ТЕМІРЖОЛ ВОКЗАЛЫ ЖАҢА КЕЛБЕТКЕ ИЕ БОЛДЫ
Ғасырдан астам тарихы бар Шиелі теміржол вокзалы күрделі жаңғыртудан өтіп, салтанатты түрде пайдалануға берілді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың теміржол вокзалдарын жаңғырту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асқан жоба өңірдің көлік инфрақұрылымын жаңғыртудағы маңызды қадамдардың бірі саналады.Жаңартылған вокзалдың ашылу рәсіміне облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Наурызбай Байқадамов, аудан әкімі Айтбай Жандарбеков, зиялы қауым өкілдері, ел ағалары мен аудан тұрғындары қатысты.
Салтанатты жиында облыс әкімі тұрғындарды жаңа нысанның пайдалануға берілуімен құттықтап, теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының еліміздегі теміржол вокзалдарын қайта жаңғырту жөніндегі тапсырмасы аясында облыста ауқымды жұмыстар қолға алынды. Былтыр облыстың барлық аудан орталықтарындағы вокзалдармен қатар, Төретам, Сексеуіл станциялары және Жаңақорған ауданындағы «Талап» бекетінің платформасы жаңғырту тізіміне енгізілді. Бұл жұмыстарға шамамен 10 миллиард теңге қаржы бөлінді. Шиелі, Жаңақорған және Қазалы вокзалдары ел игілігіне беріліп жатыр. Жаңа нысандар тұрғындарға сапалы қызмет көрсететін болады, – деді аймақ басшысы.
Жалпы аумағы 9 474 шаршы метрді құрайтын Шиелі теміржол вокзалын жаңғыртуға 836 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалды. Тәулігіне 200 жолаушыға қызмет көрсетуге есептелген нысан толықтай заманауи талаптарға сай жабдықталған. Қайта жаңғырту барысында ғимараттың қасбеті мен іргетасы қапталып, шатыр жабындысы, есік-терезелері ауыстырылды. Электр желілері мен жылу жүйесі жаңаланып, перрон аумағы толық абаттандырылды.
Жаңартылған вокзал сәулеттік келбетімен бірге жолаушыларға қолайлы әрі қауіпсіз қызмет көрсету мүмкіндігімен де ерекшеленеді. Енді тұрғындар мен аудан қонақтары заман талабына сай жабдықталған жаңа вокзалдың игілігін көреді.
Шара барысында Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов пен кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Күлімбетов құттықтау сөз сөйлеп, теміржол саласының қызметкерлері мен қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізген мердігер мекеме өкілдері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ







