Миллион кімге бұйырады?
Сыр елі ағымдағы жылды «жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жариялап, үлкен жобаларды қаржыландыруға кірісті. Облыс көлемінде орасан зор істің оңтайлы шешімі табылып, кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейе түсуде. Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов: «Өткен айда кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне қатысты аудандарды аралау сапарымызды бітірдік. Бұл шараның өзге сапарлардан ерекше айырмашылығы бар», – деді.
Аудандардағы айшықты істерді аралап, кәсіпкерлікке қолдау таныту мақсатында шыққан сапар барысын «Біріншіден, бұл сапарда облыс әкімінің өзі бас болып, барлық ауданда саланы дамытуға қатысты арнайы мәжіліс өткізді. Жауапты мамандардың есептерін тыңдап, аудан, ауыл әкімдерінен бұл бағыттағы жұмыстардың кемшін тұстарының себеп-салдарын сұрап, жұмысты қатаң талап етті. Екіншіден, аймақ басшысы қатысқан аталмыш мәжілістерде Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиал директорлары қысқаша хабарлама жасап, ауданда палатамен атқарылып жатқан жұмыстарға есеп берді», – деп түсіндірді Ғ.Жақсылықов.
Ауыл, аудан, аймақты қамтыған сапардың мақсаты кәсіпкерлік қанатын кеңге жайып, дамыған 30 елдер қатарына ену. Елордаға қарап бой түзеген Сыр шаһарында аталмыш саланың серпілісі сезіледі. Осы ретте, облыс басшысы әкімдікке қарасты барлық лауазымды тұлғаларды (облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары) ауданға, тіпті ауылға жауапты ретінде бекітіп, тоқсан сайын кеңейтілген жиында сол ауылда, ауданда кәсіпкерліктің даму көрсеткіші, ұсынылған, қаржыландырылған жобалар, тіпті жауапты лауазымды тұлғаның саланы дамыту үшін нақты қабылдаған шаралары туралы есеп алып отыр. Ал, бекітілген мемлекеттік қызметкерлер ауданды, ауылды аралап, әкімдерімен байланысып, жобаларды қорғауға қатысып, белсенділік танытуда.
Жиын барысында Кәсіпкерлер палатасының директоры кәсіпкерлікті дамытуға қатысты белсенді жұмыс жасап отырған мемлекеттік қызметкерлерге де тоқталып өтті.Қазалы, Жалағаш ауданындағы мемлекеттік қызметкерлермен қатар, Шиелі ауданы Гигант ауылына жауапты облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы басшысының орынбасары Т.Ысмағұлов, Шиелі ауданы Ортақшыл ауылына жауапты облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Ә.Жакыпбаеваның жауапкершілігін атап көрсетті.
Жыл басынан атқарылған толайым істердің табысты аяқталуы үшін Кәсіпкерлік палатасының директоры жағымды жаңалығымен бөлісті. Нақтырақ айтар болсақ, облыс әкімі Қ.Көшербаев облысымыздың әр ауданы және Қызылорда қаласы бойынша үздік кәсіпкерлерді, облыс бойынша бір үздік ауыл әкімін және бір жауапты бекітілген тұлғаны, сондай-ақ Палатаның аудандағы 1 филиалын 1 млн. теңгеден қаржылай сыйақымен марапаттау туралы шешім қабылдады. Кәсіпті нәсіп еткендер саны артып, ел экономикасына елеулі үлес қосқан қызметкерлердің еселі еңбегі жыл соңында бағаланатын болады. Әзірге 6 айды қорытындылап, екінші жартыжылдыққа қадам бастық. Миллион кімге бұйырады, ол уақыттың еншісінде...
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.