ЕРЕН ЕҢБЕК – ЕЛ ҚҰРМЕТІНДЕ
Судың әр тамшысы – тіршіліктің бастауы, ал малдың амандығы – ауыл берекесінің кепілі. Осы екі маңызды бағытта күн-түн демей еңбек етіп жүрген су шаруашылығы мен ветеринария саласының мамандары ел игілігі жолында айрықша қызмет атқарып келеді. Олардың маңдай термен атқарған еңбегі – өңірдің тұрақты дамуына, ауыл шаруашылығының өркендеуіне және халықтың әл-ауқатын арттыруға қосылған қомақты үлес. Осындай жауапты салаларда еңбек етіп жүрген азаматтарға құрмет көрсету мақсатында «9 шілде – Су шаруашылығы қызметкерлері күні» және «10 шілде – Ветеринария қызметкерлері күні» кәсіби мерекелері аясында Бұдабай Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде салтанатты шара өтті.Жиынға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков қатысып, сала мамандары мен ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде шілде айының басы ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген су шаруашылығы және ветеринария саласы қызметкерлерінің еңбегін бағалайтын ерекше кезең екенін атап өтті.
Аудан әкімі су шаруашылығының Сыр өңірі үшін орны бөлек екенін жеткізді. Суы мен жерінің қадірін ежелден білген аймақта бүгінде бұл сала экономиканың, ауыл шаруашылығының және экологияның өзара сабақтасқан стратегиялық бағытына айналып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмалары аясында су ресурстарын тиімді пайдалану, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және су тапшылығының алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Бүгінде аудан тұрғындары толықтай таза ауыз сумен қамтылған.
Сонымен қатар «Шиелісушар» өндірістік учаскесінің нәтижелі жұмысының арқасында суару инфрақұрылымы жаңғыртылып, каналдар мен қашыртқылар тазартылып, су ресурстарын тиімді басқару бағытындағы жұмыстар тұрақты жүргізілуде.
Жиында ветеринария саласының маңыздылығына да ерекше тоқталды. Бұл қызметтің халық денсаулығын қорғауда, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және мал шаруашылығын дамытуда стратегиялық рөл атқаратыны айтылды.
Мемлекет тарапынан салаға көрсетіліп отырған қолдау нәтижесінде ветеринариялық қызметтің материалдық-техникалық базасы нығайып, мамандардың жұмыс сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар жүзеге асырылуда.
Салтанатты шарада ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп, сала дамуына үлес қосқан ардагерлер мен қызметкерлерге құрмет көрсетілді. Атап айтсақ, облыс әкімінің Алғыс хатымен су шаруашылығы саласының ардагерлері Күлбибі Диханбаева, Нұрбибі Көпешова, Дүйсенкүл Аяпбергенова, Алдаберген Калмырзаев, сондай-ақ «Сыр суы» филиалы «Жиделі топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесінің инспектор-бақылаушысы Үрмаш Шермағанбетқызы және аталған бөлімшенің автокөлік жүргізушісі Қамбарбек Дайырбекұлы марапатталды. Сонымен қатар ветеринария саласының ардагерлері Тілеубек Бабасов, Базарбек Сахов және Бәйгеқұм ауылдық округі ветеринариялық пунктінің ветеринар дәрігері Сымбат Мұзарап та облыс әкімінің алғыс хатына ие болды. Ал аудан әкімінің құрмет грамотасы және алғыс хатымен су шаруашылығы және ветеринария саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан бірқатар ардагерлер мен сала мамандары марапатталып, олардың кәсіби біліктілігі мен ел игілігі жолындағы еселі еңбегі жоғары бағаланды.
Мерекелік шарада еңбек адамдарына деген құрмет ерекше сезілді. Кәсіби мереке иелеріне ізгі тілектер айтылып, аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасы ұсынылды. Әсем ән мен күмбірлеген күй көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Су мен саулықтың сақшылары атанған сала мамандарының қажырлы еңбегі – ел игілігіне қызмет етудің жарқын үлгісі. Осындай азаматтардың арқасында өңірдің ырысы артып, тіршіліктің тамыры беки түседі.
Мейіржан ИБРАГИМОВ






