Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жан азығын байыту – парыз

Жан азығын байыту – парыз

Кітап – сарқылмас қазына, адамзаттың рухани құндылығы, өмір айнасы, тарих шежіресі, өнер-білімнің бұлағы. Қазақ – кітапты кие тұтып, ерекше қадірлеген ұлт. «Кітап – білім бұлағы, білім өмір шырағы», «Кітаппен кеңес, білімдімен теңес» деген секілді мақалдар соның дәлелі. Мұхтар Әуезовтің «Халық пен халықты, ұлт пен ұлтты теңестіретін нәрсе – білім» деп айтқан сөзі әлі ескіре қойған жоқ. Сондықтан білімді адамзатқа жеткізіп, сусындататын дүние кітап екені бесенеден белгілі.
Кітап – уақыт пен кеңістіктің тынысына толы адамзат ойының жемісі, қоғамның мәдени күштерін дамытудың қуатты құралы, қайнар бұлағы. «Мәдениет пен өнер ұлы болмайынша, ұлт ұлы болмайды» дегендей жастардың танымдық қабілетін қалыптастыратын ортаның бірі – кітапхана екені даусыз.
Кітапхана – дүниеде ештеңе теңестірілмейтін білім бұлағының көзі, ғасырдан-ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан шырағы биік, парасаттылық пен білімділіктің, біліктіліктің киелі ордасы. Ол оқырман үшін үлкен тәрбие мектебі, сансыз сұрақтардың жауабын табуға болатын сиқырлы да киелі орда.
Өкініштісі, бүгінде осының бәрін біле тұра көп адамдар кітап оқуға уақыт таба алмай жатады. Сөйтіп рухани байлықтан кенде қалып жүретіні тағы бар. Өмірімізге сандық технологияның дендеп енгені сонша көпшілік кітапты оқығанның өзіне электронды нұсқасын аша салғанды оңай көреді. Ал шындығында әдеби шығарманы қолға ұстап, сезініп, кітаптың иісіне қанығып оқығанға ештеңе жетпейтінін кітапсүйер адамдар білсе керек.
Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтқандай, ұлттық құндылықтарды болашақ ұрпақтың бойына сіңіріп өсіруіміз қажет. Ол үшін әрине, ең бірінші құрал – кітап екені даусыз. Сондықтан мектеп жасындағы баланың кітапқа қызығушылығын арттырып, уақытын ғаламтордың пайдасыз дүниелеріне жұмсағанша, өмірлік азық болар құндылықтарға арнауына бағыт беруіміз керек. Бұл мектептегі ұстаздар мен үйдегі ата-ананың бірігіп жұмыс істеуімен ғана нәтиже берері сөзсіз. Осы тұста Зарина Сәбитқызы: Сол себепті ата-аналар баланың теледидар көру мен ғаламторда отыру уақытын кішкене болсын азайтса, онда олар көп нәрседен ұтады дер едім. Өйткені, виртуалды әлем біріншіден, ерікті шектейді, екіншіден, ол еркін ойлануға мүмкіндік бермейді. Сондықтан ата-ана баласының кітап оқуына тұрақты түрде көңіл бөліп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді. Бала – ұлт болашағы. Олар мықты да парасатты болуы үшін кітап оқуы қажет.
Кітапханашылар әр оқырман үшін жұмыс істейді. Ал ұстаздар сол оқырманды тәрбиелеуші, сол оқырманды қалыптастырушы. Сондықтан ұлтты ойласақ, онда кітапты оқыту тетіктерін іске қосуымыз қажет, – деп өз ойын білдірді.
15 қазан 2019 ж. 1 057 0