Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада облыстық еңбек форумы өтті

Қызылордада облыстық еңбек форумы өтті


ҚЫЗЫЛОРДа. ҚазАқпарат - Қызылордада «Кәсіптік білім беру және бизнес: әріптестер сұхбаты» атты облыстық еңбек форумы өтті. Шараға қатысушылар өңірге қажетті мамандарды даярлау бойынша ұсыныстарымен бөлісіп, тәжірибе алмасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Бұл шара Қызылордада еңбек нарығына жоғары білікті мамандар даярлауда ақпараттық технологияларды қолдану мен дамытуға арналған. «Сарапшылардың бағалауы бойынша Батыс Еуропа мемлекеттерінде жалпы ішкі өнімді қалыптастыруда адами капиталдың үлесі - 30, АҚШ-та - 40, ал, ТМД елдерінде бар болғаны 10-15%-ды құрайды. Сондықтан экономикалық өсім мен барлық игіліктердің негізгі драйвері адам, оның білімі мен дағдысы болуы қажет. Адам жетекші күшке айналуы керек - оның білімі, шеберлігі, тәжірибесі көп жағдайда табысты істің кепілі болып табылады. Нәтижесінде жоғары сапа мен экономикалық өсу қамтамасыз етіледі»,-деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев. Бұл ретте, адами капитал, ең алдымен, білім беру саласы арқылы қалыптасатын болғандықтан, бұл сала шығынға негізделген салалар сияқты болмауы керек. Керісінше, жаңа экономикалық жағдайда экономикалық өсімнің мүмкіндігін анықтайтын инвестициялық сала ретінде қарастырылуы қажет. «Сондықтан да, 2014 жылдан бастап аймағымыздағы мектеп бітірген түлектерді Мәскеу мен Санкт - Петербургтің ең мықты техникалық жоғары оқу орындарына жіберіп жатырмыз. Ресей Федерациясы Үкіметінің гранты негізінде оқып жатқан 452 білім алушылардың Мәскеудің болат және қорытпа институты мен Санкт - Петербургтің мемлекеттік өсімдік полимері технологиялық университетін биыл бітірген алғашқы 32 студенті оқуын аяқтап, елге оралса, 42 түлек магистратурада білімдерін жалғастыруда. Ресей жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыс нәтижесінде биылғы оқу жылы тағы да 58 бала оқуға түсті»,-деп атап өтті облыс әкімі. Білім беру саласының сапасындағы тағы бір маңызды көрсеткіші - болашақ мамандардың сұранысқа ие болуы, олардың таңдаған қызмет саласында жұмыс істеуге деген ниеті. Осы мәселелерді шешу мақсатында облыс экономикасына қажетті кадрлардың ұзақ мерзімдік болжамын анықтай отырып, 2015 жылы аймақтық еңбек ресурстары балансы дайындалды. Бұл, өз кезегінде аймаққа қажетті мамандарды дайындауға мемлекеттік тапсырысты анықтауға ықпал етері анық. Бітірушілердің жұмысқа орналасуына қиындық тудырмау үшін осы еңбек ресурсы балансы мектептегі кәсіби бағдарлы даярлықтың негізі болуы тиіс. Форумға қатысушылар облыста бейінді оқытуды ұйымдастыру бойынша өз ұсыныстарымен бөлісті, дарынды жастардың өндіріске енгізілетін шығармашылық жобаларымен танысты. 
04 қараша 2018 ж. 1 056 0