Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өзгеріс өзегі ауылда

Өзгеріс өзегі ауылда

Тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, ауыл инфрақұрылымын дамыту және елді мекендердің әлеуетін көтеру – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Осы мақсатта аудан әкімі Айтбай Жандарбековтің халықпен есеп беру кездесуі жылына екі мәрте жүйелі түрде өткізіліп келеді. Осы жылдың алғашқы жартыжылдығындағы кезекті кездесу Бестам және Жуантөбе ауылдық округтерінде өтіп, онда өткен кезеңде атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы міндеттер нақтыланды. Кездесу барысында әлеуметтік сала, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, инфрақұрылым және абаттандыру бағыттарындағы жетістіктер кеңінен сөз болды.

Алғабас – даму қарқыны жоғары ауыл
Жуантөбе ауылдық округінің құрамындағы Алғабас ауылы соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан елді мекендердің бірі. Бүгінде мұнда 621 тұрғын үйде 3741 адам тұрады.
Округ әкімі Қ.Пірімбетовтің баяндамасында халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстарға ерекше тоқталды. Жыл басынан бері 32 адам жұмыспен қамту орталығына жүгініп, 17 азамат қоғамдық жұмыстарға тартылған. Тұрақты жұмысқа 12 адам орналасса, екі жас маман жастар тәжірибесі бағдарламасымен жұмысқа жолданған.
Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында бес азамат «Ауыл аманаты» бағдарламасы ­бойынша құжат тапсырған. Өткен жылы бір кәсіпкер жеңілдетілген несие алса, төрт азамат қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болған.

Білім мен денсаулық – басты назарда
Алғабас ауылында орналасқан №157 Б.Пәрімбетов атындағы орта мектепте 721 оқушы білім алады. Биыл мектепті 46 түлек аяқтады.
Мектепке дейінгі білім беру саласында мемлекеттік «Балауса» және жеке «Жансая-1» балабақшалары жұмыс істейді. Жалпы екі мекемеде 165 бала тәрбиеленуде.
Алғабас дәрігерлік амбулаториясында екі дәрігер мен он медицина қызметкері еңбек етеді. Биыл 1204 тұрғын дәрігерлік көмекке жүгінсе, 91 сәби дүниеге келген.

Мәдениеті мен руханияты дамыған ауыл
Алғабас ауылдық мәдениет үйі мен кітапханасы тұрғындардың мәдени өмірінің орталығына айналған. Мұнда ән, домбыра, көркем сөз және драма үйірмелеріне 67 оқушы қатысады. Көпшілікке жақсы таныс «Қытық» әзіл-сықақ отауы аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі байқауларда жүлделі орындар иеленіп келеді.

Ауыл шаруашылығындағы табысты көрсеткіштер
Алғабаста ауыл шаруашылығы негізгі салалардың бірі болып қала береді. Биыл диқандар 900 гектардан астам жерге күріш егіп, картоп, бақша, көкөніс және мал азықтық дақылдарды орналастырған.
Мал шаруашылығында да өсім бар. Бүгінде округте 2167 бас ірі қара, 2084 бас қой-ешкі, 1341 жылқы және 400 бас құс өсірілуде.

Жолдар жаңарып келеді
Аудан әкімінің қолдауымен ауыл инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы үш көшеге күрделі жөндеу жүргізілсе, биыл тағы төрт көшеге жөндеу жұмыстары қолға алынған. Ауылішілік электр желілерін толық жаңарту үшін құны 660 миллион теңгені құрайтын жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, сараптаманың оң қорытындысы алынған.
Алғабастық тұрғындарды толғандырған мәселе – жарықтың жиі өшуі. Аудан әкімінің есебіне жиылғандар күніне бірнеше мәрте өшіп, мазаны қашыратын электр жарығы мәселесінің түйінін тарқатып беруді өтінді. Аудан басшысы Айтбай Жандарбеков бұл мәселеден хабары барын, жоспарланған жұмыстар кезең-кезеңімен іске асатынын жеткізді.
Бұл мәселенің шешу жолы ауыл әкімінің алдағы жоспарына да қатталып енгізілген. Оның сөзіне сүйенсек, алдағы уақытта Алғабас ауылында электр бағаналары мен желілерін жаңарту, жаңа футбол алаңын салу, балалар ойын алаңдарын кеңейту, көшелерді жарықтандыру және ескі тағзым алаңын жаңғырту жоспарланып отыр.

