Конституция
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тыныштықтың тұтқасы – тәртіп сақшылары

Тыныштықтың тұтқасы – тәртіп сақшылары

Қоғамдағы тұрақтылық пен ел ішіндегі тыныштық – кез келген мемлекеттің ең басты құндылығы. Ал сол тыныштықты күндіз-түні күзетіп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін полиция қызметкерлерінің еңбегі қашанда зор құрметке лайық. Олар қандай жағдайда болсын халықтың қорғаны болып, заң үстемдігін сақтауға адал қызмет етіп келеді. Осыған орай 23 маусым – Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты шара ұйымдастырылып, құқық қорғау саласының қызметкерлеріне құрмет көрсетілді.
Мерекелік жиын бейбіт уақытта ел қауіпсіздігі жолында жанын қиған тәртіп сақшыларын еске алудан бас­талды. Аудан тұрғындарының өмірі мен тыныштығын қорғау жолында ерлікпен қаза тапқан милиция капитаны Мұрат Өмірбеков, полиция лейтенанттары Талғат Қозыбаев, Есентұрсын Бектұрсынов, Бақыткелді Ибраимов және полиция майоры ­Алтынбай Қойшыбаевтардың есімі халық жадында мәңгі сақталары сөзсіз. Олардың жанқиярлық ерлігі жас буын тәртіп сақшылары үшін әрдайым адалдық пен Отанға қызмет етудің жарқын үлгісі болып қала береді.
Салтанатты шараға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков, аудан прокуроры Мейрамбек Маханбетжанов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Болатхан Мұханов, сала ардагерлері мен полиция қызметкерлері қатысты.
Жиында сөз алған аудан басшысы құқық қорғау органдары қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, олардың қоғамдағы жауапты миссиясына ерекше тоқталды.
– Полиция қызметі – үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап ететін абыройлы мамандық. Заң мен тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау жолындағы еңбектеріңіз әрдайым жоғары бағалауға лайық. Сіздердің кәсібиліктеріңіз бен адал қызметтеріңіздің арқасында ауданда қоғамдық тұрақтылық пен тыныштық сақталып келеді, – деді Айтбай Насриддинұлы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында елімізде құқық қорғау саласын жаңғыртуға, полиция қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға және қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Бұл бағыттағы жұмыстар ауданда да өз жалғасын табуда. Соңғы жылдары аудандық полиция бөлімінің материалдық-техникалық әлеуетін арттыру мақсатында 7 JAC маркалы қызметтік автокөлік пайдалануға беріліп, кезекшілік бөлімшесі мен уақытша ұстау изоляторына екі «Газель» автокөлігі табысталды. Бұл жаңашылдықтар құқық қорғау қызметінің жеделдігін арттырып, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік беруде.
Заманауи технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстар да қарқын алған. Облыс көлемінде жедел басқару орталықтары іске қосылып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде цифрлық жүйелер кеңінен қолданылуда. Қазіргі таңда аудан аумағында құқықбұзушылықтың алдын алу және қоғамдық тәртіпті бақылау мақсатында 72 бейнебақылау камерасы үздіксіз жұмыс істеп тұр. Бұл жүйе құқықбұзушылықтарды дер кезінде анықтап, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып келеді.
Салтанатты шара барысында құқық қорғау саласында адал қызмет атқарып жүрген бірқатар қызметкерлерге облыс әкімінің және аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Сондай-ақ аудан прокуроры Мейрамбек ­Маханбетжанов пен аудандық полиция бөлімінің бастығы ­Болатхан Мұханов сала ардагерлері мен үздік қызметкерлерді марапаттап, олардың еңбегіне жоғары баға беріп, ізгі тілектерін жеткізді. Сондай-ақ бірқатар полиция қызметкеріне жоғары шендер салтанатты түрде табысталды.
Мерекелік жиын арнайы жасақтың жауынгерлік даярлығын паш еткен әсерлі әскери көрсетіліммен жалғасып, концерттік бағдарламаға ұласты. Өнерпаздардың әсем әндері мен көтеріңкі көңіл күй сыйлаған мәдени шара мерекенің сәнін арттыра түсті.
Қоғам тыныштығы мен ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету – үлкен жауапкершілік. Осы қасиетті міндетті абыроймен атқарып жүрген полиция қызметкерлерінің адал еңбегі әрдайым құрметке лайық. Заң үстемдігі орныққан, тәртібі мығым қоғам ғана тұрақты дамудың даңғыл жолына түседі.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
29 маусым 2026 ж. 27 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№48 (9415).

27 маусым 2026 ж.

№47 (9414)

23 маусым 2026 ж.

№46 (9413).

20 маусым 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930