Мерейлі отбасы іріктеу кезеңі
Татулықты ұран еткен әрбір қазақстандық отбасының еліміздің «Мәңгілік Ел» атануына қосар үлесі сүбелі. Сол отбасыларды көпке үлгі ететін өнегесі мол «Мерейлі отбасы» сайысы да – берекелі өмірдің бір нышаны саналады. Сейсенбі күні аудан әкімінің орынбасары А.Есмахановтың төрағалығымен «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауының аудандық іріктеу кезеңі өтті.
Атап өткен жөн, аталмыш шара 2013 жылдан бері Елбасының бастамасымен еліміздің тұрғындарына бір шаңырақ астында берекелі өмір сүрудің маңыздылығын насихаттай отырып, өнегелі отбасылардың қатарын көбейтіп келеді. Иә, өнегелі отбасы – елдіктің тұтқасы. Сәні мен салтанаты жарасқан, берекелі шаңырақ кім-кімге болсын үлгі. Естеріңізде болса, бұған дейін Шиелі ауданынан «Мерейлі отбасы» байқауында «Қиянбековтер», «Ишанқұловтар» отбасылары жеңімпаз атанып, республикада ауданымыздың абыройын асқақтатып келді.
Ал, биыл аталған байқауға 10 отбасы өтінім білдірген. Осылардың ішінен облыстық екінші кезеңге екі отбасы жолдама алды. Атап айтар болсақ, Өтегеновтер мен Әбілдашев отбасылары. Бұл аталған екі отбасының берекесі асқан, тамыры тереңге жайған шаттыққа толы шаңырақ. Отбасында Отанға деген сүйіспеншілік алдымен, ата-ананың ықпалымен қалыптасады. Сол берік отбасылық құндылықтар арқылы ғана мемлекеттің іргесі мығым, ғұмыры мәңгі болады. Онда әрбір адамның туыстық қатынасқа байланысты белгілі міндеттері бар. Басты тірегі мықты болса, өнегелі отбасы қалыптасады. Бақыттың басты кілті отбасындағы сыйластық пен мейірімділікте.
Бұл байқаудың еліміз бен елдігіміз үшін маңызы өте зор. Мәселен, өнегелі құндылықтарды жаңғыртуға және отбасы мен некенің жағымды үлгісін таратуға, отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Осылайша, береке мен бірлігі жарасқан шаңырақты кең көлемде насихаттасақ, керегесі кең, терезесі тең отбасылардың қатары күннен-күнге арта бермек.
Шапағат Тілеубаев