МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА
Халқымызда «Отан – отбасынан басталады» деген тағылымы мол даналық сөз бар. Расында да, Отанды сүюге тәрбиелейтін бірденбір орта, ол – отбасы. Мемлекеттің мықты болуы – жанұядағы берекебірлікке, татулыққа, өзара түсіністікке тығыз байланысты. Себебі отбасы құндылығы берекемен, махаббатпен, сеніммен өлшенеді. Ондағы жарасым, сүйіспеншілік, мейірім болса ғана шаңырақ биік құрылып, керегесі кең болары сөзсіз.Иә, отбасы – ұрпақтардың тари - хи сабақтастығының, мәдениетінің, рухани құндылықтардың қазынасы болып саналады. Өнегелі отбасы арқасында мемлекет те өркендейді, халықтың әл-ауқаты жақсарады. Осынау құндылықты жоғары бағалаған елімізде 2013 жылы «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер» туралы Жарлыққа өзгеріс енгізіліп, «Отбасы күні» қыркүйек айының екінші жексенбісіне белгіленіп, жыл сайын мерекеленіп келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биылғы құттықтау сөзінде: «Отбасы – халқымыз үшін қасиетті ұғым. Әр адам ең алдымен, өзінің қастерлі шаңырағында тұлға ретінде қалыптасады, үлгі-өнеге алып, нағыз азаматқа тән игі қасиеттерді бойына сіңіреді. Отбасында көрген тәлім-тәрбиенің арқасында елімізде отаншыл, еңбекқор, білімді және мәдениетті ұрпақ өсіп шығады.
Сондықтан біз бәріміз бір ел болып халқымыздың салт-дәстүрі мен қазіргі замандағы озық көзқарасы үйлесім тапқан отбасы құндылықтарын сақтап, оны нығайтып, жан-жақты насихаттауымыз керек» деп атап өткен болатын.
Биыл бұл атаулы күн 17 қыркүйек күнімен сәйкес келді. Мереке аясында Бұдабай Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде «Мықты отбасы» – мықты мемлекеттің кепілі» атты «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық конкурсының аудандық деңгейдегң қатысушы отбасыларды марапаттау шарасы өтті.
Отбасы құндылықтарын кеңінен насихаттауға арналған салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил, әйелдер кеңесінің төрайымы Нәйла Палымбет, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Исабек Байкенжеев пен өзге де зиялы қауым өкілдері мен аудан тұрғындары қатысты.
Мерекелік жиында сөз алған Болатбек Әбдулхайысұлы жиналған қауымды Отбасы күнімен құттықтап, әр шаңыраққа бақ-береке, амандық тілеп, ізгі ниетін жеткізді. Сонан соң республикалық «Мерейлі отбасы – 2025» Ұлттық конкурсында отбасылық рухани құндылықтар арқылы отансүйгүштік пен еңбекқорлықты, тағылымды тәрбиені насихаттап, өнегелі ұрпақтар сабақтастығын қалыптастырғаны үшін бірқатар отбасыны арнайы номинациялармен марапаттады.
Атап айтар болсақ, «Үлгілі отбасы» Ақмая ауылынан Сенбековтер отбасы, «Қамқоршы отбасы» Байсын ауылынан Бакировтар отбасы, «Берекелі отбасы» Алғабас ауылынан Қордабаевтар отбасы, «Өнегелі отбасы» Жақаев ауылынан Сыздықовтар отбасы, «Жігерлі отбасы» Бала би ауылынан Абайділдаевтар отбасы, «Бақытты отбасы» Тартоғай ауылынан Дүйсеновтер отбасы, «Еңбекқор отбасы» Шеген Қодаманов ауылынан Тұрғанбаевтар отбасы, «Мейрімді отбасы» Шиелі кентінен Әбдіровтер отбасы номинациялар бойынша марапат мінберінен көрінді. Сонымен қатар «Мерейлі отбасы – 2025» Ұлттық конкурсында жүлделі ІІІ орынмен Алмалы ауылынан Ахметжановтар отбасы, ІІ орынмен Бидайкөл ауылынан қатысқан Қыдырбаевтар отбасы иеленсе, ал осынау отбасы құндылықтарын насихаттай ауқымды конкурстың нәтижесі бойынша Қосүйеңкі елді мекенінен Қамбаровтар отбасы І орынға лайық деп танылды.
Шара барасында облыстық кезеңде жүлде алған отбасылар, сондай-ақ өзге ұлт өкілдерінің отбасылары мен Алтын, Күміс той иелері де марапатталып, елдің құрметіне бөленді.
Мерейлі мезетте киелі сахна төріне көтерілген аудан өнерпаздары келген қонақтарға әннен шашу шашып, ұлттық өнеріміз паш етіп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
М.ИБРАГИМОВ








