Ұлан – табыс пен еңбектің ұясы
Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданы әкімінің аппарат басшысы Алмат Акышов бастаған бір топ сала мамандары өткен аптаның аяғында өңірімізге табан тіреді. Шығыстан ат арытып келген азаматтардың айтарын білмекке біз де бардық. Нартай Бекежанов атындағы ауылдық мәдениет үйінде аудан әкімінің орынбасары Болат Ысмағұловтың төрағалық етуімен, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының III бағыты аясында ерікті түрде қоныстандыруға байланысты жәрмеңке өтті.
Жоғарыда аталған бағдарлама төңірегінде әңгіме өрбіткен жұмыс ұсынушылар делегациясының өкілі Алмат Талғатұлы өңірде төрт түлікке, егін шаруашылығына бас-көз болатын мамандар тапшы екенін алға тартты. Бір сөзбен айтқанда мемлекет қолдауының арқасында елге ел қосылып, оңтүстік жұрты шығыс өңірлердің жұмыс күшін толықтырды. Ауылдардан барып жатқан ағайындар ауыл шаруашылығымен араласып, мал бақты. Тіпті, Ұлан ауданын көріп, танысып көрем десеңіздер, бару келу жол ақысын көтеруге де ниетті екенін жәрмеңкеге келген ағайынға хабардар етіп қойды.
Атап айтсақ, бағдарламаға қатысушыларды мемлекет тарапынан тұрғын үйді жалға алу, коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шығыстарын өтеуге субсидия беру мәселелері бір жүйеге түскен. Сондай-ақ, қоныс аударатын әр жанға субсидия мен ай сайын 84175 теңге яғни, отыз бес еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жәрдемақы беріледі, - деп біздегі «екі қолға бір күрек» іздеушілердің қызығушылығын одан әрі арттырып қойды. Сонымен қатар, тұрғын үйді жалға алуға ақы төлеу шығыстары қалалық жерге қоныс аударған бір ғана адам үшін жиырма еселенген 48100, отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болған кезде жиырма бес еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 60125 теңге және отбасы мүшелерінің саны бесеу не одан да көп болған кезде отыз еселенген яғни, 72 150 теңге он екі ай ішінде ай сайын субсидия төленіп отыратындығын да білдік. «Қандай бос жұмыс орындары бар екен?» деп қызығушылық танытқандарға тек «маңдайым терлеп, еңбек етем деген оң ниет қана керектігін түсіндік. Өйткені, кез-келген сала қызметкерлері, дәрігерлер, мұғалімдер, ветеринарлар, механизаторлар, инженерлер, агрономдар, жүргізушілер, малшылар, т.б мамандардың еңбек күшін қажет ететін мекемелер мен шаруашылықтардың көп екендігін де айта кетуді жөн санадық.
Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының жұмыспен қамту орталығының директоры Азамат Жақсылықұлы өз кезегінде ұсынылған мәліметтер бойынша аталған ауданда 121 бос жұмыс орындары бар екендігін айтып өтті. Барғыңыз келе ме? Барлық жағдай жасалған. Нақты айтсақ, мемлекет бір жыл бойы сіздің пәтер ақыңызды төлеп береді немесе жеке үй аламын десеңіз сол бір жылғы пәтерге төленетін ақыны қолыңызға ұстатады.
Жиын шеңберінде өкілдер өз өңірі жайлы мол мағлұмат берді. Иә, Шығыс Қазақстан облысы табиғатының алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Осы облыстың солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан Ұлан ауданы Қалба тауының тау бөктерімен сипатталады. Мұнда орманға бай болғандықтан экологиялық мәселелер де туындамайтыны белгілі.
Сонымен қатар, теріскейге көшкен жерлестеріміз білім беру, ауыл шаруашылығы және медицина салаларында еңбек етіп, табыс көздерін еселей түсіпті. Бір айта кетерлігі, оңтүстіктен солтүстікке қоныстанған отбасының көбі көкөніс, жеміс-жидек егіп, жергілікті тұрғындарға диқандықтың қыр-сырын да үйретіп жүр. Бағдарлама жүзеге асырылған 2014-2015 жылдары «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында Шығыс Қазақстан облысы, Риддер қаласына 3 отбасы (мүшелері 16 адам) қоныс аударып, еңбекке жарамды 5 азамат жұмыспен қамтылып, тұрғын үй берілді. Сонымен қатар, өткен жылы Шиелі ауданы, Иіркөл ауылдық округі, Жансейіт елді мекенінде тұрып жатқан Нұрымбетов Нұрбол отбасымен Қостанай облысы, Әулиекөл ауданының 1 май ауылдық округіне қоныс аударып, жолдасы Бахытқызы Айнұр сол ауылдық округтегі «Фелдьшерлік акушерлік пунктке» медбике болып орналасса, Нұрымбетов Нұрбол және інісі Құрманғалиев Бақтыбай «Әулие би» ЖШС слесарь болып жұмысқа орналасқан. Осы ЖШС теңгеріміндегі 6 бөлмелі тұрғын үй берілді.
Ағымдағы жылы Алғабас ауылының тұрғыны Сүлейменов Мейіржан отбасымен Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласының Мұздыбай елді мекеніне ерікті түрде қоныс аударып «Мұздыбай-1» шаруа қожалығына механизатор болып жұмысқа орналасқан. Осы шаруа қожалық теңгеріміндегі жаңадан соғылған 4 бөлмелі үй жалға беріліп отыр.
Сонымен қатар, Шиелі кентінің тұрғыны Әлімбетова Күлаш отбасымен Қостанай облысы Қарабалық ауданының Славян ауылдық округіне қоныс аударып, ауыл мектебіне химия-биология пәні мұғалімі болып жұмысқа орналастырылып, мемлекеттен берілетін субсидияға жеке меншігіне тұрғын үй сатып алу жолын қарастыруда. Демек, Шиеліден барып шеттеп қалам деген ой болмауы тиіс.
Шара соңында қоныс аударуға ниеті барлар Ұлан ауданынан келген өкілдерге сауал қойып, пікір алмасты. Жәрмеңкеге 120 аудан тұрғыны қатысып, оның ішінде Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданына 17 азамат қоныс аударуға ниеттерін білдірді. Еңбек етем деген адамға бұл бағдарламаның жақсы мүмкіндік екенін алға тартқымыз келіп отыр. Мүмкін «жасайын десе жұмыс жоқ» деп тірлігінің түйінін тарқата алмай, отбасының оябын таба алмай, қайдан не тапсам деп сабылып жүрген тепсе темір үзетін азаматтардың тәуекел қайығы түзу жүзсе, ризығы мол Ұлан ауданынан табылар. Табиғаты таза, мүмкіндігі мол, жағдай жасалып, бос жұмыс орындары шақырып отырған жерге неге асықпасқа?!
Жұлдызай Ноғайбайқызы,
суреттер Бақытжан Бәйімбеттікі.