Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Берекесі бекем шаңырақтар

Берекесі бекем шаңырақтар

«Отан – отбасынан басталады» деген сөздің мәні тереңде. Елдің ертеңі – тәрбиелі ұрпақта, ал тәрбиелі ұрпақтың бастауы – берекелі отбасында. Шаңырақтағы сыйластық пен сүйіспеншілік, ата-анаға құрмет пен балаға қамқорлық – ұлттың рухани тұтастығын қалыптастыратын асыл құндылықтар. Бірлігі бекем әрбір отбасы – елдің еңсесін биіктететін берік тірек.
Осы орайда Отбасы күніне арналған «Отанымыздың алтын діңгегі – отбасы» атты республикалық «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық конкурсының аудандық кезеңіне қатысушы отбасыларды марапаттау салтанаты өтті.
Аудандық мәдениет үйінде өткен тағылымды шараға ауданның әр ­ауылынан келген өнегелі, еңбекқор, көпке үлгі отбасылар қатысты. Мерекелік кештің шымылдығы «Арман» би тобының орындауындағы қазақ биімен ашылып, шараның сәнін келтірді.
Салтанатты шарада аудан әкімі ­Айтбай Жандарбеков мерейлі отбасыларды құттықтап, шаңырақтарына амандық, дендеріне саулық, ұрпақтарына жарқын болашақ тіледі. Елдің берекесі мен бірлігіне үлес қосып жүрген отбасылардың еңбегін атап өтіп, отбасылық құндылықтарды дәріптеудің маңыздылығына тоқталды.
Байқауға қатысқан әр отбасының өзіндік өнегелі жолы бар. Бірі өнерді ұрпаққа аманат етсе, бірі ұстаздық пен еңбекті өмірінің өзегіне айналдырған. Кейбір шаңырақтар көпбалалы отбасымен ерекшеленсе, енді бір әулет елге сіңірген ұзақ жылғы еңбегімен дараланды.
Жансейіт ауылынан қатысқан Ақтаевтар отбасы «Өнерлі отбасы» номинациясымен марапатталды. Әбдіғаппар Ақтаев пен Айткүл Сарекеева – еңбек пен тәрбиені қатар алып келе жатқан өнегелі жандар. Айткүл ана ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызмет атқарып, мектеп басшылығында да абыройлы еңбек етті. Бүгінде 1 бала мен 4 немере сүйіп отырған шаңырақ отбасы құндылықтарын берік ұстанып келеді.
Бәйгеқұм ауылынан Шормановтар ­отбасы «Үлгілі отбасы» номинациясына ие болды. Қалдыбай Шорманов пен Орынкүл анамыз өмірдің талай белесін бірге еңсеріп, төрт бала тәрбиелеп өсірді. Орынкүл анамыздың мәдениет саласындағы 38 жылдық еңбегі елге белгілі. Еңбегі үшін көптеген алғыс хат пен Құрмет грамотасына ие болып, «Еңбек даңқы» медалін иеленген. Бүгінде 4 баладан тараған 14 немеренің қызығын көріп отырған ардақты әже.
Жөлек ауылынан қатысқан ­Жанысбаевтар отбасы «Еңбекқор ­отбасы» номинациясымен марапатталды. ­Сексенбай Жанысбаев бар ғұмырын ауыл шаруашылығы саласына арнап, трактор жүргізушісі болып еңбек етті. Кейін өз шаруа қожалығын құрып, кәсібін дөңгелетті. Жары Ағайша Жөкебаева да ұзақ жыл еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан. «Алтын алқа» иегері, 8 баланың анасы бүгінде 21 немере мен бір шөберенің қызығын көріп отырған бақытты ана.
Керделі ауылынан Біржановтар ­отбасы «Жігерлі отбасы» номинациясымен марапатталды. Әшір Біржан мен Күлайна Тұрғанбайдың өмір жолы – адал еңбектің айқын үлгісі. Бірі ауыл шаруашылығы саласында еңбек етсе, бірі ұстаздық жолды таңдаған. Қазір 3 ұл, 4 қыздан тараған 19 немеренің ортасында отырған отбасы – ұрпақ тәрбиесін басты орынға қойған берекелі шаңырақ.
Тұрсынбай датқа ауылынан Тойшыбаевтар отбасы «Зейінді отбасы» номинациясын иеленді. Ақылбай Тойшыбаев еңбек жолын ауыл шаруашылығынан бастап, кейін ұзақ жылдар бойы мектепте еңбек пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарды. Жары Ақжарқын Ерсайынова да 38 жылдан астам уақыт ұстаздық етіп, жас ұрпақтың білім алуына үлес қосты. Бүгінде 3 ұл, 2 қыздан тараған 15 немере мен 3 шөберенің ортасында отырған отбасы білім мен тәрбиенің сабақтастығын жалғап келеді.
Тартоғай ауылынан Бекетбаевтар отбасы «Бақытты отбасы» номинациясымен марапатталды. Сербай Бекетбаев еңбек жолын совхозда бастап, кейін егін шаруашылығымен айналысты. Жары Марал Жақсылықова да түрлі салада еңбек етіп келеді. Алты баланың анасы Марал бүгінде 1 ұл, 5 қыз және 2 немере сүйіп отырған ардақты ана.
