Мәслихаттар сайлауы
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кітап оқу – көңілдің көкжиегін кеңейтеді

Кітап оқу – көңілдің көкжиегін кеңейтеді

Француз ойшылы Дени Дидро «Кітап оқуды қойған адам ойлауды да қояды» депті. Ғұламаның нақылын сөз ләміне салғанымыз тегін емес. Өйткені ақылына ақы сұрамайтын асыл қазына тегіс бір ұлтты, бүтін бір адамзатты тезге салады, темірқазықтай жол көрсетеді.
Байқап қарасақ, бүгінгі әлем бұрын-соңды болмаған қарқынмен өзгеріп жатыр. Жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, ақпараттық ағындардың шексіз көбеюі адамзат өмірінің барлық саласына айтарлықтай ықпал етуде. Осындай алмағайып кезеңде қоғамның интеллектуалдық деңгейі мен рухани сапасы мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын басты факторға айналды.
Қай заманда болсын өркениетті елдердің дамуы білімді ұрпақпен, оқырман қоғаммен және ғылымға құштар азаматтармен өлшенген. Өйткені кітап оқитын адам – ойлайтын адам. Ал ойлайтын адам ғана жаңашылдыққа ұмтылады, дұрыс шешім қабылдайды, қоғамның дамуына үлес қосады. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы еліміздің рухани өміріндегі маңызды тарихи құжаттардың біріне айналып отыр. Бұл бастама жай ғана кітап оқуды насихаттау емес, тұтас ұлттың интеллектуалдық әлеуетін арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді мемлекеттік стратегия деуге болады. Сондай-ақ кітап оқу мәдениетін қалыптастыру бүгінгі таңда мәдени бастама ғана емес, ұлттық қауіпсіздік пен адами капиталды дамытудың маңызды бағытына айналып отыр.
«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында Шиелі ауданында ауыз толтырып айтарлық іс-шаралар өткізіліп, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Мәселен, сейсенбі күні ­«Руханият» орталығының кітапхана залында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков оқырмандармен кездесіп, ұлттық жобаға үлес қосты. Кітап оқу марафонына ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары, жас мемлекеттік қызметшілер, аудандық кітапхана оқырмандары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Кездесуде аудан әкімі кітаптың адам өміріндегі маңызына тоқталып, кітап оқу білім мен парасаттың, рухани кемелдену мен тұлғалық дамудың басты кілті екенін атап өтті. Сонымен қатар оқырман назарына биыл жарық көрген Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нұрмахан Елтайдың «Жұлдызы жарық Шиелі» кітабын ұсынып, оқуға кеңес берді.
– Кітап – адамзаттың ғасырлар бойы жинақтаған асыл қазынасы, білім мен тәрбиенің қайнар көзі. Кітап оқыған адамның ой-өрісі кеңейіп, дүниетанымы тереңдейді, сөздік қоры молаяды. Әсіресе мемлекеттік қызметшілер үшін үздіксіз ізденіс пен білімін жетілдіру аса маңызды. Себебі білікті маман болу үшін кәсіби біліммен қатар, кең дүниетаным мен терең пайым қажет. Сондықтан кітап оқуды күнделікті өмір салтымызға айналдыруымыз керек, – деді аудан әкімі.
Сонан соң шараға қатысушылар бір мезетте бірге кітап оқып, өздері оқыған кітаптарынан алған әсерлерімен бөлісті. Оқырмандар мұндай марафондардың жастарды кітапқа баулуда, рухани-мәдени деңгейін көтеруде маңызы зор екенін атап өтті.
Кітап – ұлттың жады, рухының айнасы. Кітап оқитын қоғам ғана бәсекеге қабілетті, зерделі ұлтқа айнала алады. Сондықтан әр үйде кітап оқылатын, әр отбасында кітапхана бар болатын қоғам құру – бүгінгі күннің басты міндеті.
Айта кетейік, бүгінде Шиелі аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде оқырмандарға сапалы қызмет көрсету, кітап қорын толықтыру және рухани-мәдени ортаны дамыту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда кітапхана қоры 65 мың дананы құраса, кітап берілімі 87 049-ға жеткен.

«Өскен өңір» ақпарат

16 қараша 2026 ж. 20 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№86 (9453).

14 қараша 2026 ж.

№85 (9452)

10 қараша 2026 ж.

№84 (9451).

07 қараша 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30