Жаңарған инфрақұрылым, жарқын бастамалар
Бестам ауылдық округінде бүгінде 347 отбасы, 2067 тұрғын өмір сүруде. Округ әкімі М.Қыпшақбаевтың айтуынша, ауылда әлеуметтік-экономикалық даму бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Білім беру саласында 300 орындық №205 орта мектепте 383 оқушы білім алуда. Мектепте 62 мұғалім мен 45 техникалық қызметкер еңбек етеді. Жас ұрпақтың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған.
Денсаулық сақтау саласында маңызды жаңалықтың бірі – өткен жылдың басында жаңа дәрігерлік амбулаторияның пайдалануға берілуі болды. Бүгінде амбулаторияда бір дәрігер мен алты медицина қызметкері тұрғындарға қызмет көрсетеді.
Ауыл жастарының спортпен шұғылдануына да ерекше көңіл бөлінген. 2018 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған спорт кешенінде қазіргі таңда 144 жас күрес және таэквондо секцияларында тұрақты жаттығады.
Бестам ауылындағы «Досман қажы» мешіті де ауыл тұрғындарының рухани өмірінде маңызды орын алады. Ал «Аружан» жеке балабақшасында төрт топта 80 бүлдіршін тәрбиеленуде.

Ауыл экономикасының тірегі
Бестам ауылдық округінде ауыл шаруашылығы саласы тұрақты даму үстінде. Қазіргі таңда округте 2369 бас ірі қара, 828 жылқы, 36 түйе, 983 қой-ешкі және 300 бас құс тіркелген. Жалпы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 4875 гектарды құрайды. Округте үш ірі шаруа қожалығы мен сегіз отбасылық шағын шаруашылық жұмыс істеп, ауыл тұрғындарын еңбекпен қамтып отыр.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша округте 15,7 миллион теңгеден астам салық түсімі қамтамасыз етілген. Бұл көрсеткіш жоспардың толық орындалғанын көрсетеді.

Халық игілігі үшін атқарылған жұмыстар
Есепті кезеңде Бестам ауылында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды. Жоғарыда айтқанымыздай, жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Ауылды көркейту мен көгалдандыру бағытында тұрақты жұмыстар жүргізіліп, санитарлық тазалыққа 12 азамат тартылды.
Су тапшылығының алдын алу мақсатында Р-12-6 каналы тазартылып, алдағы уақытта канал түбін толық бетондау үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Электр желілерінің тозуына байланысты жаңа бағаналар мен желілер орнатылып, трансформаторлар жаңартылды. Сонымен қатар ауылдық клуб құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Ауылдың кіреберісіне жаңа арка орнатылып, елді мекеннің келбеті жаңарды.

Бестамның алдағы жоспарлары
Алдағы кезеңде ауылішілік көшелердің 1,5 шақырымына күрделі жөндеу жүргізу, балалар ойын алаңын жаңарту, Ә.Әбуов және Тәуелсіздік көшелерін жарықтандыру, сондай-ақ алты жаңа автобус аялдамасын орнату жоспарланып отыр.
Халықпен кездесу барысында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков ауылдық округтерде атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесіне оң бағасын беріп, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері назардан тыс қалмайтынын жеткізді.
Бестам мен Алғабас ауылдарында жүзеге асырылып жатқан жобалар елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған. Инфрақұрылымның жаңаруы, әлеуметтік нысандардың салынуы, жолдар мен электр желілерінің жөнделуі – ауылдардың келешек дамуына негіз болатын маңызды қадамдар.
Ең бастысы, ауыл тұрғындарының бірлігі мен ынтымағы, мемлекеттік қолдау мен жергілікті бастамалардың үйлесуі өңірдің өркендеуіне жол ашып отыр.

