Жиырма тоғыз күннің сыйы
Алтын күз. Мереке. Марапаттар. «Озат бақша өсіруші» номинациясымен гектарына 270 центнерден өнім алғаны үшін Төлеш Нәлібаев марапатталады. Дәл осылайша хабарланып, елдің, жұрттың алдында еткен еңбегі үшін сый-сияпат жасалды.
Иә, бірер күн бұрын ғана Шиелі топырағын думанға бөлеп, берекелі сәттің мерекесі өз деңгейінде тойланып, жазымен егіс басында еңбектен белі бүгіліп жүрген жандар еңсе тіктеп, молшылық тойын тойлады. Әңгімені осылайша бастауымыздың да себебі бар. Нақ осы салтанатты жиында еңбек еленіп, төрге озған озаттардың қатарында ұзақ жылдар бойы өзінің ақ адал еңбегімен табысын еселеп, отбасының ғана емес, ауданның экономикалық көрсеткішіне де үлес қосып, өскелең ұрпаққа үлгі боп отырған ауыл азаматтарының бірі – Төлеш Нәлібаев та бар еді.
Ала жаздайғы аптап ыстық аз-ақ күнде шегініп, қазанның кешкі салқыны мезгіл өзгеретіндігін сездіре бастады. Сонымен, күз де келді. Бұл енді «балапанды санайтын уақыт». Иә, адамды адам еткен еңбек! Ол – дәуірлер бойы дәлелденіп келе жатқан дүние. Ердің елге танылуы да сол еңбектің арқасы. Оның айғағы – қазіргі қоғамда өзіндік орны бар шаруақор жандар. Кейіпкеріміз Байсын ауылының тұрғыны Төлеш Нәлібаев ауыл шетінде гектарлап бақша өнімдерін өсіріп, ердің атын еңбек шығаратынын паш етіп келеді.
Енді ше, ол қоңыртөбел тіршілігімен тиыннан теңге құрап, бүгінде еңбектің салтанат құрарын қос қолымен, маңдай терімен әйгіледі. Біз тақырыпқа арқау етіп отырған жан ел билеген әкім де, биліктің тұтқасын ұстаған үлкен басшы да, том-том кітап жазған ғалым да емес. Бірақ ,оның жасап жүрген еңбегі жоғарыда аталған қызметтердің бірінен де кем түспейді. Ол – қарапайым еңбек адамы. Жұмыс күнін қолына бір уыс топырақ алып, қасиетті жермен сырласудан бастайды. Жастайынан шаруамен ширап, табиғаттың бауырын иітіп, барын алып отырған диқан Төлеш Нәлібаев сонау ел тәуелсіздігін алып, шаруалардың шатқаяқтаған тұсында қолына кетпен ұстайды. Алайда, сол кездері жаппай егін салып, күзге қарай қамба толтыруды ауылдың айнымас дәстүрі санайтын жандар басқа тірлікке қарай ауыса бастады. Осылайша, алқаптың айналасында алтын дәннің қадірін білетін нағыз жер емген диқандар ғана қалды десек болғандай. Дұрысы да сол болса керек.
Алғаш картоп егуді қолға алған оған тірліктің көзін табуды алмағайып уақыттың өзі үйретті. Көзін тапсаң, қасиетті жердің бермейтіні жоқ екені аян. Ол жұмыс жасағанда ешкімнен қалыспайды, топырақты аялап, өңдейді және алар өнімі де жақсы. Әрине, бұл тұста әкесі Таңсықбайдың да мектебінен алған тәжірибесін атамай өтсек болмас. Биыл да үш гектар жердің бір гектардан аса аумағына қызанақ, бір гектарына қырыққабат, жарты гектар жеріне қарбыз бен картоп еккен. Көрсеткіші жоғарыдағыдай. Жер-Ана күтіп баптасаң ғана бойынан нәрін береді, идіре алсаң барын береді. «Озат бақташы» осынау жерден тапқан нәсібімен екі баласына жоғары білім әперіп, қорасына мал алып, жаңа қонысқа кіріп, өнімдерін тасымалдау үшін «Газель» автокөлігін алды. «Еңбек етсең – емерсің» деген осы болса керек.
