 2017 жылғы 31 қаңтарда Қа­зақс­тан Республикасының Президенті Н.Ә.На­­зарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жыл сайынғы кезекті Жолдауы жолданды.
Елбасымыздың бұл Жолдауының негізгі өзегі – еліміздің экономикасы және оны дамыту мәселелері. Бұл Жолдау барлық мүмкіндіктерімізді іске қосуды талап еткен стратегиялық құжат. Мемлекет Басшысы еліміздің 2050 жылға қарай әлемдегі ең алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына қосылу мақсатында табандылықпен ілгерілеп, сын-қатерлерді күтіп отырмастан, оған табанды түрде қарсы тұра алатын халық қана жеңіске жететініне кезекті рет үндеді.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2017 жылдың 12 сә­уі­р­інде барша қазақстандықтарға басты идео­логиялық құжат болып табылатын, ұлттық са­наны жаңартып, рухани жаңғырудың қыр-сы­рын тізбектеп, бүгінгі қазақ қоғамын оятатын «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағ­дарламалық мақаласын жариялады.
Тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын айқындап берді.
Сонымен қатар, өткен жылы әлем елдерінің назарын өзіне аудартқан, маңызы жағынан дүниежүзілік экономикалық форумдармен, ал туристік тартымдылығы бойынша ең танымал әлемдік деңгейдегі спорттық жарыстармен салыстыруға тұрарлық жаhандық ауқымдағы оқиға, әлемнің ең үздік технологиялық, ғылыми жетістіктерін көрсететін EXPO-2017 халықаралық көрмесі Астана қаласында өте жоғары деңгейде өткізілді.
Ұлт Көшбасшысы, Елбасымыздың сарабдал да салиқалы саясатының арқасында тәуелсіздік жылдары еліміз өсіп-өркендеп, дамыды. Ауданымыз да осы жылдар ішінде барлық салалар бойынша дамып, тұрғындардың әл-ауқаты артты.
Өткен 2017 жыл еліміздегі тұрақтылық пен аудан халқының бірлігі арқасында Шиелі жері үшін шын мәнінде бірлік пен берекенің, ел тілегі жүзеге асқан, серпінді жобалардың орындалуымен аса құнды, табысты жыл болды.

Бюджет және салық
2017 жылға арналған аудандық бюджет несиелерді қоса есептегенде 13 млрд. 89 млн. теңге көлемінде бекітілді. Оның ішінде, аудандық бюджеттің өз кірісі 1 млрд. 685 млн. теңге (2013 жылы аудандық бюджет 8 млрд.теңгені құраса, салыстырмалы түрде аудан бюджеті қазіргі таңда 2 есеге өсті).
Аудандық бюджеттің кірісі 2017 жылы болжамдалған 12 млрд. 762 млн. теңгенің орнына 12 млрд. 877 млн. теңгеге немесе 100,9 пайызға, оның ішінде аудандық бюджеттің өз кірісі болжамдалған 1 млрд. 685 млн. теңгенің орнына 1 млрд. 789 млн. теңге болып, 106,2 пайызға орындалды.
Есепті мерзімде аудандық бюджет шығысы 12 млрд. 746 млн. теңгеге немесе 99,9 пайызға игерілді.
2018 жылғы аудандық бюджет несиелерді қоса есептегенде 14 млрд. 113 млн. теңге көлемінде, оның ішінде аудандық бюджеттің өз кірісі 1 млрд. 767 млн. теңге көлемінде бекітілді.
Жалпы жоспарланған бюджет қаражатының 68 пайызы білім саласына, 7 пайызы әлеуметтік қамсыздандыруға, 4 пайызы мәдениет, спорт салаларына, 3,7 пайызы ауылшаруашылығы саласына, 17,3 пайызы басқа да салаларға бағытталды.

Өнеркәсіп және кәсіпкерлік
Ауданның өнеркәсіп орындары ағымдағы жылдың 11 айында 21 млрд. 639 млн. теңгенің өнімін өндірді, тиісті кезеңге нақты көлем индексімен 97,4 пайыз. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібінде 5 млрд. 990 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, тиісті кезеңге 96,8 пайызды құрады.
2017 жылдың 1 желтоқсанына ауданда 4625 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген, оларда 7646 адам жұмыспен қамтылды. Өткен жылдың тиісті кезеңмен салыстырғанда кәсіпкерлік субъектілері 7,1 пайызға, жұмыспен қамтылған адам саны 5,2 пайызға артты (2013 жылы ауданда 3602 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелсе, салыстырмалы түрде өсім 28,4 пайызға артқан).
Өнеркәсіп өнімінің көлемін арттыру бағытында индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен ауданда 3 жоба жүзеге асырылуда.
Біріншісі, «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС-нің жобалық құны 64 млрд. теңгені құрайтын жылына 1 млн. тонна тампонажды цемент шығару зауыты. Зауыт іске қосылған кезде 260 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Қазіргі таңдағы құрылыс жұмыстары кезінде 380 адам жұмыспен қамтылуда (234 адамы жергілікті тұрғындар).
Екіншісі, «Фирма Балауса» ЖШС-нің «Бала Сауысқандық» кен орнындағы кварцитті ванадий өңдеу және өндіру зауыты. Кәсіпорында 150 адам жұмыспен қамтылған. Кен орнында «Қара тақтатасты автоклавты қайта өңдеу» жобасына сәйкес 2018 жылға 4,5 млрд. теңгеге қаржыландыру, қосымша 50 адамға жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Үшіншісі, 2017 жылы өңірлік картаға енгізілген «Тан ЛТД» ЖШС-ның жобалық құны 397 млн. теңгені құрайтын «Күріш және құрама жем өндірісі» жобасы, қуаттылығы жылына 9 мың тонна күріш ақтау және 3 мың тонна құрама жем шығару. Жоба толықтай іске қосылғанда 60 адам жұмыспен қамтылатын болады. Мемлекет тарапынан Қаратау беткейінен 30 га. жер телімі зауыт құрылысы үшін және 5000 га. жер телімі егіндік мақсатта табысталып, жерге орналастыру сызбасы әзірленуде.
Сонымен қатар, 2017 жылдың маусым айында «KazChinNur» ЖШС-ның жобалық құны 150 млн. теңгенің шағылтас және құрылыс бұйымдарын өндіру зауыты іске қосылып, 30 адам жұмыспен қамтылды.