АЖАРЫ АРТҚАН АҚМАЯ
Сәрсенбі күні аудан әкімі Айтбай Жандарбековтің Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығына сәйкес І жартыжылдық бойынша халыққа есеп беру жиыны Ақмая ауылдық округінен басталды. Кездесуге облыстық мәслихат депутаты Дәулет Жұмбеков, аудандық мәслихат депутаты Дәурен Досмағанбетов және аудан әкімдігіне қарасты бөлім басшылары мен тиісті сала мамандары қатысты.
Бүгінде ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы өсу динамикасын қалыптастырған. Ауыл әкімдігі тарапынан тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту, инфрақұрылымды дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және қоғамдық тұрақтылықты сақтау бағытында бірқатар жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Сондай-ақ осыған дейінгі кездесу жиындарында халық тарапынан көтерілген ұсыныстар көп ұзамай шешімін тауып жатқанына тұрғындар да дән риза.
Мәселен, Ақмая ауылының түйіткілді мәселелерінің бірі – электр жарығының жиі сөніп, электр қуаттылығының аздығы болатын. Ауыл тұрғындарының өтініштеріне сәйкес, аудан әкімінің қолдауымен жаңадан қуаттылығы жоғары сыртқы электр желілері мен бағаналарын жаңарту және трансформаторлар орнату жұмыстарына Қазақстан Республикасының Ұлттық Қорынан 2024 жылы 398 млн 240 мың теңге, 2025 жылы облыстық бюджеттен 50 млн 462 мың теңге бөлінген. Тиісті қаржыға жұмыстар толығымен әрі сапалы аяқталып ел игілігін көріп отыр. Жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігі үшін 9 көшенің барлығына түнгі жарық шамдары орнатылған.
Сонымен қатар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралі бойындағы «Ақмая» аркасына және ауылға кіреберіс аркасына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, заманауи әріптермен, оюлармен безендіріліп, жарық шамдары қойылған. Бұл да ауыл көркін одан әрі айшықтай түскен.

СПОРТТЫҚ АЛАҢ – ЕЛ БОЛАШАҒЫ ҮШІН
Ақмая ауылдық округінде бұқаралық спортты дамыту мақсатында бірқатар жобалар жүзеге асқан. Ауыл халқы салауатты өмір салтын ұстану үшін А.Құнанбаев көшесінің бойындағы шағын футбол алаңына 3 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал 2025 жылы Т.Қирабай көшесінің бойынан «Балалар ойын алаңы, жаттығу алаңы мен шағын футбол алаңы» құрылысы үшін аудандық бюджеттен 26 млн қаржы бөлініп, тиісті құрылыс жұмыстары толық аяқталып, бүгінде ауыл тұрғындары пайдалануда.

ҚАУІПТІҢ АЛДЫН АЛУ – МАҢЫЗДЫ
Ауыл диқандарының ерте көктемнен бас­тап ала жаздай бел жазбай еңбек етіп, алған өнімдерін сату үшін Батыс Еуропа – Батыс Қытай автомагистралі бойына арнайы сауда қатары – павильон орнатылған. Әрине, бірінші кезекте адам қауіпсіздігі басты назарда болғандықтан, бұрынғы жабайы базарлар толығымен тоқтатылған. Осылайша диқандар еккен өнімін үлкен жол бойында қауіпсіздікті сақтай отырып, сауда-саттық жасауға тамаша мүмкіндік алған.
Сондай-ақ ауылда мал ұрлығының, басқа да қылмыстардың алдын алу мақсатында Қосарық елді мекенінің тұсына және Ақмая спорт кешенінің алдына демеушілік тарапынан 3 дана бейнекамера орнатылып, қауіпсіздік шаралары жүргізілуде.

АУЫЛ КӨРКІ – ТАЗАЛЫҚТА
Ауылда жасыл аймақ құру бойынша 2025 жылы ауылдың кіреберісіне және Ы.Жақаев көшесінің бойына, мекемелер ауласына климаттық жағдайға бейімделген 700 түп терек, ясин, клен, қара ағаш, көк тал, Сыр талы секілді көшеттер мен қаламшалар, биыл 420 түп саялы ағаштар отырғызылған.
Бүгінгі күні Ақмая ауылы – тек таза және көрікті ғана емес, қоғамдық мәдениет пен азаматтық жауапкершіліктің айнасы. Мұнда әрбір бұрыш, әрбір көшенің тазалығы тұрғындардың және әкімдіктің ұқыпты еңбегін көрсетеді. Алдағы уақытта да ауыл әкімдігі мен жергілікті халық бірлесіп, жасампаздықты, абаттандыруды және экологиялық тәртіпті одан әрі нығайта түсетіні анық.

