Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Балалар күлкісі – болашақтың тәтті үні

Балалар күлкісі – болашақтың тәтті үні

Балаларды қорғау күні – әлемнің барлық елінде ерекше ықыласпен атап өтілетін мерекелердің бірі. Бұл – балғындардың шат күлкісі мен бақытты балалық шағын дәріптейтін, олардың құқықтары мен мүдделеріне қоғам назарын аударатын маңызды күн. Осыған орай кеше аудандық Оқушылар үйі мен Өнер мектебінің ауласында кең көлемді мерекелік шара ұйымдастырылып, оған ауданның өнерлі де дарынды балалары қатысты.
Жалпы құны 1 миллиард 68 миллион теңгені құрайтын аудандық Оқушылар үйі мен Өнер мектебі бүгінде жас ұрпақтың шығармашылық қабілетін шыңдап, өнер мен білімге деген құштарлығын арттыратын маңызды орталыққа айналған. Сәулеті келіскен еңселі ғимарат алыстан көз тартады. Мұнда балалардың қызығушылығына қарай жұмыс істейтін көптеген үйірмелер бар. Атап айтқанда, қолөнер, сурет өнері, робототехника, шахмат, би, музыка және басқа да бағыттар бойынша білім алуға барлық жағдай жасалған.
Жас ұрпақтың жан-жақты дамуына бағытталған осындай игілікті бастамалар мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлықтың нақты көрінісі екені сөзсіз. Сонымен қатар аудан басшылығының аталған мекеменің жұмысын халыққа кеңінен таныстырып, оның мүмкіндіктерін насихаттауға деген ұмтылысы құптарлық іс.
Мерекелік шара барысында ауданның түкпір-түкпірінен келген өнерлі балалар өздерінің шығармашылық жетістіктерін жұртшылық назарына ұсынды. Бірі өз қолымен жасаған қолөнер бұйымдарын көрмеге қойса, енді бірі робототехника саласында әзірлеген тың жобаларын таныстырды. Заманауи технологияларға қызығушылық танытып жүрген жас өнертапқыштардың жұмыстары көпшіліктің ерекше ықыласына бөленді. Сонымен қатар шахмат үйірмесінің тәрбиеленушілері зияткерлік ойыннан бақ сынап, өзара тартысты жарыс өткізді.
Салтанатты жиында аудан әкімі Айтбай ­Жандарбеков балаларды мерекемен құттықтап, олардың болашағына сенім білдірді.
– Балалық шақ – өмірдің ең шуақты әрі бақытты кезеңі. Әрбір баланың алаңсыз күлкісі мен жарқын болашағы – еліміздің ең басты байлығы. Сондықтан өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, саналы тәрбие көруі, өз қабілетін толық дамытуы – баршамыздың ортақ міндетіміз, – деді аудан басшысы.
Сонымен қатар ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім мен тәрбиенің өзара сабақтастығы жөніндегі тұжырымды пікіріне тоқталып, жас ұрпақтың қалыптасуындағы осы екі құндылықтың маңызы ерекше екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Білім тәрбиемен ұштасқанда ғана берекелі, сапалы болады. Білім мен тәрбие – кез келген қоғамның қос тұғыры. Бұл екеуін бір-бірінен бөліп қарауға болмайды», – деген болатын. Бүгінде мемлекетте балалардың жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөлініп келеді. Білім беру, спорт, мәдениет және шығармашылық бағыттарында жас ұрпаққа барлық мүмкіндік жасалуда. Бұл – сіздердің армандарыңыздың орындалып, елдің дамуына үлес қосатын азамат болып қалыптасуларыңыз үшін жасалып жатқан игі жұмыстар. Сіздердің әрбір жетістіктеріңіз – ата-аналарыңыздың, ұстаздарыңыздың және туған жеріміздің мақтанышы. Армандарыңыз асқақ, қадамдарыңыз нық болып, білім мен өнердің, еңбектің биік белестерін бағындыра беріңіздер, – деді ол.
Құттықтау сөзден кейін мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты. Балғындар ән айтып, би билеп, көркемөнерпаздық қойылымдар көрсетті. Әрбір өнер нөмірі көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, мерекенің сәнін келтірді. Балалардың сахнадағы еркіндігі мен шығармашылық қабілеті олардың бойындағы таланты мен ізденісін айқын аңғартты.
Балалардың шат күлкісі мен көтеріңкі көңіл-күйі салтанатты шараның басты көрінісіне айналды. Осындай тағылымды әрі мазмұнды іс-шаралар өскелең ұрпақтың бойында туған жерге деген сүйіспеншілікті қалыптастырып қана қоймай, олардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға үлкен серпін береді.
Балалар – ел ертеңі. Сондықтан олардың жарқын болашағы үшін жасалып жатқан әрбір игі іс қоғамның ортақ жетістігі болып қала бермек.

Гүлхан ЯХИЯ
02 маусым 2026 ж. 68 0