Ауданда бизнесті қолдау мақсатында Шиелі кентінен индустриялық аймаққа 96 гектар жер бөлінді. Бүгінгі күні индустриалдық аймақтан 6 бизнес жобаға 62,5 га. жер телімі табыс­талды («Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС, «Мия Шиелі» ЖШС, «Тұлпар 2000» ЖШС, «Шиелі тас» ЖШС, «Шиелі Жолшы» ЖШС, «Бек-транс строй» ЖШС). Өткен жылдың желтоқсан айында «Шиелі Жолшы» ЖШС-нің темір-бетон шығару зауыты іске қосылды.
Туризм саласын дамыту бағытында «BANAS» ЖШС «Бизнестің жол картасы 2020» бағдар­ла­масымен 150 млн. теңге несие алып, «Керемет» сауықтыру кешені мен балаларға арналған ойын-сауық кешенін іске қосып, 17 адамды тұ­рақты жұмыспен қамтып отыр.
Сұлутөбе ауылдық округіндегі жеке кә­сіп­кер Жүзкенов «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойынан «В» санаты бойынша жобалық құны 200 млн. теңгенің сервистік қызмет көрсету орталығының құры­лысын және 5 га. жерге алма бағын егу жұмыстарын жүргізуде.
Сонымен қатар, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойынан «В» санаты бойынша сервистік қызмет көрсету орталығы құрылысының жобасына кәсіпкерлерге 3 жер телімі ұсынылды. Бүгінгі күні құжаттары дайындалу үстінде.
Аудан бойынша алма бағын өсіру мақ­са­тында 178 га. жер телімі ұсынылып, 46 га. жер кә­сіпкерлерге сауда-саттық арқылы табыс­талды. 34 га. жер теліміне 48 мың түп алма көшеттері отырғызылды, 15 гектар алмабақ жеріне мемлекеттік қолдау ретінде 20 млн. теңге инвестициялық субсидия төленді.
Елбасы тапсырмасына сәйкес азық-түлік қауіпсіздігі бағдарламасын жүзеге асырудың бір тетігі тұтыну нарығындағы көкөніс пен азық-түлік өнімдерінің бағасын реттеу болып табылады. Бұл бағытта ауданда бірқатар жобалар жүзеге асырылуда.
Жеке кәсіпкер С.Ермаханов жобалық құны 60 млн. теңгені құрайтын тәулігіне 400 литр түйе сүтін өңдейтін «АруАНА» шұбат цехын іске қосса, шығарған өнімдері облыс, аудан көлемінде сұранысқа ие болып, биылғы жылы 61 млн. теңге несие қаржыға цехтың құрал-жабдықтарын қайта құрылымдады, тәулігіне 1 тонна шұбат және сиыр сүтінен қаймақ, йогурт, сүт, айран, сүзбе, құрт өнімдерін нарыққа шығаруда.
«Асылхан» шаруа қожалығының жобалық құны 250 млн. теңгені құрайтын тәулігіне 1 тонна сүт өңдеу цехы іске қосылды. Сүт өңдеу цехы мен мал сою пунктіне 91 млн. теңгенің құрал жабдықтары «КазАгро Финанс» АҚ арқылы лизингке алынды.
Аудан көлеміндегі 36 көлдің 24-і бүгінгі күнге дейін он жылдық мерзімге жалға берілсе, алдағы уақытта 12 көл конкурс арқылы кәсіпкерлерге табысталатын болады.
Осы көлдерде балық шаруашылығымен айналысатын дара кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларды біріктіріп балықшылардың кооперативі құрылды, енді жыл басынан бас­тап балық өндіру көлемін арттыру жұмыстары жасалуда.
Бүгінгі күнге, аудандағы 24 көлден жылына 51 тонна балық аулауға рұқсат (лицензия) беріліп, бюджетке 6,6 млн. теңге салық төленді. Балық шаруашылығында барлығы 75 адам жұмыспен қамтылып отыр.
«Сүйіндік» шаруа қожалығы ағымдағы жылы 2 млн. 700 мың шабақ өсіріп, оның 700 мыңы аудандағы көлдерге жіберілсе, 15-20 мың шабақ басқа кәсіпкерлерге сатылған, қалғаны тоғанда өсірілуде.
«Мөлдір және К» толық серіктестігінің жанынан құрылған «Шиелі құс» фермасының құрылысына 165 млн. теңге инвестиция салынып, тәулігіне 10 мың дана жұмыртқа өндірілген болатын. Ағымдағы жылы құс фермасын кеңейту мақсатында «Даму Аймақ» бағдарламасы арқылы екінші деңгейдегі банктен 33,5 млн. теңгеге құрал-жабдықтар алып, тұрақты түрде тәулігіне 20 мың дана жұмыртқа өндіруде. Бүгінгі күні құс фермасында 5 адам жұмыспен қамтылған.
«Әшірбеков» шаруа қожалығы құны 72 млн. теңге болатын күріш ақтау цехын және құны 37 млн. теңге болатын құрама жем цехын іске қосуды жоспарлауда. Цехтар іске қосылғанда тәулігіне 60 тонна күріш өңдеп, 28 тонна құрама жем шығарады, 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Елбасының Жолдауындағы тапсырмаларды орындау мақсатында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 5 жобаны іске асыру бағытында жұмыстар жүргізілді.
Атап айтқанда: Ақмая, Жуантөбе елді мекендерінде жобалық құны 70-124 млн. теңгенің спорттық сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Жөлек елді мекенінде жобалық құны 22 млн. теңгені құрайтын спорттық сауықтыру кешені және Бестам елді мекенінде жобалық құны 68 млн. теңгелік спорттық сауықтыру кешенінің құрылыстары жүргізілуде. Шиелі кентінен жобалық құны 135 млн. теңгенің жабық жүзу бассейінін салу жобасының құжаттары әзірленуде, 2018 жылы құрылыс жұмыстары басталады.

Ауылшаруашылығы саласы
2017 жылы 29663 гектар жерге егін егілді. Оның ішінде күріш 13380 га, күздік бидай 1075 га, жаздық бидай 194 га, тары 55 га, жаңа жоңышқа 2849 га, ескі жоңышқа 6588 га, мал жемдік асқабақ 64,6 га, мақсары 1200 га, картоп 1044 га, көкөнiс 1258 га, бақша дақылдары 1955 га егілді.
Егілген егіннен 79,2 мың тонна күріш, 38 мың тонна көкөніс, 26 мың тонна картоп, 59 мың тонна бақша, 49 мың тонна жоңышқа өнімі жиналды.
Өткен жылы 5944 тонна тыңайтқышқа 151 млн. теңге, егін шаруашылығы дақылдарын өңдеуге арналған 9583 тонна гербицид, биоагент және биопрепараттарға 73 млн. теңге субсидия төленді.