САУАЛДАР ТЫҢДАЛДЫ
Кездесу жиынында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков тұрғындарға аудан көлемінде атқарылған жұмыстар нәтижесі мен алдағы міндеттері жөнінде баяндады. Сонан соң басқосу еркін пікір алмасуға ұласты.
Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Пірімбетов мектеп жертөлесіндегі ыза суды жою мәселесі, сонымен қатар ауылдық мектепке директор тағайындалса деген сауалын жолдады. Бұл сауалға жиынға арнайы қатысқан аудандық білім бөлімінің басшысы Д.Нәсібеков осыған дейін тиісті конкурстар өткізіліп, десек те әлі жеңімпаз анықталмағанын айтты. Егерде ауыл мектебінен конкурсқа қатысамын деушілер болса, тестілеу мен құжаттар тапсыру қажетін тілге тиек етті.
Жиын соңында аудан әкімі сөз сөйлеп, көтерілген мәселелердің барлығы ретімен, кезегімен шешілетінін айтты. Сонымен қатар ол ауыл әкімі Ғ.Бейсембаевтың ауылда атқарып жатқан жұмысы оң баға беріп, ауылдың дамуы­на үлес қосып жүрген облыстық мәслихат депутаты Д.Жұмбеков, пен ауылдық округ атынан сайланған аудандық мәслихат депутаты Д.Досмағанбетовке алғысын білдірді. Дәстүрге сай ауыл қариясы бата беріп, ел тізгінін ұстап жүрген азаматтардың жұмысына толағай табыс тіледі.

ТҰРАНДАҒЫ ТЫНДЫРЫМДЫ ТІРЛІК
Аудан әкімінің келесі аялдамасы – Тұран ауылдық округі. Бұл жиында Айтбай ­Жандарбеков аймақтың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін баяндап, тұрғындармен еркін пікір алмасуға мүмкіндік берді. Мұндай ашық әрі жемісті кездесулердің нәтижесінде ауыл халқының мұң-мұқтаждары мен ұсыныстары тыңдалып, оларды шешу жолдары талқыланды.
Тұран ауылдық округі, Ш.Қодаманов ауылында тұрғын үй саны 533, халық саны 3387 адам. Ауызсу, аяқсу, электр жарығы және басқада мәселелер толық шешімін тапқан. Ауылдық округінің жалпы жер көлемі 11252 гектар. Оның ішінде ауыл шаруашылық жері – 7976,8 гектар, егістік жерлері – 3756,9 гектар, жайылымдық жерлері – 2684,7 гектарды құрайды.

МАЛ БАСЫ АРТҚАН
Ауылдық округтегі мал шаруашылығы саласында алға жылжу бар. Округ бойынша 4672 бас ірі қара, 5602 бас уақ мал, 979 бас жылқы тіркелген.
Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда ірі қара малы 9 басқа, жылқы 39 басқа көбейген.

СПОРТТА СЕРПІН БАР
Қазақ даналығында «Дені саудың – жаны сау» деген тамаша тәмсіл бар. Егемен еліміздің келешегі салауатты өмір сүретін білімді жас ұрпақтық қолында екені белгілі. Бұқаралық спорт пен салауатты өмір салтының маңыздылығын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әркез Жолдауында арқау етіп, жан-жақты қолдау керегін тілге тиек етіп жүр. Осы бағытта жұмысы жүйелі Тұран ауылдық округі бұқаралық спортты дамытуда адыңғы қатарда келеді.
Ауылдық округте 2018 жылдан бері ауыл орталығынан мемлекеттік жеке меншік әріптестік аясында жабық спорт кешені жұмыс жасап келеді. А.Көпеев атындағы спорт кешенінде волейбол, дзюдо және бокс секция­ларында 112 бала спортпен айналысуда. Ауыл спортшылары тұрақты түрде түрлі жарыстарға қатысып, «Алтын», «Күміс» жүлделерімен оралып, ауылдың абыройын асқақтатып жүр. Бұқаралық спорттың жүйелі дамуының, бапкерлердің еселі еңбегінің жемісі һәм адал атқарған маңдай тер еңбектің қайтарымы екені белгілі.

