Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖЕРГЕ СІҢГЕН МАҢДАЙ ТЕРДІҢ ӨТЕУІ

ЖЕРГЕ СІҢГЕН МАҢДАЙ ТЕРДІҢ ӨТЕУІ

Күз – диқан еңбегінің таразыға тартылатын шағы. Көктемнен егінін баптаған Сыр диқандары қазір жылдың ең жауапты кезеңін өткеруде. Облыс шаруашылықтарында күріш орағы қызу жүріп, алқаптардағы ақ маржан біртіндеп қамбаға құйылып жатыр.

Биыл өңірде 193,7 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның 91,2 мың гектары дәнді дақылдардың үлесінде. Басты дақыл – күріштің көлемі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өткен жылмен салыс­тырғанда 10,9 мың гектарға қысқартылып, 70,1 мың гектар болды. Су үнемдеу талабына сай егіс көлемі оңтайландырылғанымен, бас­ты міндет – өнімді ысырапсыз әрі уақытылы жинап алу.

Қазір негізгі жұмыс күріш алқаптарында жүріп жатыр. Бүгінгі күнге дейін 8741 гектары орылып, 4 875 гектары бастырылды. Орташа өнімділік гектарына 43 центнерден айналуда. Науқан күн өткен сайын қарқын алып келеді. Шаруалар қолайлы ауа райын тиімді пайдаланып, өнімді жауын-шашынға қалдырмай жинауға күш салуда.
Биылғы егістің басым бөлігі қалыпты жағ­дайда пісіп-жетілді. Күріш алқаптарының 65 пайызы жақсы, 31 пайызы қанағаттанарлық деп бағаланған. Қажетті агротехникалық шаралар жүргізіліп, 59,9 мың гектар күріш үстеп қоректендірілсе, 62,3 мың гектар жер арамшөпке қарсы өңделді. Ендігі міндет – сол еңбектің нәтижесін шашау шығармай жинау.
Дәнді және майлы дақылдарды жинау жұ­мыстары да толық аяқталды. Күздік бидайдан 7421 тонна, жаздық бидайдан 3998 тонна өнім алынды. Сондай-ақ арпа мен сұлы орағы тәмамдалды. Майлы дақылдардың ішінде мақсары толық жиналып, қамбаға 7330 тонна өнім құйылды. Күнбағыстан 67 тонна өнім алынды. Ал көкөніс, бақша және өзге де дақылдарды жинау жалғасуда.
Дала төсіндегі қызу тірлік мал азығын дайын­даумен қатар өрбіп келеді. Шаруашылықтар күтімге алған ескі жоңышқа алқаптарының басым бөлігінде үш орым жүргізіліп, 289,9 мың тонна жоңышқа дайындалды. Бұл – малдың жемшөп қорын толықтыруға мүмкіндік беретін маңызды көрсеткіш.
Алда – күріш орағының ең шешуші кезеңі. Қазір шаруашылықтардағы жұмыс таңның атысынан кештің батысына дейін толастамай тұр. Көктемде жерге сіңген маңдай тердің өтеуі енді алтын дән болып қамбаға құйылмақ. Биылғы басты меже де осы – Сыр салысын ысырапсыз жинап, ел ырысын еселеу.
Бағлан АМАНЖОЛ,
«Сыр бойы»
17 қыркүйек 2026 ж. 29 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№70 (9437)

15 қыркүйек 2026 ж.

№69 (9436).

12 қыркүйек 2026 ж.

№68 (9435)

08 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930