Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАУАПТЫ МАУСЫМНЫҢ ЖҮГІ АУЫР

ЖАУАПТЫ МАУСЫМНЫҢ ЖҮГІ АУЫР

Жылу беру маусымының басталуына да аз уақыт қалды. Әзір күн райы қарасып-ақ тұр. Дегенмен ауа температурасы күрт төмендесе және бес күнге созылса, онда жергілікті әкімдік жылуды ерте қосу туралы шешім шығарады. Қазір коммуналдық инфрақұрылымның тұрақтылығын қамтамасыз ету, жылу желілерін жаңғырту және инженерлік жүйелердің техникалық жағдайын жақсартуда бірқатар ауқымды жұмыс атқарылуда.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бас­қар­масының мәліметінше, дайындық жұмыстарына 5,5 млрд теңге қаржы бөлінген. Оның 3,6 млрд теңгесі рес­публикалық бюджеттен, 1,5 млрд теңгесі облыстық бюджеттен қарастырылса, 350 млн теңге «Қызылорда жылу-электр орталығы» кәсіпорнының қар­жы­сы есебінен. Қаражаттың негізгі бөлігі жылу желілерін жаңғыртуға жұм­­­салуда. Мәселен, өткен жылы құ­­рылысы басталған алты жоба бо­йын­ша жылу желілерін жаңғырту жұ­мыс­тарын аяқтауға 3,6 млрд теңге бө­лінген. Сонымен қатар №1 және №2 газ­турбиналық қондырғыларды күрделі жөндеу, 0,7 шақырым жылу желісін, бір қазандықты, бір турбинаны және 10 автономдық қазандықты жөндеуге 1,5 млрд теңге қарастырылған.
Қазір №6 және №9 БКЗ-220-100 қазандық агрегаттарына, №3 турбинаға, №8, №9 және №17 автономды блок-модульдік қазандықтарға күрделі жөн­деу жүргізілуде. Сондай-ақ Оңтүстік жылу орталығындағы КЕ маркалы №1, №2, №3 және №4 қазандықтарға ағым­дағы жөндеу жасалуда.
Әлеуметтік нысандардың әзірлігіне де ерекше мән берілген. Облыста 1079 әлеуметтік нысан бар, 544 білім беру, 247 денсаулық сақтау, 288 мәдениет және спорт нысаны қамтылған. Қазір жөндеу жұмыстары толық аяқталған.
«Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» балансында әртүрлі кер­неудегі 10608 шақырым электр желісі және 2058 қосалқы станция бар. Олардың жалпы тозу деңгейі 60 пайыз. Инвестициялық бағдарлама ая­сында электр қондырғылары мен желі­лерінің тозу деңгейін 59,5 пайызға дейін төмендету жоспарланған. Жұ­мыс кезең-кезеңімен атқарылуда. Жаңа­қорған, Шиелі, Тереңөзек, Жа­лағаш және Қармақшы аудандық электр тораптарындағы жоспарлы жұ­мыс толық аяқталды. Қазір Қазалы ау­даны мен Қызылорда қаласының аумағын­дағы қосалқы станцияларда жалғасуда.
Қалада 204 шақырым жылу желісі болса, оның 40 пайызы тозып тұр. Жылу желілерін гидравликалық сынақтан өткізу барысында 42 ақау анықталған. Олардың барлығы толық жойылды. Жылу желілерінің тозу деңгейін 39,8 пайызға дейін төмендету көзделген.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»
17 қыркүйек 2026 ж. 31 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№70 (9437)

15 қыркүйек 2026 ж.

№69 (9436).

12 қыркүйек 2026 ж.

№68 (9435)

08 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930