Тұқым шаруашылығын дамытуға сәйкес элита және 1 репродукциялы 1240 тонна күріш тұқымына 90 млн. теңге, алма көшеттеріне 9 млн. теңге, басым дақылдарға оның ішінде, 11420 гектар күріш дақылына 198 млн. теңге және 2169 гектар жаңа жоңышқаға 35 млн. теңге субсидия төленді.
2017 жылы шаруашылықтар лизинге әртүрлі қаржы көздерінен 839 млн. теңгеге 9 ауылшаруашылығы техникасын және өз қаржылары есебінен 63 млн. мың теңгеге 7 ауылшаруашылығы техникаларын сатып алды.
Ауданда 2017 жылдың 1 желтоқсанына ірі қара 49117 бас, қой мен ешкі 75705, түйе 1321, жылқы 12028, құс 27555 басты құрады. Өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда ірі қара 100,8 пайызға, қой мен ешкі 101,8 пайызға, жылқы 108,7 пайызға, түйе 108,6 пайызға, құс 155,1 пайызға өсті.
Есепті мерзімде (тірілей салмақта) 4501 тонна ет (104,1 пайыз), 1741 тонна сүт (102,4 пайыз), 1900 мың дана жұмыртқа (184,8 пайыз) өндірілді.
Мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау бойынша асыл тұқымды мал сатып алу шығындарына 31 млн. теңге, мүйізді ірі қара малының селекциялық асылдандыру жұмыстарына 93 млн. теңге, барлығы 124 млн. теңге субсидия берілді.
«Сыбаға» бағдарламасымен 2017 жылы 263 бас сиыр, 9 бас асыл тұқымды бұқа сатып алу жоспарланып, 540 бас сиыр, 29 бас бұқа малы алынды, жылдық жоспар 2 есеге, «Алтын асық» бағдарламасымен 125 бас аналық қой, 5 бас қошқар сатып алу жоспарланса, 288 бас қой, 64 қошқар алынып, жылдық жоспар 2,7 есеге орындалды.
Ауданда агроөнеркәсіп саласын дамыту бағытында бүгінгі таңда 197 майда қожалықтар мен 252 дара кәсіпкердің бірігуімен 28 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Оның 4-і егін шаруашылығы, 3-і мал шаруа­шы­лығы, 20-ы аралас және 1-і сүт өңдеу бағытында жұ­мыс жасайды.
«Шиелі төрт түлігі» кооперативі ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан өз кәсібін әрі қарай дамытуға 61 млн. теңге несие алса, «Ырыс» бағдарламасы аясында 50 ауыл концепциясы бойынша аудандағы 4 ауылшаруашылығы кооперативі 398,6 млн. теңге несие қаржы алды («Шиелі ырысы» - 253 млн. тг, «Шиелі Береке Агро» - 63,8 млн. тг, «Бәйтерек Агро» - 20,8 млн. тг, «Шиелі төрт түлігі» - 61 млн. тг, «Жөлек Ырыс» 15 млн.тг). «Шиелі төрт түлігі» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі несие қаржыға 650 бас түйе, 286 бас мүйізді ірі қара, 119 бас жылқы сатып алды.
Иесіз қаңғыбас ит, мысықтарды жоюға аудандық бюджеттен бөлінген 4 млн. теңгеге 1871 бас егесіз қаңғыбас иттер мен мысықтар ауланып, инсениратор пештерде өртеліп, жойылды.
Ауданда 1 мал базары, орталық базарда 4 ет сату павильоны, 3 мал сою алаңы, 2 типтік жобадағы мал қорымы (Гигант, Талаптан) жұмыс істеп тұр. Эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау және азық-түлік қауіпсіздігін қамта­масыз ету мақсатында мал базарына, орталық базардағы ет сату павильондарына, мал өнімдерін сататын сауда нүктелеріне және 2 жердегі тері қабылдау пункттеріне ветеринариялық бақылау жүргізілуде. 2017 жылы 832 бас мүйізді ірі қара, 54 бас жылқы, 436 бас уақ мал, 3 бас түйе еттері, 7088 кг балық сараптамадан өткізілген.
Аудан көлеміндегі 2 «Сібір жарасы» ошағы атап айтқанда, Еңбекші ауылдық округіндегі «Дәуітбай сазы» мен «Ақмылтық» жайлауларындағы ошақтары ауданның шұғыл шығындары резервінен бөлінген 12 млн. теңгеге қоршалып, бетондалды.
Жерлерді тиімді пайдалану мақсатында өткен жылы 1 конкурс, 3 аукцион арқылы сауда-саттық ұйымдастырылды. Конкурс өткізу нәтижесінде 2783 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы (жалдау) он жыл мерзімге табысталса, аукцион арқылы 10,9 гектар жер учаскесі жалдау және жекеменшікке сатылып, аудандық бюджетке 20 млн. теңге қаржы түсірілді.
Жер учаскелерін өздеріне тиесілі жерге қосымша табыстау, нысаналы мақсатын өзгерту бойынша көлемі 5,2 га жер телімін сатудан бюджетке 8 млн. теңге түсім түсті.
Есепті мерзімде өз мақсатында пайдаланылмай жатқан 1830 гектар жер телімі мемлекетке кері қайтарылды.

Құрылыс және инвестиция
2017 жылдың 11 айында негізгі қорға 9 млрд. 480 млн. теңге инвестициялық қаржы салынды, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 121,1 пайызға орындалды.
Құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 1 млрд. 231 млн. теңге, тиісті кезеңге 54,5 пайыз. Оның ішінде, жалпы ауданы 38961 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, тиісті кезеңмен салыстырғанда 131,1 пайызды құрады.
Облыстық бюджет есебінен Шиелі кентіндегі №45 мектепке қосымша құрылыс (жобалық құны 220,9 млн. теңге), Тартоғай елді мекеніндегі 90 орындық балабақшаның (жобалық құны 335 млн. теңге) және 150 орындық ауылдық клуб (жобалық құны 218 млн. теңге) құрылыстары және тіректі елді мекендерді дамыту бағытында Еңбекші елді мекенінде 90 орындық балабақша (жобалық құны 296 млн. теңге), 150 орындық ауылдық клуб (жобалық құны 183,8 млн. теңге), спорт кешенінің (жобалық құны 196,8 млн. теңге) құрылыстары 2017 жылы басталды. Аталған құрылыстарды толық пайдалануға беру мақсатында 2018 жылға 708 млн. теңге бөлінді.
Республикалық бюджеттің есебінен жобалық құны 7 млрд. 41 млн. теңгелік 150 төсектік орталық аурухананың құрылысына өткен жылы 110 млн. теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. 2018 жылға республикалық бюджеттен 500 млн. теңге бөлініп, облыстық бюджеттен 50 млн. теңге қоса қаржыландырылуда.