– Бұл кәсіппен ұзақ жылдардан бері айналысып келемін. Түптің түбінде бейнетті еңбектің зейнеті болары сөзсіз. «Талпынған адамға Алла өзі береді» – дегенді әкем марқұм жиі айтып отыратын еді. Дегенмен де, бақша егудің басқа салаға қарағанда ауыртпалығы мол. Өзіміз жастайымыздан ата-анамыздың еңбекпен тапқан нанын жеп өскен қарапайым ауыл баласымыз. Ата-анамыз кішкентайымызда обал, сауапты құлағымызға құйып, ненің адал, ненің арам екенін айтып отыратын. «Қандай жұмыста да оңай олжа жоқ, майлы шелпек еңбексіз бұйырмайды. Диқан айдың отыз күнінің тек бір күнінде ғана демалып, қалған жиырма тоғыз күнінде егіс басында болуы керек» дейтін. Ала жаздай атыз аралап, кетпен арқалап тапқан нәпақа – адал еңбекпен ғана ауызға түсетін ырзық. Әйелім екеуіміз екі ұл тәрбиелеп, өсірдік, – деді әңгіме арасында диқан. Ал, қырыққабатты екінің бірі еге бермейтіні белгілі. Осы төңіректегі сұрағымызға қырыққабатты уақытымен дәрілеп үлгермесе құрт жеп қоятындығын алға тартып, «Алдымен оны көшетке отырғызады. Содан кейін ғана сәуір айында жерге отырғызамыз. Сосын өзгенің әңгелегі піскенде мен де қырыққабатымды саудаға шығара беремін. Негізінен қырыққабаттың күтімі қызанаққа қарағанда аздау. Құртқа қарсы дәрісін уақытылы беріп, суарсаң жеткілікті» – деп қысқа ғана баяндап шықты.
Адам баласы өзінің бүкіл ғұмырында, ұрпағына өшпестей өнегелі ісімен қадірлі болатыны белгілі. Айтқан сөзімен ғана емес, істеген ісімен де көптің алғысына бөленіп жүрген жақсы адамдар жанымызда жүргенін кейде көпшілігіміз байқай бермейміз. Адал еңбегімен күйкі тірлікті бағындыра білген Төлеш аға тәжірибесін басқаларға үлгі етіп, айтудан жалыққан емес. Соның нәтижесінде, ауылдас інілерінің ішінде диқандыққа бет бұрып, отбасылық кәсіпке айналдырғандары да баршылық екен. Жастайынан білек сыбанып, тынымсыз тер төгудің арқасында еңбегі жанған адамның еңсесі биік болары даусыз. Төлеш ағаның да жүзіндегі өмір салған сан иірімдері қаншама қиындықтарды артқа қалдырып, өмірдің түрлі белестерін ақылды ісімен де, білектің күшімен де бағындыра білген ізгі ниетті еңбекқор жан екендігін аңғартқандай. Осы сөзіне қарап ісін таразылаған біздер Т.Нәлібаевтың тер төгіп жеткен өз биігінде қала беретінін ұғынғандаймыз.
– Қазан жеткенде қамбамызды еңсеріп алдық. Жаман емес. Балам Медет екеуміз осы бақшамен айналысу арқылы айына екі жүз мың теңге табыс табамыз. Өнімімізді Медет «Газельмен» Астанаға, Шымкентке, Қарағандыға тасиды. Кейде қызанақты егіс басынан көтерме бағамен алып кетеді, – дейді озат бақша өсіруші. Біздің мерекеден соңғы қысқаша тілдесуіміз осылайша түйінделді.
Ендеше, жоғарыдағы марапатты егіс басындағы жиырма тоғыз күнгі ала жаздың аптабы сыйлаған сияпат деп топшыладық біздер. Олай болса, аспанның қабағын аңдып, күз келсе күйбеңі бітпейтін, қолынан кетпені түспейтін диқандарымызға Жер-Ана бейнеттеріңізге нәсібін төгуден тарылмасын дейміз.
Дина ЖҮСІПОВА.