БІЛІМНІҢ САРҚЫЛМАС ҚАЗЫНАСЫ
Кітап – адамзаттың ғасырлар бойы жинақтаған асыл мұрасы, білім мен тәрбиенің сарқылмас көзі. Кітап оқыған адамның ой-өрісі кеңейіп, дүниетанымы қалыптасады, сөздік қоры байып, өз ойын еркін жеткізе білу қабілеті артады. Сондықтан кітапты адам өміріндегі ең сенімді дос әрі ақылшы деуге болады.Қазіргі ақпараттық технология қарыштап дамыған заманда жастардың уақытын әлеуметтік желілерде өткізетіні жасырын емес. Дегенмен ешбір электронды ақпараттың орнына кітап бере алатын терең білім мен тағылымды ойды ештеңе алмастыра алмайды. Кітап адамды сабырлылыққа, ізденімпаздыққа, еңбекқорлыққа баулиды. Әрбір оқылған шығарма өмірге деген көзқарасты өзгертіп, жаңа ойларға жетелейді.
Ұлы тұлғалардың жетістіктеріне көз жүгіртсек, олардың барлығы кітап оқуды өмір салтына айналдырғанын байқаймыз. Көп оқу арқылы адам тек білім алып қоймай, рухани байып, айналасындағы адамдарды дұрыс түсініп, саналы шешім қабылдауға үйренеді. Әсіресе балалар мен жасөспірімдердің кітапқа қызығушылығын арттыру – отбасы мен қоғамның ортақ міндеті.
Кітап оқу – табысқа бастар жол. Күніне небәрі 20-30 минут кітап оқуды әдетке айналдырған адамның білімі де, ойлау қабілеті де уақыт өте келе айтарлықтай дамиды. Сондықтан кітаппен достасып, оны күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналдыру – жарқын болашаққа жасалған маңызды қадам.
Асылым ДҮЙСЕНБАЙ