«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында 2 жобаны жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 177 млн. теңге, облыстық бюджеттен 20 млн. теңге, барлығы 197 млн. теңге қаржы қаралып, барлығы 7,1 шақырым инженерлік инфрақұрылым желілері жүргізілді.
2017 жылы Алғабас және Ортақшыл елді мекендерінен 64 млн. теңгеге әкімшілік ғимараттары пайдалануға берілсе, 2018 жылы 34 млн. теңгеге Қарғалы ауылынан әкімшілік ғимарат салу жоспарлануда.
«Тақыркөл» бас су қоймасынан №3 СКНС дейінгі екінші магистралды су тасымалдаушы су құбырының құрылысы», Тартоғай, Сұлутөбе, Бірлестік, 1 Мамыр елді мекендерін сумен қамту жүйелерінің жобалау-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге облыстық бюджеттен 123 млн. теңге қаржы қаралып, жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда 1 Мамыр, Ботабай елді мекендерінің сумен қамту жүйелерінің жобалау-сметалық құжаттамалары мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Алдағы кезде республикалық бюджеттен қаржы сұралатын болады.
2018 жылға Шиелі кентіндегі Шұғыла-2 мөлтек ауданы­ның инженерлік инфрақұрылым құрылысы (сумен жабдықтау), Шиелі кентіндегі Шұғыла-3, Шығыс-4 мөлтек аудандарының инженерлік инфрақұрылым құрылысы (сумен жабдықтау) және Бидайкөл елді мекеніндегі жаңадан тұрғын үй салынатын 14, 15 және 30 кварталдарға инженерлік инфрақұрылым құрылысы (сумен жабдықтау) жұмыстарын жүргізуге 297 млн. теңге бөлінді.

Тұрғын үй коммуналдық
шаруашылық саласы
Ауданда 145,4 шақырым аудандық, 92 шақырым облыстық, 80 шақырым республикалық маңыздағы автомобиль жолдары, Сырдария өзенінде үш қалқымалы көпір мен бір қалқымалы өткел бар. Аудандық маңыздағы 145,4 шақырым автомобиль жолдарың 124,5 шақырымы, яғни 83,7 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда.
2017 жылға аудандық бюджеттен Майлытоғай, Бәйгеқұм, Қарғалы, Гигант, Тартоғай ауылдық округтерінің 5,46 шақырым ішкі көшелері 59 млн. теңгеге жәй және орташа жөндеуден өткізілді.
2017 жылға «Өңірлерді дамыту бағдарламасы» бойынша жергілікті бюджеттен Бестам, Байсын, Жақаев, Балаби, Тартоғай, Еңбекші, Сұлутөбе, Тәжібаев, Алғабас, Керделі, Ботабай, Ақмая ауылдарының шағын спорт алаңдары 38 млн. теңгеге ағымдағы жөндеуден өткізіліп, Қодаманов ауылының С.Сейфулин 0,7 шм, Есенов 1,0 шм. Тартоғай ауылының С.Ершохай 1,1 шм, ішкі көшелерінің бойына 26 млн. теңгеге жаяу жүргінші жолдары салынды.
2018 жылға «Самара-Шымкент» автомобиль жолының бойындағы К-3 қашыртқысының көпірін (Н.Бекежанов ауылының тұсындағы) күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен 134 млн. теңге бөлінді.
«Қазақстан Республикасының тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жүйесін жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасын» іске асыру барысында өткен жылы жергілікті бюджеттен 7 млн. теңге қаржы қаралып, кенттегі Бұхар Жырау көшесі №39 үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Есепті мерзімде Шиелі кенті бойынша үйлеріне газ кіргізуге 4382 өтініш тіркеліп, оның 4240-на монтаж жүргізіліп, 4237-сі газ пайдаланып отыр.
Жергілікті бюджеттен 92 млн. теңге қаржы бөлініп, 25 бюджеттік мекемелердің және 3 қызметтік тұрғын үйдің бу қазандықтары газға ауыстырылып, газ пайдалануда. Кенттегі 26 ірі кәсіпорын мен 135 шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының 140-на газ кіргізілген.

Білім саласы
Аудандағы білім беру жүйесін жалпы білім беретін 41 мектеп, 1 кешкі мектеп, 128 мектепке дейінгі тәрбие ұйымдары құрайды.
Ұлт жоспарының 76-қадамына сәйкес 3 инновациялық мектеп (№47, №48 мектеп-лицейлері мен №252 мектеп-гимназиясы) ашылып, инновациялық мектептердің жалпы саны 7-ге (2 мектеп-гимназия, 5 мектеп-лицей) жетті. Бұл облыс бойынша жоғары көрсеткіш. Инновациялық мектептердің үлесі 17% болса, оқушы саны 5081 бала, барлық оқушылардың 32,4%-ы.
2017 жылы Алмалы ауылындағы №181 мектеп, Алғабас ауылындағы №157 мектеп ғимараттарына 116 млн. теңгеге, №47 мектептің ескі ғимараты 73 млн. теңгеге, Бәйгеқұм ауылындығы балабақша ғимараты 112 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өткізілді.
Цифрлық білім беру инфрақұрылымын дамыту үшін 66 млн. теңгеге 26 орта мектепке 5 топтамадан 130 дана интерактивті тақта, 2 негізгі мектепке 4 дана, барлығы 134 дана интерактивті тақта алу жұмыстары жүргізілуде.
2017-2018 оқу жылына оқулықпен қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен 148,7 млн. теңгеге, жаңартылған білім беру бағдарламасымен оқытылатын 1, 2, 5, 7 сыныптардың 143408 дана оқулықтары алынды.
Қазіргі таңда аудан бойынша 128 (80 балабақша, толық күнмен 12 шағын орталық, толық емес күнмен 36 шағын орталық) мектепке дейінгі ұйым жұмыс жасайды, оларда 7989 бала тәрбиеленуде. 3-6 жастағы балалар 100 пайыз, 1-6 жас аралығындағы балалар 65 пайыз мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылды.
2017-2018 оқу жылында мектеп жасындағы 16517 оқушы 856 сынып комплектісіне тартылып, өткен оқу жылымен салыстырғанда сынып комплектісі 20-ға, оқушы саны 357-ге өсті.
2017 жылы әлеуметтік қорғалмаған отбасылардың 3389 баласы бір мезгіл тамақпен қамтылды, ол үшін жергілікті бюджеттен 169 млн. теңге қаржы бөлінсе, 2363 бала киіммен қамтылған (13 млн. 526 мың теңге). 700 бала аудандық «Сыр ұланы» лагерінде демалып, 520 бала Астана қаласына «ЭКСПО» мамандандырылған халықаралық көрмесіне барып қайтты. Ол үшін аудандық бюджеттен 36 млн. теңге жұмсалды. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мектеп ғимараттарының іші-сыртына 33 білім мекемелеріне 172 дана бейнебақылау камералары орнатылды.
