ТАБЫСҚА ТОЛЫ ЖЫЛ БОЛДЫ
Биыл шиеліліктер үшін өте табысты жыл болды. «Алтын күз-2018» қорытындысымен ауданымыз облыста бірінші орынға тұрақтады. Әлеуметтік-экономикалық дамудың ауыл шаруашылығы, спорт және мәдениет салалары бойынша Шиелі үздік аудан атанды. Бұл жалпы өңір халқы үшін үлкен жетістік.
Ғасырға жуық тарихында әлеуеті артып, ілкімді істерімен алға қадам басқан маржаны Сырдың Шиелі атанған ауданымызда табысқа кенелткен толымды істер аз емес. Атап айтар болсақ, жыл басынан бері бірнеше әлеуметтік нысан пайдалануға беріліп, кәсіпкерлер саны артып, жұмыссыздық деңгейі төмендеген. Құрылыс саласында да қарқынды жұмыс баршылық. Атырапты дүбірге бөлеп, жуырда ғана тойланған молшылық мерекесінде шиеліліктердің абыройы үстем болды. Ал, облыс орталығында «Алтын күз-2018» қорытындысымен шиелілік өнерпаздардың тартуы облыс жұртшылығын тамсандырды. Нартай Бекежанов атындағы облыстық драма театрда көрсетілген аудан өнерпаздарының «Маржаны Сырдың Шиелі» атты концерттік бағдарламасы көпке көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, ерекше әсер қалдырғанына да куә болдық. Міне, сол концерттік бағдарлама көрерменнің сұрауы бойынша сәрсенбі күні жергілікті тұрғындарға ұсынылды. Мың естігеннен бір көрген артық демекші, Бұдабай Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен Шиелі ауданының 90 жылдық мерейтойына арналған аудан көркемөнерпаздарының «Сұлу Сырдың бойындағы, Иран бағым – Шиелі» атты өнер фестивалін көруге келген халықтың қарасы көп болды.
Фестивальдың ашылу салтанатында танымал ақындар Кенжебай Жүсіп пен Ержан Әмір аудан халқының облыстан үздік болғанын жырға қосса, Шиелі неткен текті мекен деп жырлаған ақындар ауданның жетістігін өлеңмен өрнектеді. Одан соң сахнаның пердесі ашылып, 60 адамнан құралған хор ұжымының өнер өрнегі көрерменді қуаныш құшағына жетелегендей. Осылайша, сән-салтанатымен бастау алған шараны ашып беру үшін аудан әкімінің міндетін атқарушы Т.Жағыпбаров ортаға озды.
– Даласы дархан, қойнауы қазына, тарихы телегей Шиелі жері – сұлу Сырдың Маржаны ретінде көптің көкейінен орын алады. Бүгінде ауданымыз өзінің әлеуметтік-экономикалық және мәдени рухани өміріндегі жетістіктерімен ерекшеленсе, ерен еңбектің арқасында шиеліліктер де аймағымыздың жан-жақты дамуына орасан зор үлес қосып қашанда жаңа бастамалардың жаршысы атанып, тың жобаларды жүзеге асыру арқылы батыл қадам жасап келеді. Биылғы жыл біздің аудан үшін табысты жыл болды. Қазан айында өткен «Алтын күз» ауыл спортшыларының облыстық спартакиадасында спорттың 16 түрінен өткен жарыста біздің спортшыларымыз бірінші орынды жеңіп алды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін межеден асыра жинағаны үшін «Алтын күз-2018» қорытындысымен Шиелінің «Үздік аудан» атануы барша шиеліліктер үшін сүйінші жаңалық. Қол жеткен жетістіктер мен барлық табыс Шиелі халқының ынтымағы мен бірлігінің арқасында. Соның бір дәлелі – еңбек мерекесінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен жерлесіміз «Әшірбеков» шаруа қожалығының төрағасы Бағлан Әшірбековтың марапатталуы. Сонымен қатар, марапат төрінен «Құрмет грамотасымен» «Алтын дән-Шиелі» шаруа қожалығының төрағасы Асқар Бердібаев көрінсе, Нартай Рыспанбетов «Озат картоп өсіруші» номинациясын иеленді, – деген Т.Әлиасқарұлы аудан халқын осынау жетістіктерімен құттықтады. Мұнан әрі ауданның мәдениеті мен өнерінің дамуына үлес қосқан сала қызметкерлері және аудан өнерпаздары марапатталды. Сондай-ақ, шара барысында Шиелі ауданының 90 жылдық мерекелік медалімен мадақталған бірқатар азаматтар марапат төрінен көрінді. Шиеліге арналған әндер жүректерге жол тауып, көрерменнің рухын асқақтата түсті. Осылайша Шиелі аспанын әсем әнімен тербеткен өнерпаздарымыз көрермендерге керемет көңіл сыйлады.
Айнұр НАЗАРОВА,
Б.БӘЙІМБЕТ (фото).