Қызылордада Жолдау аясындағы мәселелер талқыланды Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында Елбасы Жолдауы аясындағы мәселелер талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімі баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Қазақстан халқына Жолдауының негізгі міндеттерін жүзеге асыру жайында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев облыс активінің жиынында кеңінен тоқталып өтті. Іс-шараға онлайн режимінде облыс аудандарының активтері қатысты. Жиында әр саланың өкілдері жолдауға қатысты ой-пікірін білдірді. Олардың қатарында «Сыр маржаны» ЖШС бас директоры Мінажадин Утеев, өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Асқар Махамбетов, облыстық медицина орталығының директоры, облыстық мәслихат депутаты Нұридин Амитов, М.Мәметова атындағы жоғары педагогикалық колледж директоры Бақытжан Сайлыбаев және Санкт-Петербург университетінің түлегі, «СКЗ-U» зауытының инженер-технологы Жазира Смайылова ой-пікірлерін білдірді. Аймақ басшысы тәуелсіздік жылдары көп жұмыс атқарылып, жаңа мемлекет құру бағытында бейбітшілік пен қоғамдық келісімді қамтамасыз ету мүмкіндігі жасалғанына тоқталды. Қазақстанның халықаралық беделі артып, оның геосаяси рөлінің күшеюіне қол жетті. «Бүгінгі актив жиыны Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауына және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы бойынша алдағы міндеттерді айқындауға арналады. Жаһандану заманында әрбір ұлттың өзін-өзі тануға ұмтылуы - заңдылық. Осы ретте Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы Рухани сілкініске жол көрсетуші бағдар ретінде жаппай қолдауға ие болды. Ол қоғамдағы жаңғыру үдерістеріне зор серпін берді. Сондықтан бұл бастаманы әрі қарай жалғастыра отырып, оның аясын жаңа мазмұнмен және тың бағыттармен толықтыра беретін боламыз», - деді облыс әкімі. Аймақ басшысы Жолдаудағы адами капиталды дамыту жөніндегі пікірді ерекше атап өтті. «Заманауи қоғамда әлеуметтік-экономикалық дамудың сандық емес, сапалық сипаттамалары бірінші орынға қойылады. Қазіргі таңда экономикалық өсімнің және бар құндылықтың негізгі қозғаушы күші - адам, оның білімі мен дағдысы болуы керек. Оның өнімді еңбек әрекеттері біліміне, дағдысына, тәжірибесіне байланысты болады. Осылайша экономикалық өсімнің де жоғары сапасы қамтамасыз етіледі», - деді Қырымбек Елеуұлы. Мемлекет басшысы бизнесті өркендетудің маңыздылығын тағы да атап өтіп, қазақстандықтардың басым бөлігін табыспен қамтамасыз етуде оның тиімділігінің зор екенін айтқанын жеткізген облыс әкімі биыл Сыр өңірінде «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жарияланғанын атап өтті. Бұл бағытта атқарылған жұмыстар оң нәтижесін берді. Соған орай, 2018-2020 жылдарды облыста жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үш жылдығы деп қайта жарияланды. Қызылорда облысы жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес нысандарының саны бойынша жыл басынан бері өңірлер арасында көш бастап тұр. Үстіміздегі жылдың 9 айының қорытындысымен кәсіпкерлік саласында 101 жобаға несие бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау мақұлданды. Сондай-ақ, шағын және орта бизнес несиесі бойынша 52 жобаға кепілдік ұсынылды, гранттық қаржыландыруға 200 млн. теңге бөлініп, облыстың 224 кәсіпкерінің жобасы қолдау тапты. Бұдан басқа, өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 2018 жылы республикалық бюджеттен микрокредиттер беру үшін 3489 млн теңге және облыстық бюджеттен микрокредиттерді ұлғайту үшін 1 млрд теңге бөлінді. Аймақ басшысы өңірдің басқа да жетістіктерін, әрі қарай шешілуі тиіс мәселелерін атап өтіп, жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар жүктеді. Қорытындылай келе, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев әріптестерін Елбасының алға қойған міндеттерін жүзеге асыруға шақырды.