2017 жылы қорытынды аттестаттау білім ұйымдарында өткізіліп, 40 түлек ерекше үлгідегі «Алтын белгі», 19 оқушы «Үздік аттестат» иеленді. Аудан бойынша бітіруші 782 түлектің 444-і ҰБТ-ге қатысуға тілек білдіріп, 431 оқушысы (55,1 пайыз) қатысты. Қатысқан оқушылар арасынан 9 оқушы шекті деңгейдегі баллды жинай алмады. Ауданның ҰБТ қорытындысы бойынша орташа балы - 80,53 болды. Облыстың орташа балы - 82,3. Ең жоғары 119 балды №41 орта мектеп түлегі Жүсіпбеков Дінмұхаммед Дайырбекұлы иеленді. 63 түлек (14,6 пайызы) 100-ден жоғары балл жинады. Мемлекеттік грант саны - 236, оның ішінде «Серпін» бойынша грант саны - 24, мемлекеттік гранттар саны - 212. Арнаулы орта білім беру ұйымдарының мемлекеттік гранттар саны - 171, ақылы негізде арнаулы оқу орындарына қабылданғаны - 180.
2018 жылы Досбол би ауылындағы №155 мектеп (88 млн. теңге), Ақмая ауылындағы №49 мектеп (96 млн. теңге), Шиелі кентіндегі №219 мектеп (45 млн. теңге) және білім бөлімінің ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізуге, Шиелі кентіндегі №48 мектепке қосымша құрылыс, Жансейіт ауылындағы №133 мектепке жаңа ғимарат, Байсын ауылындағы №206 мектепке жаңа ғимарат, Досбол би ауылындағы №155 мектепке қосымша құрылыс салуға жоба сметалық құжаттарын әзірлеуге 286,8 млн. теңге бөлінді.

Мәдениет саласы
Шиелі ауданында бүгінгі таңда аудан халқына 1 аудандық мәдениет үйі, 1 «Арман» кенттік мәдениет үйі, 10 ауылдық мәдениет үйлері мен 15 ауылдық клуб халыққа мәдени қызмет көрсетеді.
2017 жылы Жөлек ауылдық мәдениет үйі ғимараты 48 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өткізіліп, 9,2 млн. теңгеге жаңа жиһаздармен қамтамасыз етілді.
Аудан бойынша мәдениет үйлері мен клубтарда ұйымдастырылған 102 түрлі үйірмелерге 1192 адам қатысуда. 2017 жылы үйірмелер республикалық және облыстық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды.
Жыл басынан аудан орталығында және ауылдық елді-мекендерде кестеге сәйкес мәдени-көпшілік шаралар өткізілуде.
8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні мерекесіне арналған «Әлдиімен әлемді тербеткен» атты салтанатты кеш болып өтті.
22 наурыз күні орталық алаңда Ұлыстың ұлы күні - Нау­рыз мейрамына арналған «Мәңгілік Елдің мәртебелі Наурызы» атты мерекесі аталып өтті.
Ұлы Жеңістің 72 жылдығына арналған «Тағзым» алаңында «Ерлікке мың тағзым» атты митингі болып өтті. Аудан өнерпаздары соғыс жайында жазылған әндерді шырқап елдің ыстық ықыласына бөленді.
1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Бақытты бал дәурен» атты ертеңгілік өтті. Аудандық Мұстафа Шоқай алаңында концерт ұйымдастырылды.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне арналған «Ел рәмізі – елдігімнің айғағы» атты салтанатты кеш өтті. Ауданымыздың өнерпаздары патриоттық әндер шырқап, өнерлерін көрсетті.
Мемлекет және қоғам қайраткері, геология-минералогия ғылымдарының докторы, ғалым Шахмардан Есеновтың 90 жылдық мерейтойына және «Алтын күз - 2017» мерекесі республикалық деңгейде аталып өтті. Іс-шара Қызылорда қаласында «Өнегелі өмір» және «Шахмардан» атты кітаптардың тұсаукесерінен басталып, Тартоғай ауылынан Ш.Есеновтің бюстін ашылуы, Шиелі кентінде республикалық ақындар айтысы, қазақ күресінен түйе палуандардың республикалық турнирі, орталық стадионда ауылшаруашылығы өндірісінің озаттарын, сала үздіктерін марапаттап, шара аясында театрландырылған көрініс, мерекелік ән шашу ұйымдастырылды.
Аудандық мәдениет үйінде 1 желтоқсан - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы!» атты салтанатты жиын болып өтті.
Сондай-ақ, ауданның өнерпаздары республикалық сайыстарда жүлделі орындарға қол жеткізіп келеді. Алматы қаласында өткен республикалық «Аналар асыл жандар» атты балалар және жасөспірімдер ән-би байқауында Шиелі аудандық «Жас дәурен» ән-би ансамблі қатысып бас жүлдені, «Арман» мәдениет үйінен «Азия» бишілер тобы І-ІІ орындарды иеленсе, көркемсөз жанры бойынша сахналық қойылым номинациясынан Диас Нұрбаев пен Қазына Жұмабек бас жүлдені иеленсе, осы республикалық байқауда ән жанры бойынша Әділжан Дәуренұлы І орынды, Махабат Сауранбек ІІІ орынды иеленді. Бейнелеу өнері бойынша Әдемі Нұрмағанбетқызы І орынға, Аслан Әлқуатов ІІІ орынға, қолөнер жанры бойынша Айжан Бекжапбарова ІІІ орынға ие болды.
Тараз қаласында өткен «Қош келдің Әз-Наурыз» атты республикалық ән байқауына Әуез мектебінің оқушылары Меруерт Амангелді пен Нұрсауле Пірмағанбетовалар ІІІ орынды иеленді.
Әуез мектебінің «Ақ желкен» би тобы Тараз қаласында өткен республикалық «Тамыры терең - Таразым!» атты ән-би және өнер байқауына қатысып бас жүлдені иеленді.
Астана қаласында өткен ХІ Халықаралық «Ақ көгершін» балалар шығармашылығы фестиваль-байқауына қатысып «Жас дәурен» ән-би ансамблі ІІ дәрежелі лауреат атанса, эстрада жанры бойынша Назым Дәулетқызы бас жүлдені, Шұғыла Оспанова І орынды, Меруерт Орынбек ІІ орынды иеленді.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау
Аудан бойынша экономикалық тұрғыдан белсенді халық саны 36990, жұмыспен қамтылған халық 35124, оның ішінде өзін өзі жұмыспен қамтығандар 15510 адам. Статистикалық мәліметтер бойынша аудан бойынша 1866 адам жұмыссыз. Ауданда жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құрайды.
