Ширататын шаруа көп
Күрең күз де кіріп келе жатыр. Аптап ыстықтың аптығы сәл басылғандай. Жазында қапырық ауамен, қытымыр қысында ызғармен арпалысатын Сыр өңірі үшін жылу маусымына дайындық аса маңызды. Суық пен салқын қос бүйірден қысқан кезде жылу құбырлары мен қазандықтар иіре соққан дауылға қамал қақпасындай төтеп беруі қажет. Ол жұмыстар әлден қолға алынып, өңірде қызу жұмыстар атқарылуда.
Облыс бойынша жылу желілерінің ұзындығы 208 шақырым. Биыл жылу желілеріне техникалық тексеру жүргізіліп, нәтижесінде желілердің тозу көрсеткіші 47,5 пайызды құрайтыны анықталған. 2023 жылы 8,9 шақырым жылу желілерін жаңғыртуға республикалық бюджеттен 8 жобаға 8,2 млрд теңге бөлінген. Тарқатып айтар болсақ, 6 жоба нысаналы трансфертпен 7,3 млрд теңгеге, 2 жоба бюджеттік несие есебінен 922 млн теңгеге жасалмақ.
Қазіргі таңда, бөлінген 8,2 млрд теңгенің 2,3 млрд теңгесі игеріліп, жоспарланған 8,9 шақырым жылу желілерінің 1,8 шақырымы немесе 27 пайызы ауыстырылған.
Атап айтқанда, 7 жобаның құрылыс жұмыстары басталып, 1 жоба мемлекеттік сатып алу қорытындысына шағым түсуіне байланысты сот ұйғарымымен тоқтатылған.
Оған қоса, кредит есебінен 2 жоба бар. Абай даңғылынан бастап, Мұратбаев көшесіндегі тұрғын үйлердің кварталаралық жылу желісі және «Сәулет» мөлтек ауданындағы тұрғын үйлердің кварталаралық жылу желісі жаңаруда.
Осы жұмыстар толықтай аяқталу нәтижесінде тозу көрсеткіші 2,9 пайызға төмендейді.
Облыста 1067 әлеуметтік нысан бар, оның ішінде 532 білім беру, 247 денсаулық сақтау, 288 мәдениет және спорт ғимараты бар. Білім беру нысандарының жылу беру маусымына дайындықтары – 91, денсаулық сақтау – 71, мәдениет және спорт 80 пайыз. Ал көпқабатты тұрғын үйлердің дайындығы 91%-ды құрап отыр.
Биыл жалпы 20 әлеуметтік нысан қазандықтарын жаңғырту жұмыстары жоспарланған. Оның ішінде 12 білім (11 нысан қазандықтары сыртқа шығарылған), 5 денсаулық сақтау, 3 спорт нысанының қазандықтары жаңғыртуды қажет етеді.
Бұл мақсатқа «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 291 млн теңге (8 жоба) және облыстық бюджеттен 97 млн теңге (12 жоба) бөлінген. Осы жобаларды толық аяқтауға 619,5 млн теңге қажет екен. Қазіргі таңда осы жобалардың 10-ы ғана басталып, қалған жобалар бойынша конкурс рәсімі жүргізілуде.
Халықтың көңілін бірлеу үшін алдағы жылу беру маусымына облыс бойынша барлығы 238 мың тонна көмір қажет. Оның ішінде ел үшін 205 мың тонна, әлеуметтік нысандар үшін 33 мың тонна қара отын керек.
Бүгінде облысқа 44 мың тонна ғана жеткізіліпті. Бағасы 16,7-21,5 мың теңгеден. Облыс көлемінде 41 өңірлік операторлар (8 ЖШС мен 32 жеке кәсіпкер) мен 11 көмір қоймасы бар.
Алдағы жылу беру маусымына әлеуметтік нысандарға 17,1 мың тонна дизель отыны қажет, бүгінге 2,8 мың тонна жеткізілген.
Ал отын қоры бойынша да қам жасалуда. «Қызылордажылуэлектрорталығының» негізгі отын түрі – газ. Резервтік – мазут. 2023-2024 жылғы жылу беру маусымына нормативтік эксплуатациялық мазут отынның қоры 4233 тонна болып бекітілген.
Айдар САЙЛАУОВ