СПОРТ ПЕН СЕРТКЕ БЕРІК ҰЖЫМ
Елдің ішкі тыныштығы мен халықтың қауіпсіз өмір сүруі – қоғамның тұрақтылығының негізі. Осы маңызды міндетті орындауда Ішкі істер органдары қызметкерлерінің еңбегі орасан зор. Күні-түні тыныштық сақтауға, құқық бұзушылықтарды алдын алуға атсалысқан полиция қызметкерлері қоғамның қауіпсіздігі мен бейбіт өмірін қамтамасыз етуде ерекше рөл атқарады. Олар – тек бір отбасының ғана емес, тұтас елдің қорғаны.Қоғамдағы құқық бұзушылықтармен күресіп, олардың салдары мен себептерін анықтауда полиция қызметкерлерінің рөлі зор. Батыр Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген сөзі осы күннің маңызын айқын суреттейді.
Негізінен полиция қызметкерлерінің барлығында бір мақсат, бір қызмет, бір арман біріктіреді. Ол – халықтың сеніміне селкеу түсірмеу, еліміздің тыныштығын күзету, әрқашан қорған болу, құқықтарының мұқалмауын басты назарда ұстау болып табылады.
Жуырда Шиелі ауданы, «Бахыт Арена» спорт кешенінде полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемелер қызметкерлері арасында волейболдан аудандық ашық турнир өтті.
Шиелі ауданы полиция бөлімінің ұйымдастыруымен қызмет бабында қаза болған қызметкерлерді еске алуға арналған жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков полиция ардагерлері мен қызметкерлерін құттықтап, ізгі ниетін жеткізді.
– Құрметті турнирге қатысушылар! Қадірлі құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен ардагерлері! Сіздерді келе жатқан кәсіби төл мерекелеріңіз – Қазақстан полициясы күнімен шын жүректен құттықтаймын!Ел тыныштығын сақтау жолында қиындықтан да, қатерден қаймықпайтын қоғамдық тәртіптің қырағы сақшылары – полицейлердің еңбегі әрдайым құрмет пен алғысқа лайық.
«Ер қадірін білмеген – ел қадірін білмейді» дегендей, қоғамды қылмыстан сақтауда ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкерлері әрқашан аудан жұртының жадында қалары анық. Аудан тұрғындарының өмірін қорғау жолында қылмыскердің ажал оғына кеудесін тосқан милиция капитаны Мұрат Өмірбековтің, полиция лейтенанттары Талғат Қозыбаевтың, Есентұрсын Бектұрсыновтың, қызмет бабында қаза тапқан полиция лейтенанты Бақыткелді Ибраимовтың, полиция майоры Алтынбай Қойшыбаевтың ерлік істеріне әрдайым тағзым етеміз. Өз қызметін адал атқарып, ерліктің үлгісін көрсеткен азаматтарымыздың есімі кейінгі буынға өжеттік пен батылдықтың өнегесі болып қала береді.
Төл мерекеде қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету және қылмыспен күрес, оның алдын алу жолындағы қажырлы еңбектеріңізге сәттілік тілей отырып, бүгінгі жарысқа қатысқалы отырған командаларға жоғары деңгейде ойын көрсетулеріне шын жүректен тілектеспін!, – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Болатхан Ниязханұлы және полиция бөлімінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақтияр Шәкірбекұлы құттықтау сөз сөйлеп, турнирге қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
Турнирге «Шиелі аудандық ауруханасы», «Аудандық сот», «Полиция бөлімінің ардагерлері», «Орман және жануарлар дүниесін қорғау бөлімі», «Ұлттық қауіпсіздік комитеті аудандық бөлімі», «Аудандық полиция бөлімі», «Шиелі ауданы әкімдігі» және «Төтенше жағдайлар қызметі бөлімі» командасы қатысып өзара бақ сынады.
Қызықты сәттер мен тартысқа толы додадың қорытындысы бойынша «Шиелі ауданы полиция бөлімі» командасы өзгелерден оқ бойы оза шығып І орынды иеленіп, жеңіс тұғырынан көрінді.Ал жүлделі ІІ орынды Жаңақорған ауданының «Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері» командасы қанжығасына байласа, үздік үштікке «Жаңақорған ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері» командасы қол жеткізді.
Сонымен қатар турнирде ерекше ойын өрнегін көрсеткен ойыншыларға «Үздік ойыншы», «Үздік қорғаушы», «Үздік шабуылшы», «Үздік үйлестіруші» номинациясы берілді. Жеңімпаздар мен жарысқа қатысушылар арнайы дипломдар марапатталып, бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Осылайша ойын барысында түрлі салада қызмет етіп жүрген азаматтар өздерінің кәсіби шеберлігімен қоса спортқа бейім, сыйластықты ту ететіндіктерін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Мейіржан ИБРАГИМОВ







