ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ ДАЙЫНДЫҒЫ ЖҮЙЕЛІ

-Биыл су үнемдеу технологияларын пайдалану арқылы егілетін егіс көлемдерін 2,3 мың гектарға дейін ұлғайту межеленуде. Яғни, тамшылатып суару әдісі арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін құнарлы егу жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ, биыл 938 тонна жаздық бидай, 736 тонна күздік бидай, 48,9 тонна арпа, 10,8 тонна тары, 67,6 тонна дәндік жүгері, 5,6 тонна күнбағыс, 108,5 тонна мақсары, 13,5 тонна соя, 21,8 тонна сүрлемдік жүгері және 298 тонна жоңышқа тұқымы құйылды. Бұдан бөлек, биыл егілетін күріш тұқымының 2,4 пайызын отандық сорттар, ал 97,6 пайызын Ресейлік және Украина сорттары құрап отыр. Жалпы өңірде көктемгі дала жұмыстары наурыз айының бірінші он күндігінде басталды. Ал, күріш дақылын егу сәуір айының үшінші онкүндігінде бастау межеленіп отыр. Бүгінде 32,3 мың гектар ерте егілетін жаңа жоңышқа, жаздық бидай, арпа, мақсары, қант құмайы дақылдарының 16,5 мың гектары егілді. Бұл жұмыстарды күріш егу жұмысы басталғанға дейін аяқтау межеленіп отыр. Көктемгі егін егу жұмыстарына қамтылатын ауыл шаруашылығы техникалары да толық дайындықтан өтуде. Осы жылы құны 9,3 млрд теңгені құрайтын 253 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынып, ауыр техникалардың 4,5 пайызы жаңартылды. Жалпы қолда бар техникалардың әлеуеті көктемгі дала жұмыстарын атқаруға жеткілікті, - деді Ерсұлтан Амантайұлы.
Айта кетейік, бүгінгі күнге дейін су жүйелерін тазарту жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Сәйкесінше, 49,9 мың га шабындық және 4,4 мың гектар жер ылғалдандырып суарылды.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі