Торқалы тойға лайықты тарту
Қазақта қос тойың қабат келсін деген тәмсіл бар. Бұлай деуімізге себеп биыл ауданымыздың торқалы 90 жылдық мерейтойы. Сонау 1928 жылы іргесі қаланып, жеке отау құрған аудан өз тарихында еңбек пен ерліктің, ынтымақ пен бірліктің ұлы куәсіндей талай жеңістерге қол жеткізді. Осындай айтулы күндерді тойлағалы жатқан ауданымызға «Алтын күз – 2018» ауыл спортшыларының облыстық 32 спартакиадасын өткізу бақыты бұйырған екен. Бұл спартакиада ауданымыздың 90 жылдық мерекесіне үлкен тарту болды. Елбасы Жолдауларында халық денсаулығын жақсарту туралы берген тапсырмаларын орындау нәтижесінде елімізде дене шынықтыру мен спорт саласы жақсы дамып келеді. Оған дәлел – олимпиада ойындарына әлемдік жарыстарға Қазақстан спортшыларының қатысып жеңіске жетуі, жүлделі орындар алуы.
Спорт және дене шынықтыру – мемлекетіміздегі мәні зор әлеуметтік сала. Сондықтан да Елбасы Н.Назарбаев дені сау, ойы сергек ұлт қана әлемдік бәсекеге қабілетті болатынын жан-тәнімен сезінгендіктен бұл салаға жете мән беріп келеді.
«Алтын күз – 2018» ауыл спортшыларының облыстық 32 спартакиадасының ашылу салтанатына облыстық спорт басқармасының басшысы О.Акимов, «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары Е.Байтілес арнайы келіп қатысты. Салтанатты шараның ашылу салтанатында аудан әкімі Ә.Оразбекұлы сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Спартакиада спорттың 17 түрінен өткізіледі. Бұл жарысқа жалпы 1100 спортшы қатысып жатыр.
Айнұр НАЗАРОВА