Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СОТ ЖҮЙЕСІ ЖАҢҒЫРАДЫ

СОТ ЖҮЙЕСІ ЖАҢҒЫРАДЫ


Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасының артуы» атты кезекті Жолдауында сот жүйесін одан әрі жаңғырту керектігі айтылды. Жыл басынан бері сот жүйесінде атқарылған жұмыстар барысын баяндаған аудандық соттың төрағасы Марат Күздеубаев 9 айда 89 қылмыстық іс түскенін жеткізді брифинг барысында.
Сонымен қатар, баспасөз өкілдерімен бас қосқан брифингте бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 20 іске азайғаны айтылды. Ал, медиация заңы қолданылып, екі тарапты татуластыру мақсатында 27 іс шешімін тапқан. Яғни, екі жақтың мәмілеге келтіре отырып, істің сотқа дейін өрбімеуін қарастырған. Ал, бүгінде қоғамның айықпас дертіне айналған сыбайлас жемқорлықтың көрініс беруі тағы да байқалған. Бұл мәселе төңірегінде 2 іс түсіп, 2 адам­­ның қылмысы сотта қаралып, айыппұл жазасы тағайындалған. «2018 жылдың 9 айында айыптау үкімі шықан 70 адамға қатысты қылмыстық іс бойынша 11 адамға айыппұл, 10 адамды қоғамдық жұмысқа тарту, 25 адамды бас бостандығынан шектеу, 15 адамды бас бостандығынан айыру және 9 адамға шартты түрде соттау жазасы қаралды» – деді сот төрағасы.
Қылмыстың өтеуі жаза деп, әділ үкім шығару, қаншама тағдырларға төрелік ету судьялар үшін де оңай емес. Он рет өлшеп, бір рет кесетін сот ісіне деген халықтың сенімін арттыру да олардың басты мақсаты. Жыл басынан бері ауыр санаттағы 16, ауырлығы орташа 35, онша ауыр емес 22, теріс қылықты 18 қылмыстық іс аяқталып, тиісті шаралар көрінді. Мемлекет басшысы Жолдау барысында сот жұмысының заманауи форматтарын және озық электронды сервистер енгізуді жалғастыру керектігін жеткізген болатын. Бүгінде «Сот кабинеті» сервисі арқылы түрлі арыздар қабылданып, 500 ге жуық азаматтық іс АВФ бейне жазбасымен қаралған. Осылайша, келешекте барлық сала сандық жүйені жетік меңгеріп, бұқара үшін қолжетімді, артық шығынсыз болады деп күтілуде.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
03 қараша 2018 ж. 1 041 0