2017 жылға жоспарланған 900 жаңа жұмыс орнының орнына ауданда 758 жаңа жұмыс орны және 631 жеке кәсіпкер тіркеліп, барлығы 1383 жаңа жұмыс орны құрылды.
«Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі» 13 рет өткізіліп, 184 жұмыс берушілер қатысып, 570 бос жұмыс орындарын ұсынды. Нәтижесінде 457 адам тұрақты жұмысқа, 37 адам ақылы қоғамдық жұмысқа, 76 азамат жастар тәжірибесінен өтуге жолданды.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының І бағыты аясында Шиелі индустриалды аграрлық колледжінде 70 азаматы «Пайдалы қазбаларды ашық түрде қазу», «Ауылшаруашылығы өндірісіндегі тракторшы-машинист» және «Орман шаруашылығы» мамандықтары бойынша оқытылды. Қазіргі таңда аудандық білім бөліміне кент және ауылдық округтердегі мобилді топтармен ұсынылған 136 азаматтың тізімі бағдарламаны жүзеге асыру жөніндегі аудандық комиссияның шешімімен облыстық білім басқармасына ұсынылып, бүгінгі күнге азаматтар толық оқуға қабылданды.
Сонымен қатар, 120 азамат (есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыздандыру, тамақтандыруды ұйымдастыру, сығымдауыш қондырғысының машинисі, шаштараз және сәндік косметика, тігінші, автоэлектрик, дәнекерлеуші) мамандықтары бойынша қысқа мерзімді оқыту және қайта даярлау жоспарланып, 56,3 млн. теңге бөлінді.
Өткен жылы Қызылорда «Қызмет» колледжінде «автокөлік құрылғыларын жөндейтін электрик», «шаштараз шебері», «маникюр шебері» мамандықтары бойынша 62 азамат, «Маман» оқу өндірістік орталығында шаштараз мамандығы бойынша 6 азамат, Шиелі индустриалды аграрлық колледжіне аспазшы, тігінші, электронды есептеу машина операторы, компрессор қондырғы машинисі, бұрғылау қондырғысының машинисі, электргазбен дәнекерлеуші жалпы 9 түрлі мамандықтар бойынша қысқа мерзімді оқу курсына 311 азамат оқуға жолданды. Осы жолданған 379 жұмыссыз азаматтың бүгінгі күнге 114-і оқу курстарын аяқтап, 36 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Бағдарламаның II бағыты аясында 202 азаматты кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланған, 184 адам оқу курсын аяқтап, сертификаттарын алды. 137 жоба комиссия мүшелерінің қолдауымен қаржы институттарына жолданды.
«Бизнес Кеңесші» жобасы аясында 141 азамат кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, сертификаттары тапсырылды.
Кәсіпкерлікпен айналысуға 355 азамат шағын несие алу үшін халықты жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, аудандық комиссияда қаралып, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарынан өткендігі туралы сертификаты бар жұмыссыз және өзін-өзі нәтижесіз қамтыған 262 азамат қаржыландыру үшін «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-на, «Өңірлік инвестиция орталығына», «Наурыз-Дем» НС-не жолданды. Бүгінгі күнге 107 азаматқа 352,3 млн. теңге шағын несие берілді. Ашылған кәсіпкерлік нысандарында 142 жаңа жұмыс орындары құрылды.
Бағдарламаның үшінші бағыты аясында өткен жылы әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруға республикалық бюджеттен 15 млн. теңге, аудандық бюджеттен 10 азаматқа 2 млн. теңге, жалпы 17 млн. теңге қаржы бөлінді. Бүгінгі күнге әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруға өтінім берген аудан көлеміндегі 40 ұйым, кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлік субъектілеріне 123 жұмыссыз (2 мүгедек азамат) азамат жолданды.
Сонымен қатар, жұмыссыз жастарды мамандықтары бойынша жастар практикасынан өткізуге 100 азаматқа республикалық бюджеттен 34 млн. теңге және жергілікті бюджеттен 5 млн. теңге, жалпы 39 млн. теңге бөлініп, жұмыс берушілерден келіп түскен өтінімдерге сай 107 мемлекеттік мекеме, ұйым, кәсіпорындарға 231 жұмыссыз жастар (2 мүгедек азамат) мамандықтары бойынша жас­тар тәжірибесінен өтуге жолданды.
2017 жылы 575 жұмыссыздарды уақытша жұмыспен қамтамасыз ету үшін ақылы қоғамдық жұмыстарға жолдау жоспарланып, аудандық бюджеттен 35 млн. теңге қаржы бөлінді. Есепті мерзімде 684 азамат (23 азамат мүгедек) оның ішінде елді мекендегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге көмек көрсетуге 18 ауылдық округке 18 сақшы-сарбаз ақылы қоғамдық жұмыстарға жолданып, қаржы көлемі толық игерілді.
Сонымен қатар, жұмыс күші көп өңірлерден жұмыс күші тапшы облыстарға Бағдарлама шеңберінде өз еркімен қоныс аударуға байланысты 2017 жылы 11 шілдеде Солтүстік Қазақстан облысының өкілдерінің қатысуымен аудандық мәдениет үйінде және 21 шілдеде Қостанай облысының өкілдерінің қатысуымен «Нұр Отан» партиясының мәжіліс залында және 25 тамызда «Арман» мәдениет үйінде Шығыс Қазақстан облысы мен Павлодар облысы өкілдерінің қатысуымен бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері ұйымдастырылды. Нәтижесімен 28 отбасы қоныс аударуға ниет білдіріп, бүгінгі күнге 5 отбасы қоныс аударды. Қоныс аударған 5 отбасының 2-уіне тұрғын үй алуға бір реттік субсидия төленіп, қалған 3 отбасы құжаттарын дайындауда.
Аудан бойынша «Өрлеу» жобасымен әлеуметтік келісім шартқа отырған 103 отбасының 627 мүшесіне 20 млн. теңге шартты ақшалай көмек тағайындалып, төленді. Оның ішінде, жұмысқа жарамды 141 адам, 18 жасқа дейінгі бала - 409, бала күтіміндегілер - 62, студент - 14, зейнеткер - 1. Жұмысқа жарамды адамдардың ішінен 105 адам тұрақты жұмысқа, 22 адам ақылы қоғамдық жұмысқа, 1 адам жастар тәжірибесіне тартылды, кәсіби даярлауға 3 адам жіберілді.
Мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламасы бойынша 115 мүгедекке санаториялық курортқа жолдама берілді, 38 жүріп-тұру құралдары (кресло-арбалар), 22 сурдо-техникалық құралдар (есту аппараты, ұялы телефон, саңыраулар сағаты, бейнекомпьютер), 72 тифло-техникалық құралдар (сағат, тифломагнитола, диктофон, плеер, зағиптар таяғы), 213 протезді-ортопедиялық құралдар (протездер, таяқ, балдақ, жетек арба) таратылды.
Ұлы Отан Соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілгендерге және тыл ардагерлеріне облыстық бюджеттен бір жолғы берілетін материалдық көмекке 607 адамға 41 млн. теңге, аудандық бюджеттен 216 адамға 12 млн. теңге төленді.

Спорт саласы
Шиелі ауданы бойынша дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар үлесі 26,1 пайызды құрады. Аудан бойынша шұғылданушылар саны 21391 адам.
Қазіргі таңда ауданда 35 нұсқаушы 22 елді мекенде және кент орталығында денешынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар санын ұлғайтуда.
Ұлттық және спорт түрлерін насихаттау мақсатында 2017 жылы 180 аудандық, 8 облыстық, 4 республикалық іс-шара өткізілді. Оның ішінде көкпардан,тоғызқұмалақтан облыстық жарыс, қазақ күресінен, бокстан әртүрлі жарыстар, отбасылық жарыстар өткізілді. Қазақтың ұлттық спорт түрінің бірегейі қазақ күресінің мәртебесін арттыру, оны бұқара халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында М.Шоқай және Бала би, Ы.Жақаев атындағы республикалық жарыстар ұйымдастырылып келеді.
Сонымен қатар, Жалағаш ауданында спорттың 15 түрінен өткен ауыл спортшыларының «Алтын күз - 2017» ХХХІ облыстық спартакиадасында ауданымыз жалпы командалық есепте жүлделі бірінші орынды иеленді.
Ауданда мүгедектер спорт түрлері бойынша 4 секция­да 52 спортшы шұғылданады.
Өткен жылы аудан бойынша мүгедек спортшылар арасында 7 іс-шара өткізіліп, оған 84 адам қатысты.
2017 жылы аудан спортшылары облыстық жарыстардан 66 алтын, 43 күміс, 91 қола медаль алса, республикалық жарыстар мен Қазақстан біріншіліктерінде 48 алтын, 47 күміс, 34 қола, Азия біріншілігінен 2 қола, әлем біріншілігінен 1 күміс, 2 қола медаль иеленді. Ұлттық құрама мүшелігіне 4 жерлес спортшымыз енген.
Есепті кезеңде 6 спорт шебері, 1 халықарлық дәрежедегі спорт шебері, 27 спорт шеберіне үміткер, 15 бірінші раязрядты спортшылар дайындалған.

Денсаулық сақтау
Шиелі ауданы бойынша 1 аудандық аурухана, 2 ауылдық аурухана, 1 аудандық емхана, 1 жалпы тәжірибелік бөлім, 19 дәрігерлік амбулатория, 14 медициналық бекет, 3 фельдшерлік-акушерлік бекет қызмет көрсетеді.
Амбулаториялық емханалық мекемелер бойынша 152 дәрігер, 710 орта буынды медицина қызметкер медициналық қызметтің 27 түрі бойынша мамандандырылған көмек көрсетеді.
Бірінші рет тіркелген аурулар көрсеткіші былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1000 адамға шаққанда 568,1-ден 573,6-ға төмендеген.
2017 жылдың 11 айында бірінші рет тіркелген аурулардың ішінде: ас қорыту ағзаларының ауруы 6348-ден 7183-ке, улану және жарақаттану аурулары 1629-дан 1750-ге, қатерлі ісік аурулары 309-дан 620-ға, мұрын аурулары 749-дан 1021-ге, туа біткен ақау 137-ден 314-ке, тері ауруы 2799-дан 2849-ға, сүйек буын аурулары 1192-ден 1516-50-ға, эндокриндік ауруы 1540-тан 1828-ге, көз ауруы 1388-ден 2634-ке, зәр және несеп шығару аурулары 3831-ден 4454-ке артып отыр.
Жұқпалы-паразиттік аурулар 1103-тен 987-ге, жүрек қан тамыр аурулуары 2285-тен 1922-ге, психологиялық бұзылыстар 332-ден 114-ке, нерв жүйесінің аурулары 2542-ден 2143-ке, өкпе және тыныс аурулары 13384-тен 10725-ке кеміген.
Жыл басында диспансерлік есепте барлығы 15764 науқас тұрды, есепті мерзім ішінде 912 ауру жаңадан «Д» есепке алынып, 1329 тұрғын есептен шығарылды, қазіргі есепте 15347 науқас есепте тұр.
Аудан бойынша 2017 жылдың 11 айлық көрсеткіш бойынша 406 адам қайтыс болып, 1543 бала туылды.
Скрининг бағдарламасы бойынша 27480 адамды тексеруден өткізу жоспарланып, түгелдей тексерілуден өткізілді, жоспар 100 пайызға орындалды.
Аудан халқының денсаулығын жақсарту, аурудың алдын алу бағытында 2017 жылы 12 млн. 286 мың теңгеге жаңа туылған балалардың өкпесін қалыпты жұмыс істуін қамтамасыз ету аппараты, 43 млн. 120 мың теңгеге жылжымалы цифрлы рентген аппараты, 14 млн. теңгеге операциялық стол, 4 млн. 849 мың теңгеге қолдың сүйектерін біріктіретін аппарат, 5 млн. 257 мың теңгеге операция кезінде қан кетуді тоқтататын аппарат, 17 млн. 459 мың теңгеге өкпеге жасанды тыныс беретін аппарат, 53 млн. 174 мың теңгеге ас қорыту жолдарын және тік ішекті тексеретін аппарат, 4 млн. 500 мың теңгеге мұрын, құлақ жолдарын тексеретін аппарат, барлығы 154 млн. 645 мың теңгеге медициналық құрал-жабдықтар алынды.
Сонымен қатар, Тартоғай ауылдық округіндегі 2-ші ферма мен Ортақшыл ауылдық округіндегі Қызылқайың елді мекендеріне 16 млн. теңгеге 2 жаңа медициналық бекет сатып алынды.
Құқық қорғау саласы
2017 жылдың 11 айында тіркелген қылмыстар 453-тен 396-ға, яғни, 12,6 пайызға төмендеген. Оның ішінде, бөтен мүлік ұрлығы қылмыстары 236-дан 230-ға - 2,5 пайызға, пәтер ұрлығы 53-тен 39-ға - 26,4 пайызға, қарақшылық 1-ден 0-ге 100,0 пайызға, бұзақылық 49-дан 25-ке - 49,0 пайызға, кісі өлтіру 1-ден 0-ге - 100,0 пайызға, есірткіге байланысты қылмыстар 40-тан 37-ге - 7,5 пайызға төмендесе, мал ұрлығы 62-ден 77-ге - 24,2 пайызға өсім алды.
