Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БІЛІМНІҢ БИІГІНЕ БАСТАР БАСҚОСУ

БІЛІМНІҢ БИІГІНЕ БАСТАР БАСҚОСУ

Кітап – уақыт өткен сайын жаңаша мәнге ие болып келе жатқан құндылық. Сандық технологиялар дәуірінде де кітаптың иісі мен мазмұны адам жанын тәрбиелейтін, ой көкжиегін кеңейтетін бірегей күш. Осындай рухани қажеттілікті терең түсінген «AMANAT» партиясы қолға алған «Кітап – AMANAT» жобасы аясында Шиелі ауданында ұйымдастырылған «Кітап әлеміне бірге қадам басайық» атты мазмұны бөлек, мәні терең білім сайысы өтті.
Ұлттық кітап күніне орай өткен бұл кездесу – жай ғана білім сайысы емес, кітап арқылы адам болмысының биігін тануға шақыратын рухани алаң іспетті. Шараның бастауында тұрған «Еңбекші» бастауыш партия ұйымы бұл жолы да қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған игі ісімен көпшілік көңілінен шықты.
Сайыстың шымылдығын ашқан аудандық филиалдың атқарушы хатшысы Жібек Баймұратова мен «Еңбекші» бастауыш партия ұйымының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты, №159 мектеп директоры Асылхан Өмірәливтің мазмұнды сөздері қатысушыларға ерекше серпін берді. Олар өз лебіздерінде кітаптың тек білім көзі ғана емес, тұлғаны қалыптастыратын рухани ұстаз екенін айрықша атап өтті.
Іс-шараның негізгі өзегі – қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру, білімге деген тұрақты қызығушылықты дамыту және ұлттық құндылықтарды дәріптеу болды. Расында да, кітап – өткен мен бүгінді жалғайтын алтын көпір. Ол арқылы адамзат тарихы, мәдениеті, дүниетанымы ұрпақтан ұрпаққа жалғасады.
Білім бәйгесін №159 «Еңбекші» орта мектебінің кітапхана меңгерушісі Мақпал ­Беделбекова шеберлікпен жүргізіп, сайыстың әр сәтін тартымды әрі мазмұнды ете білді. Қатысушылар қатарында «Нұр-бөбек» бөбекжай-балабақшасы, «Әділжан» балабақша яслиі, «Еңбекші» ауылдық мәдениет үйі, №84 мектеп және №159 «Еңбекші» орта мектебінің командалары болды. Әр команда өздерінің дайындық деңгейін, білімге деген құштарлығын айқын көрсетті.
Үш кезеңге құрылған сайыс барысында қатысушылар әдебиет пен тарихтың тереңіне үңіліп, мәдениет пен жалпы білім салаларынан сауалдарға жауап берді. Әсіресе, оқылған шығармалар негізінде пікір білдіру, сұрақтарға дәлелді жауап беру сәттері – кітаптың адам ойлау жүйесін қалай дамытатынын айқын аңғартты.
Тартысты өткен дода қорытындысында «Еңбекші» ауылдық мәдениет үйінің командасы топ жарып, І орынды иеленді. ІІ орын №159 «Еңбекші» орта мектебіне бұйырса, ІІІ орынды «Нұр-бөбек» бөбекжай-балабақшасы қанағат тұтты. Жеңімпаздар арнайы марапаттарға ие болып, барлық қатысушыға алғыс хат табыс етілді.
Бүгінгі қоғамға керегі – дәл осындай мазмұнды бастамалар. Себебі кітап оқитын ұрпақ – ойлайтын ұрпақ. Ал ойлайтын ұрпақ – елдің ертеңін айқындайтын басты күш. «Кітап әлеміне бірге қадам басайық» деген үндеу бір күндік ұран емес, тұтас ұлттың өмірлік бағытына айналуы тиіс.

С.МАДИЯРОВА
05 мамыр 2026 ж. 61 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№33 (9400).

05 мамыр 2026 ж.

№32 (9399).

01 мамыр 2026 ж.

№31 (9398).

28 сәуір 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031