«Нұр отан»: жоспары нақты, белсенділігі артты
Сәрсенбі күні «Арман» мәдениет үйінде «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының XХІV есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Онда партия филиалының екі жылда атқарған жұмысы талқыланып, белсенділікті арттыру міндеттері алға қойылды. Конференцияны аудандық партия филиалының төрағасы, аудан әкімі Әшім Оразбекұлы жүргізді.
Шараға саяси кеңес мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері, партия ардагерлері мен белсенділері, аудандық мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері, үкіметтік емес ұйымдары мен «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері қатысты.
Жиында үш мәселе ұсынылып, талқыланды. Бірінші мәселе бойынша, «Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық филиалы Саяси кеңесінің 2017-2018 жылдарында атқарылған жұмыстары туралы, аудандық партия филиалының төрағасы, аудан әкімі Әшім Оразбекұлы есеп берді.
– Партияның 15 съезінде қабылданған «Қазақстан-2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты партияның сайлауалды тұғырнамасында берілген тапсырмаларын 2016 жылдан бері қарай орындап келеді. Осының нәтижесінде ұлтаралық татулық пен саяси тұрақтылықты нығайтуда жетекші партияның үлесі орасан. Қазіргі Қазақстан экономикасының даму деңгейі әлеуметтік мәселелерінің оң шешіміне үлкен серпін беріп отыр. Кәсіпкерлік саласы дамып, жұмыс орындары ашылып, аудан экономикасы жандануда. Сегіз айдың қорытындысында Шиеліде 13 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, жақсы нәтижеге қол жеткізіп, ауқымды жұмыстар көрініс табуда, – деді аудан басшысы.
Одан кейін, Нұр Отан» партиясы Жарғысының 9.6 тармағына сәйкес Шиелі аудандық филиалы Саяси кеңесінің өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты жаңа құрамы сайланып, кандидаттар тізімі таныстырылды. Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша, «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалының кезекті XХIІ-ші есеп беру – сайлауконференциясына сайланған 19 делегаттың тізімі оқылды.
Осынау шара барысында, Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын насихаттау, жүзеге асырудың негізгі мәселелері жайлы айтылды. Айтылған ұсыныс-пікірлер ортақ оймен қорытындыланып, оны халыққа жеткізу сөз болды.
Сөйтіп, күн тәртібіндегі мәселелер толық қаралып, тиісті қаулылар қабылданды.
Жұлдызай Ноғайбайқызы.