Есепті мерзімде мас күйінде жасалынған қылмыстар 55-тен 43-ке - 21,8 пайызға, жасы кәмелетке толмағандармен жасалынған қылмыстар 13-тен 5-ке - 61,5 пайызға, қоғамдық орындарда жасалынған қылмыстар 93-тен 81-ге - 12,9 пайызға, көшеде жасалынған қылмыстар 48-ден 47-ге - 2,1 пайызға төмендеді.
2017 жылдың 11 айында аудан көлемінде 44 (2016 жыл 11 айы 30) жол көлік оқиғасы орын алып, жол апаттарынан 55 азамат (2016 жылы 43) әртүрлі дене жарақаттарын алса, 12 азамат (2016 жылы 12) қайтыс болды.
Аудан көлемінде жол көлік оқиғаларының алдын алу, болдырмау мақсатында 2017 жылдың 11 айында «Қауіпсіз жол», «Автобус», «Құқық тәртібі» секілді жедел профилактикалық іс-шаралары республика, облыс және аудан көлемінде 24 мәрте өткізілді.

Ішкі саясат
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назар­баев­тың 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі басым бағыттарын және міндеттерін түсіндіру мақсатында аудан әкімінің 2017 жылғы 13 ақпандағы №1404 өкімімен аудандық ақпараттық топ құрамы жасақталып, елді мекендерге шығу кестесі, іс-шаралар жоспары бекітіліп, Шиелі кенті мен барлық ауылдық округтерде, ұжымдарда түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Жалпы аудан бойынша республикалық, облыстық және аудандық ақпараттық топ өкілдерінің қатысуымен 83 шара ұйымдастырылып, 7260 адам қамтылды. Елбасы Жолдауына байланысты «Өскен өңір», «Шарайна-Сейхун» газетеріне 97 мақала жарияланды.
Аудан көлемінде 14 үкіметтік емес ұйым белсенді жұмыс атқаруда. Бүгінгі күні үкіметтік емес ұйымдармен өзара тығыз жұмыстар жүргізілуде.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде әлеуметтік жобаларды үкіметтік емес ұйымдар арқылы жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 14 млн. теңге қаржы бөлініп, 7 әлеуметтік жоба, атап айтқанда, «Жергілікті ардагерлер кеңестерін дамыту және қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында іс-шаралар ұйымдастыру», «Мүмкіндігі шектеулі азаматтармен жұмыс жасау әлеуметтік қызмет жұмысын ұйымдастыру», «Жергілікті әйелдер кеңестерін дамыту және отбасы мен неке құндылықтарын насихаттау бағытында шараларды ұйымдастыру», «Терроризм мен діни экстремизмнің алдын алуға бағытталған ақпараттық түсіндіру іс шараларын ұйымдастыру», «Жастарға патриоттық тәрбие беру және жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру әлеуметтік қызметін ұйымдастыру», «Шиелі ауданының жұмыссыз жастарының құқықтық сауаттылығын арттыру, жұмыспен қамтылуына және әлеуметтік бағдарлануына ықпал ететін ақпараттық қызметін ұйымдастыру», «Шиелі ауданының өнерлі жастарын қолдау, жастар шығармашылығын және «Жайдарман» сайыстарын дамыту қызметін ұйымдастыру» жобалары жүзеге асырылды.
Есепті кезеңде жастар ресурстық орталығы қызметкерлерімен жастар саясатын дамыту бағытындағы түрлі форматтағы 379 шара ұйымдастырылды, оған 7987 жас қамтылды. «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ Шиелі аудандық бөлімінің қызметкерлерімен бірлесе отырып, «Дәстүрлі емес жат ағымдар: олардың теріс идеологиясы» тақырыбында 90 кездесу, 1 дөңгелек үстел, 4 акция өткізіліп, барлығы 2300-ден астам адам қамтылды.
Жыл басынан бері дін саласындағы мемлекеттік сая­сатты түсіндіру, тұрғындар арасында деструктивті діни ағымдар туралы түсіндіру, тағатты діни сананы қалыптастыру, діни экстремизмнің алдын алу мақсатында 150-ден астам іс-шара ұйымдастырылды.
Қазіргі таңда ауданда саяси ахуал тұрақты.

Қадірлі жерлестер!
Ел болашағы үшін жаны ашитын, ортақ Отанымыз – Қазақстанның болашағы үшін бей-жай қарамайтын әрбір патриот азаматтың көкейіндегі ең басты сауал – ол Қазақ елін қалайда Мәңгілік елге айналдыруы болуы керек деп есептеймін.
Елбасымыз Қазақстанды дамыған отыз мемлекеттің қатарына енгізу және қазақ елін «Мәңгілік Ел» ету идеясын жүзеге асыру мақсатында «Қазақстан 2050» Стратегиясын, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жариялап, бағыт-бағдарымызды айқындап берді.
Біз Алаштың анасы атанған Сыр өңірінің қасиетті киелі Шиелі жерінің азаматтары Қазақ елінің өсіп-өркендеуіне, тәуелсіздігіміздің мәңгілік болып, халқымыздың әлеуетінің артып, тұрмысының жақсаруына біркісідей үлес қосып және қазақстандық армандарымыздың орындалуына аянбай еңбек етуіміз қажет.

Құрметті Шиеліліктер!
2017 жылы атқарылған жұмыстар аз емес, ал, алдағы міндеттер одан да көп, ауданымыздың 90 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өту мақсатында көптеген іс-шаралар өткізу жоспарлануда.
Қазақ халқы қашанда барға шүкір, жоққа сабыр еткен. Болашаққа зор үмітпен қарап, жақсылықтармен және жағымды жаңалықтармен байланыстырған.
«Төртеу түгел болса - төбедегі келеді. Алтау ала болса - ауыздағы кетеді» дейді дана халқымыз. Жаңа 2018 жылы да ауданымыз барлық салаларда жоғары жетістіктерге жететіндігіне, ауданымыздың экономикасын нығайтуда, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуда бірлесе отырып жұмыстар атқарылатындығына сенімдімін. Оған барлық мүмкіндіктер бар.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей аудан халқын осы жұмыстарды бірлесіп атқаруға шақырамын. Тәуелсіз Елімізге, Елбасына әрдайым тірек бола білейік, қадірлі жерлестер!

04 қаңтар 2018 ж. 2 287 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930