Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әр дауыс – ел болашағына қосылған үлес

Әр дауыс – ел болашағына қосылған үлес

Бүгін Шиелі ауданында маңызды саяси науқан – Құрылтай сайлауы өтіп жатыр. Жаңа күнмен бірге аудан көлеміндегі сайлау учаскелерінде қызу тіршілік басталып, тұрғындар өз азаматтық таңдауын жасау үшін учаскелерге келе бастады.
Сайлау – ел өміріндегі маңызды саяси үдерістердің бірі. Бұл күні әрбір азамат өз таңдауын жасап, елдің қоғамдық-саяси өміріне өз үлесін қоса алады. Сондықтан бүгінгі күн – жауапкершілік пен азаматтық белсенділіктің айқын көрінісі.
Шиелі ауданында барлығы 41 сайлау учаскесі жұмыс істеп, 49 500-ден астам дауыс беруші өз таңдауын жасауда. Таңғы сағат 07.00-ден бастап сайлау учаскелерінде дауыс беру басталып, тұрғындар белгіленген тәртіппен өз азаматтық міндеттерін орындап жатыр.
Сайлау учаскелерінде дауыс беру басталар алдында Мемлекеттік Әнұран орындалып, учаскелер өз жұмыстарын бастады. Қазіргі таңда ауданның әр ауылында сайлау барысы қалыпты жағдайда өтіп, тұрғындар белсенділік танытуда.
Ауыл-аймақтағы ағайынның сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауын жасауы – ел болашағына деген жауапкершіліктің белгісі. Жасы үлкен қариялардан бастап, алғаш рет дауыс беріп отырған жастарға дейін азаматтық ұстанымдарын білдіруде.
Әрбір дауыс – ел болашағына қосылған үлес. Бүгінгі таңдау – ертеңгі күннің бағытына әсер ететін маңызды қадам. Сондықтан сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауын жасау – әр азаматтың ел алдындағы жауапкершілігінің бірі.
Шиелі жұрты да маңызды саяси науқаннан шет қалмай, өз таңдауын жасауда. Аудан көлеміндегі сайлау учаскелерінде дауыс беру жұмыстары жалғасып жатыр.

Фото авторы: Бақытжан БӘЙІМБЕТ

23 тамыз 2026 ж. 38 0