Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БЕРЕКЕЛІ БАСТАМАЛАР БАЯНДЫ БОЛМАҚ

БЕРЕКЕЛІ БАСТАМАЛАР БАЯНДЫ БОЛМАҚ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығымен барлық деңгейдегі әкім жыл бойы халықпен кездесулер өткізіп, халықты толғандыратын мәселелерге баса назар аударып, шешу жолдарын түсіндіруді және қарастыруды тапсырған болатын.
Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков бейсенбі күнгі сапарын Ақтоған ауылдық округі, ­­­Досбол­­­ датқа ауылынан бастап, тұрғындарға І жартыжылдықта атқарылған жұмыстар жайын баяндап, алдағы міндеттерге тоқталды. Жиынға аудан прокуроры Мейрамбек ­Маханбетжанов, аудандық мәслихат депутаты Асқар Бердібаев және бөлім басшылары қатысты.
Ауданда жыл басынан бері атқарылып келе жатқан жұмыстардың легі аз емес. Жаңа нысандар бой көтеріп, халық игілігіне жарап тұр. Әлі де жүзеге асып жатқан жобалар, қарқын алған құрылыстар бар. 2026 жылдың 1 мамырындағы көрсеткіш бойынша ауданның негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасқан.
Кездесуде алдымен Ақтоған ауылдық округ әкімі І жартыжылдықта атқарылған жұмыстар легіне тоқталып, алдағы жоспарын да баяндады. Сонымен қатар кездесуде тұрғындарды толғандырған мәселелер кеңінен талқыланып, елді мекендерді дамыту мақсатында атқарылатын жұмыстар сараланды.

САПАЛЫ АУЫЗСУ – ДЕНСАУЛЫҚ КЕПІЛІ
«Су – тіршілік көзі» дейді дана халқымыз. Бүгінде ауылдық округ тұрғындары сапалы ауызсумен толық қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, Досбол датқа елді мекенінің ішкі ауызсу желілері 2017 жылы іске қосылып, елді мекендегі 205 үй ауызсу желісін тұрақты пайдалануда. «Жиделі топтық су құбыры» Шиелі бөлімшесі арқылы тәулік бойы су берілуде.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ДАМУДА
Аудан экономикасының негізгі салаларының бірі – ауыл шаруашылығы. Бұл ретте, саланың дамуына көңіл бөлініп, ауыл тұрғындарының әлеуметтік саласы қоса дамып, өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалуда. Осы бағыттағы ауқымды істерге Ақтоған ауылдық округінің де үлес салмағы жоғары.
Ауыл әкімі Ержанбек Ахметовтің баяндамасында естігеніміздей ауылда 2026 жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша мүйізді ірі қара мал басы – 1313, уақ мал – 1381 және жылқы 683 басқа жеткен. Ауылда мал ауруына қарсы, уақытылы екпе вакциналары салынып, тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді.
Сондай-ақ ауыл тұрғындарының есік алды жерлерін қоса есептегенде 290 гектар жерге көкөніс және бақша дақылдарын отырғызған.

АШЫҚ ДИАЛОГ – СЕНІМ КЕПІЛІ
Кездесу барысында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков І жартыжылдық бойынша ауданда атқарылған жұмыстар мен оң өзгерістерді баяндап, ақпараттармен бөлісті. Сонан соң тұрғындар да оңтайлы сәтті пайдаланып көкейде жүрген сауалдарын жолдады.
Ауыл тұрғындары тарапынан қойылған сауалдар қатарында көше жарықтары, тоқ күшінің аздығы, көшелердің толық асфальтталуы болды. Сонымен қатар тұрғындар ауылдағы мектептің әбден ескіргенін айтып, жаңа мектеп бой көтерсе деген ұсынысын жеткізді. Қойылған сұрақтарды бір деммен тыңдаған аудан басшысы ттиісті жұмыстар жүргізетінін айтты. Ал ауыл көшесі асфальтталса деген ұсынысына ауыл әкімі көшелерді жөндеу жұмысының жобасы әзірленгенін айтып, тиісті қаражат бөлінсе құрылысты бастайтынын тілге тиек етті.
Жиын соңында аудан әкімі Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының маңыздылығына ерекше тоқталып, тазалық мәдениетін қалыптастыру – баршаға ортақ міндет екенін айтты. Осыған байланысты ауыл әкімі мен мекеме басшыларына санитарлық тазалық жұмыстарын тұрақты түрде ұйымдастырып, анықталған кемшіліктерді уақытылы жою жөнінде нақты тапсырмалар берді.

ӨРКЕНДЕУ ЖОЛЫНДАҒЫ АУЫЛ
Ауылға көңiл бөлу және оның жағдайын жақсарту – мемлекеттiк мәнi зор маңызды міндет. Мемлекеттің кешенді жобаларының нәтижесінде бүгінде ауылдық жерлердегі шешімін таппай келген біраз мәселе шешімін табуда. Ұлтымыздың алтын қазығы ауыл өмірін жақсарту мемлекеттің басты міндетіне айналғаны көңілге қуаныш ұялатады. Мұны біз аудан әкімінің ауыл-ауылды аралап, халықпен тікелей тілдесу жиындарынан аңғарып жүрміз. Әр есепті кездесуде ауылдың тұрмыс-тіршілігін, жүргізілген жұмыстарын көзбен көріп келеміз.
Бейсенбі күнгі кестеге сәйкес аудан әкімі Айтбай Жандарбековтың есепті кездесуі Алмалы ауылдық округінде жалғасты. Басқосуға аудан прокуроры Мейрамбек Маханбетжанов, ауылдық округ атынан сайланған аудандық мәслихат депутаты Асқар Бердібаев және дербес бөлім басшылары қатысты.
Алмалы ауылдық округі бойынша халық саны – 2039 адамды құрайды. Экономикалық белсенді халық саны – 930 адам болса 406-сы жастар. Қазіргі таңда ауылдық округте 45 кәсіпкерлік субъектісі, 20 шаруа қожалығы және 3 жауапкершілігі шектеулі серіктестік тіркелген. Сонымен қатар 15-ке жуық жеңіл автокөлік халыққа тасымалдау қызметін көрсетеді.

КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҚОЛДАУ БАР
Елімізде ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту және әлеуметтік мәселелерін жедел шешу мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы қарқынды жүзеге асып келеді. Өз кәсібін ашып, тіршілігін түлетемін деушілрге ауадай қажет жоба бүгінде жемісін беруде. Осындай жақсылықтан үмітті елді мекендер үшін «Ауыл аманаты» жобасы әлеуметтің табысын арттыруға, аграрлық бизнесті түлетуге, ауыл халқының тұрмысы мен сапасын жақсартуға бағытталған.
Алмалы ауылының тұрғыны Асылзат Есхожаева омарта шаруашылығына 5 млн теңге, мал шаруашылығын дамытуға Айгерім Мұратқызы 9 млн 830 мың теңге көлемінде қаржы алып кәсіпкерлік жұмысын бастаған. Сонымен қатар Гүлзайра Қоңыратбаева көлік жөндеу орнын ашу үшін 6 млн теңге қаражатқа техникалық құрал-жабдықтар алып, жұмысын жүргізуде.
Бұл да ауылда кәсіп бастаймын деген тұрғындарға үлкен қолдау болып отырғаны белгілі. Кәсіпкерлерді тиісінше қолдау – ауылдағы әлеуметтік жағдайдың жақсаруымен, алға жылжуға септігін тигізері анық.

ШАРУАШЫЛЫҚТЫҢ ШЫРАЙЫ
Алмалы ауылдық округтің жалпы жер көлемі – 2965 гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер – 1810 гектар, елді мекен жері – 961 гектар. Бүгінде округ аумағында 20 шаруа қожалығы жұмыс істеп, мал және егін шаруашылығымен айналысуда. Көктемгі дала жұмыстары барысында ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтар тарапынан 53,5 гектар жерге көкөніс және бақша дақылдары егілген.
Ауылда 2026 жылдың І тоқсаны бойынша ірі қара мал саны – 2005 бас, қой-ешкі – 1023 бас, жылқы – 687 басты құраған. Мал ауруларының алды алу мақсатында жоспарлы ветеринариялық жұмыстар мен вакцинациялау шаралары тұрақты түрде жүргізілуде.

ЖҮЙЕЛІ ЖОСПАР БАР
Ауыл әкімі Н.Абсұлтановтың баяндамасында естігеніміздей, ауылды көркейту мақсатында нақты жоспар мен жүйелі жұмыстар баршылық. Мәселен, Алмалы ауылына жаңа клуб үйін соғу, сондай-ақ Алмалы ауылдық округінде орналасқан М.Жұмабаев, Ы.Алтынсарин, №1,2,3,4,5 квартал, М.Мақатаев, Б.Майлин, М.Дулатов көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді көздеп отыр.
Сонымен қатар ауыл кіреберісіне құны 15 млн теңге тұратын жаңа арканың жобалық-сметалық құжаты аудандық экономика және қаржы бөліміне ұсынылған. Құжаттар мақұлданса алмалылық ағайындар үшін тағы бір қуанышты жаңалық болмақ.

САУАЛДАР ЖАУАПСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ
Алмалы ауылдық округі бүгінде алдыңғы көште қарқынды даму жолында келе жатқан ауыл. Осыған дейінге кездесуде көтерілген ұсыныстар мен халық өтініштері кезең-кезеңімен орындалып келе жатқаны қуантады.
Ауыл тұрғындарымен өткен жиында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков І жартыжылдық бойынша ауданда атқарылған жұмыстар жөнінде ақпарат беріп, алдағы міндеттерін ортаға салды. Әрі қарай жиын ауыл тұрғындарымен еркін форматта сұрақ-жауапқа ұласты.
Тұрғындардың алғашқы ұсынысы – жол жиегіне арнайы белгілер орнатылса. Әрине, адам қауіпсіздігі бірінші орында болғандықтан, осы мәселе әлі де толық шешімін таппай тұрғаны ауыл тұрғындарын алаңдатып тұр. Бұл мәселені аудан басшысы Айтбай Жандарбеков тиісті бөлім басшыларына тез арада қолға алу керек екенін тапсырды.
Кездесуде 21 бекет тұрғыны, ауыл ардагері Әлияр Сейітов ауылдағы балалардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін жаңа спорт кешенінің соғылуын сұрады. Сондай-ақ ауылда жарық көзінің қуаты әлсіз және ауыл тыныштығы үшін қосымша сарбаз қарастыру керегін сұрады. Аудан басшысы бұл ұсыныстардың орынды екенін жеткізіп, кезең-кезеңімен шешімін табатынын айтты.
Жиын соңында ауыл ақсақалдары елмен етене араласып, халықтың мұң-мұқтажына бейжай қарамай жүрген аудан әкіміне ризашылықтарын білдірді. Ақ жаулықты аналар мен ел ағалары ақ баталарын беріп, ел игілігі жолындағы бастамаларына толайым табыс тіледі.

М.ИБРАГИМОВ,
сурет Б.БӘЙІМБЕТТІКІ
01 маусым 2026 ж. 18 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№40 (9407).

30 мамыр 2026 ж.

№39 (9406)

26 мамыр 2026 ж.

№38 (9405).

23 мамыр 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930