19 КӨШЕ АСФАЛЬТТАЛҒАН
Алысты жақындататын, ел мен елді жалғастыратын жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі және экономиканың күретамыры. «Елдің жайын білгің келсе, жолына қара» деген қағиданың қалыптасуы да содан шыққан. Барыс-келіс пен алыс-берісте жол қатынасы айрықша маңызға ие. Кез келген мемлекеттің әлеуеті мен даму деңгейі жолдарының жағдайынан айқын аңғарылады.
Сән-салтанатынан бөлек, қатынастың қолайлылығы мен тұрғындардың қауіпсіздігі және көлік қозғалысының икемділігі де жайлы жолдың көмегінен болары анық. Бұл тұрғыда Ш.Қожаманов ауылында қарқынды жұмыс бар. Бүгінде ауылда барлығы 24 көше бар. Жалпы жолдардың ұзындығы 26,32 км, олардың ішінде 20,42 км болатын 19 көшеге де асфальт жұмыстары жүргізілген.
Сондай-ақ кездесу жиынға арнайы қатысқан Шиелі ауданы полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Болатхан Мұханов «Заң мен тәртіп» қағидаты бойынша ауыл тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, алаяқтықтан сақтануға, кәмелет жасына толмаған, жүргізуші куәлігі жоқ жасөспірімдерге көлік құралын бермеуге шақырды.
Кездесуде тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Бұл қатарда ауылдық емханада интернет желісінің төмендігі, ауыл аркасы бұрылысына көше жарық шамдары, ауылішілік жол бойына қауіпсіздік белгілерін қою туралы ұсыныстары көтерілді. Бұл ұсыныстарға аудан әкімі кезең-кезеңімен шешімін табатынын айтып, тиісті бөлім басшыларына бірқатар тапсырма жүктеді.
Сонымен қатар Тұрандағы көркейту және көгалдандыру жұмыстары да ерекше назарға алынды. Аудан әкімі бұл бастамаларды жоғары бағалап, көркейту-көгалдандыру жұмыстарына қатысқан азаматтарға алғысын білдірді. Жергілікті тұрғындардың белсенділігі мен жауапкершілігі арқасында ауылдың сұлулығы мен жайлылығы артып, таза әрі жасыл орта қалыптасты. Әкімнің айтуынша, мұндай істер тек ауылдың ғана емес, тұтас ауданның дамуына үлкен әсер етеді. Әрбір азаматтың ауыл өміріне қосқан үлесі – оның болашағына қосылған зор күш болып табылады.
Кездесу соңында ауыл ақсақалы бата беріп, елдің дамуына үлес қосқан азаматтарға зор табыс тілеп, бірлік пен ынтымақтастықтың нығаюына ықпал етті.

Телікөлге жаңа клуб үйі керек
Әкімдердің халыққа есеп беру кестесіне сәйкес, Шиелі ауданының әкімі Айтбай Насриддинұлы жұма күні Телікөл ауылдық округі, Ә.Тәжібаев елдімекенінің тұрғындары алдында аудан көлемінде атқарылған І жартыжылдық жұмыс нәтижесімен бөлісіп, алдағы атқаратын ауқымды жоспарын ортаға салды. Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Мұрат Тұрабаев, сала басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында айтылған «Тыңдайтын мемлекет» қағидасы есеп беру кездесуінде көрініс тапты. Бұлай деуімізге әкімдердің халық алдында емін-еркін тіл табысып, кез келген сұраққа тұщымды жауап беруі әрі сахнада көпшілікке қарап бөлек отырмай, елмен бірге залға жайғасуы себеп. Бұл шынында да бұқара мен биліктің арасы біртабан жақындай түскенін көрсетіп тұрғандай.
Бұл жиында Айтбай Жандарбеков аймақтың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін баяндап, тұрғындармен еркін пікір алмасуға мүмкіндік берді. Мұндай ашық әрі жемісті кездесулердің нәтижесінде ауыл халқының мұң-мұқтаждары мен ұсыныстары тыңдалып, оларды шешу жолдары талқыланды.
Бүгінде бұл ауылда жан-жақтылы өсім бары байқалады. Осының барлығы – тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты әрі жүйелі жүрген жұмыстардың жемісі. Әрине, шешілмеген, кезегін күткен түйткілді істер де көп. Десе де, барлығы өз кезеңімен шешімін тауып келе жатқаны тұрғындарға қуаныш сыйлап келеді.
Кездесуде тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Бұл қатарда ауылдағы аяқсу, арка тұсындағы түнгі жарық шамдардарының болмауы мәселелері бар. Сонымен қатар ауыл ақсақалы ауылға жаңа клуб үйі керек екенін айтып, қазіргі қолданыстағы өте ескі екенін жеткізді. Осы тұрғыда аудан әкімі Айтбай Насриддинұлы тиісті шаралар қабылданатынын, алдағы уақытта көтерілген ұсыныстар жөнінде жұмыстар жүргізетінін айтты.

Гүлхан Яхия,
Мейіржан Ибрагим,
Бақытжан Бәйімбет
08 маусым 2026 ж. 24 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№42 (9409).

06 маусым 2026 ж.

№41 (9408).

02 маусым 2026 ж.

№40 (9407).

30 мамыр 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930