Шиелі кентінен Исмайловтар отбасы «Өнегелі отбасы» номинациясын иеленді. Айдос Смайлов геологиялық барлау саласында еңбек етсе, жары Меруерт ­Жомартова мәдениет саласында жастармен жұмыс істеп келеді. 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отырған отбасы еңбекті, білімді және отбасылық жауапкершілікті ұштастырып отырған өнегелі шаңырақ.
Байқаудың аудандық кезеңінде жүлделі орындар да сараланып, үздіктер анықталды. ІІІ орын Жуантөбе ауылдық округі, Алғабас ауылынан Сәдуақасовтар отбасына бұйырды. Айжамал Әбдіхамитқызы – саналы ғұмырын ұстаздыққа және қоғамдық қызметке арнаған ардақты жан. Ұзақ жыл мектеп директоры болып, талай шәкіртке білім мен тәрбие берді. Еңбегі жоғары бағаланып, есімі Қазақстанның «Алтын кітабына» енгізілген. Жолдасы Ерболатпен 54 жыл отасқан отбасы бүгінде 3 ұл, 2 қыз, 16 немере және 16 шөберенің қызығын көріп отыр.
ІІ орын Еңбекші ауылынан Мырзахметовтер отбасына берілді. Мырзахмет Сапарбаев пен Ұлмекен Көшпанова – еңбекпен есейіп, ұрпағын еңбекке баулыған отбасы. ­Мырзахмет ата ұзақ жыл ауыл шаруашылығында еңбек етсе, Ұлмекен ана отбасына ұйытқы болды. 7 ұл тәрбиелеп өсірген шаңырақ бүгінде 28 немеренің ортасында берекелі ғұмыр кешіп отыр. Ал аудандық кезеңнің І орны Иіркөл ауылдық округі, Жақаев ауылынан Шыныбековтер отбасына табысталды. Қоғамбек Шыныбекұлы мен Анаркүл Таңатарқызы – жарты ғасырдан астам уақыт бойы бір-біріне сүйеу болып, ұрпағына өнеге көрсетіп келе жатқан жандар. Анаркүл ана – «Алтын алқа» иегері, 8 баланы тәрбиелеп өсірген аяулы ана. Бүгінде бұл шаңырақтан 32 немере мен 5 шөбере тараған. Тамыры тереңге кеткен бұл әулеттің берекесі мен бірлігі көпке үлгі.
Салтанатты жиында аудандық кезеңнің жеңімпаздарымен қатар, облыстық кезеңде аудан намысын қорғаған отбасылар да ерекше құрметке ие болды.
Аудандық комиссия шешімімен облыстық кезеңге жолданған Әбішовтер отбасы «Мәуелі отбасы» номинациясын, ал Бәкіровтер отбасы облыстық кезеңнің І орнын иеленді.
Әбішовтер әулетінің тағылымды тарихы – ата-ана еңбегі мен ұрпақ тәрбиесінің жарқын үлгісі. Әуелбек Әбішов көлік саласында ұзақ жыл еңбек етсе, жары Күләнда Әбішева тігіншілік және басқа да қызметтер атқарған. Күләнда ана – «Батыр ана», «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегері. Бүгінде бұл шаңырақтан 30 немере мен 20 шөбере тараған.
Ал облыстық байқаудың І орын иегері атанған Бәкіровтер отбасы – бір әулеттің ғана емес, бірнеше ұрпақтың өнегесін ­бойына жинаған үлкен шаңырақ.
Әбен Бәкірұлы саналы ғұмырын ұстаздыққа арнап, бірнеше білім ордасында қызмет атқарып, мектеп басшысы ретінде ауылдағы білім мен тәрбие ісінің өркендеуіне зор үлес қосты. Еңбегі «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен бағаланды. Жары Айзада Палжігітқызы да еңбек жолын ауылдық кеңес пен кітапхана саласында өткізді.
Бұл шаңырақтан 7 ұл мен 5 қыз, 45 немере және 101 шөбере тараған. Қыздары Гүлназира «Алтын алқа», Манат «Күміс алқа» иегері атанып, ата-анадан алған өнегені жалғастырып келеді.
Мерекелік шарада өнерпаздардың қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сахна төрінде әуезді әндер шырқалып, ұлттық өнер мен отбасы құндылықтары астасқан әсерлі кештің мазмұны толықты. Шара соңында марапатталған отбасыларға ізгі тілектер айтылып, естелік суретке түсу рәсімі ұйымдастырылды.
Жиында тағы бір мәрте отбасының адам өміріндегі ғана емес, қоғамдағы орны да айқын көрінді. Өйткені отбасы – балаға тәрбие беретін, үлкенге құрмет көрсетуді үйрететін, еңбекке баулитын, адамды ізгілікке бастайтын қасиетті орта.
«Мерейлі отбасы – 2026» байқауының бас­ты мәні де осында. Бұл – жай ғана марапаттау емес, елге үлгі болған шаңырақтарды насихаттау, олардың өмір жолын кейінгі ұрпаққа өнеге ету, ұлттық құндылықтарды дәріптеу.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ,
фото Бақытжан БӘЙІМБЕТ
14 қыркүйек 2026 ж. 29 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№69 (9436).

12 қыркүйек 2026 ж.

№68 (9435)

08 қыркүйек 2026 ж.

№67 (9434).

05 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930