ӘКІМ ЕСЕБІ: ІС ПЕН НӘТИЖЕ
Ауыл – қазақтың алтын ұясы. Өңір экономикасын дамытуда ауылдың әлеуетін көтерудің де маңызы жоғары. «Ауыл көркейсе – ел өркендейді» демекші, бүгінде Шиелі ауданына қарасты ауылдар оң өзгерістерге қадам басып, экономикалық ахуал жақсарып келеді. Ауыл көркі де бұрынғымен салыстырғанда айтарлықтай ажарлы. Тұрғындардың да тазалыққа, туған өлкесінің көркейіп-гүлденуіне деген көзқарасы ерекше қалыптасқан. Мұны біз – аудан әкімінің ауыл-аймақты аралап, халықпен өткен келелі кездесулері барысында айқын аңғардық.Мемлекеттің қарқынды дамуы үшін әр өңір белгілі бір талап үдесінен шыға білуі тиіс. Бұл еліміздің түрлі деңгейдегі әкімдерінің, яғни жергілікті билік өкілдерінің біліктілігі мен олардың атқарып отырған жұмыстарының жүйелігімен өлшенетіні белгілі. Дәстүрге айналған аудан әкімінің халық алдындағы есеп беруі – осы мақсатты көздейді. Аудан әкімінің ел алдында есеп беруі атқарылған жұмыстарды тиісті деңгейде бағалап, орындалмағандарын жедел түрде шешу үшін күш жұмылдыруға және де алдағы міндеттерді айқындап, нақтылауға мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ бұл әкімдердің іскерлігі сыналатын кезең. Бейсенбі күні аудан әкімі Айтбай Жандарбеков Тартоғай және Қоғалы ауылдық округтеріне барып, халықпен тілдесті. Жиынға аудандық мәслихат төрағасы М.Тұрабаев, сондай-ақ барлық бөлім басшылары қатысты. Тартоғай ауылдық округі – бүгінде алдыңғы көште қарқынды даму жолында келе жатқан ауыл. Осыған дейінгі кездесуде көтерілген ұсыныстар мен халық өтініштері кезең-кезеңімен орындалып келе жатқаны қуантады. Биылдың өзінде айтарлықтай тірлік жасалды. М.Ғабдуллин көшесіне заманауи үлгіде түнгі жарық шамдары орнатылған. Сонымен қатар Б.Момышұлы көшесіне толықтай асфальт төселіп, күрделі жөндеуден өтіп, Д.Ершохаев көшесі де жөнделіп, ел игілігіне табысталған. Әлеуметтік дамуы да қарқынды. Тұрғындар біткен іске сын емес, алғаусыз алғысын айтты. Келелі жиында аудан басшысы тұрғындарға жыл басынан бері атқарылған жұмыс нәтижесін баян етіп, алдағы атқарылар жоспарымен бөлісті. Өз кезегінде сөз алған ауыл халқы да елдің әлеуметтікэкономикалық дамуына бірлесе үн қосатынын жеткізді. Аудан әкімінің келесі бағыты Қоғалы ауылдық округі болды. Жоспарға сәйкес, кездесуде аудан әкімі өңірдің әлеуметтікэкономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндап, сонан соң халықпен еркін пікір алмасуға кезек берді. Қоғалы ауылдық округінде де жоспар жүйелі, жұмыс қарқынды. Биыл ел игілі үшін жастар саябағы салынып, қолданысқа берілген. Енді бұл нысан ауыл тұрғындары үшін бос уақытын тиімді әрі пайдалы етіп өткізуге жағдай жасамақ. Сонымен қатар тұрғындар көбіне ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы бағытына биім болғандықтан, өткен кездесулерде аяқсу мәселесі айтылған. Халық ұсынысы көп ұзамай шешімін тауып, қырман аумағынан арнайы ұңғыма қазылды. Әлі де жасалатын жұмыстар бар. Ең бастысы, халық үні ескерусіз қалмай, дер кезінде шешімін тауып келеді. Жиын соңында аудан әкімі ауылда атқарылған берекелі іске бірігіп атсалысқан азаматтарға алғысын айтып, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсаруы үшін әлі де ауқымды жұмыстар жүргізілетінін жеткізді. Кездесу соңында ауыл ақсақалдары бата беріп, елдің дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға толағай табыс тіледі.
Алыстағы ауылға, шалғайдағы елді мекенге барып, халықпен бетпе-бет сөйлесу, тік тұрып олардың өтініш-тілегін, сын-ескертпесін өз құлағыңмен есту – бұл әкімдерді қарапайым халыққа жақындата түсетін алғышарттың бірі және бірегейі. Соңғы жылдары әкім есебінің бітімі де бұрынғыдан өзгерек. Халықпен жүздесуге келген әкім сағаттап қағаз бетіне үңіліп баяндама оқымай, тұрғындармен еркін пікір алмасып, атқарылған жұмыстарды бүкпесіз әрі нақты жеткізіп жүр. Аптаның алғашқы күні аудан әкімі Айтбай Жандарбековтің жұмыс сапары Керделі ауылдық округінен басталды. Ауыл тұрғындарымен кездесіп, жұртшылықты мазалаған сұрақтарға жауап беруге тырысты. Сондай-ақ кездесудің төрттен бір бөлігі өңірдің негізгі әлеуметтікэкономикалық көрсеткіштері туралы баяндаманы таныстыруға, қалған бөлігі ауыл халқының сауалдарына арналды. Мұнда тұрғындар ауылға жеке учаскелік полиция қызметкері бөлінсе дейді. Аудан әкімі бұл қазіргі таңда аудан көлемінде полиция мамандарының тапшы болуына байланысты, 5 ауылдық округке 1 учаскелік полиция қызметкері жүргенін айтты. Алдағы уақытта бұл мәселенің оң шешімін табуы үшін жұмыс жүргізіп жатқандығын тілге тиек етті. Тұрғындар сауалы бұнымен аяқталмады. Ауыл ардагерлері қоғамдық көліктің жұмысын жүйелеуді, сонымен қатар көшедегі бос жүрген иттерге алаңдаушылықтары бар екенін жасырмады. Аудан басшысы тиісті бөлім басшыларына атқаруы тиіс міндеттерді жүктеп, халық толғандырған сауалдардың шешілуі үшін жұмыстар жүргізілетінін жеткізді. Аудан әкімінің келесі аялдамасы Еңбекші ауылдық округі болды. Тұрғындарға алдымен биылғы жеткен жетістіктер мен атқарылған жұмыстар легін таныстырды. Сондай-ақ тұрғындарды ауыл шаруашылығы саласы бойынша облыста Шиелі ауданы үздік аудан атанғанымен құттықтап, бұл жеңіске әрқайсысының үлесі барын айтты. Он айлық көрсеткіш бойынша мәліметтер алған ауыл халқы, көкейде жүрген сауалдарын жолдады. Олардың қатарында Қосүйеңкі елді мекенінің тұрғындары ауыз судың сын көтермей тұрғанын, «көгілдір отынның» шешімін табуын атап өтті. Сондай-ақ жаңадан салынған жол бойымен өтетін жүк көліктерінің ауыр салмақтарына шектеу қою керек екенін жеткізді. Аудан әкімі тұрғындардың әр сауалы ескерусіз қалмайтынын және тиісті жұмыстарды жасайтынын айтты. Мұнан соң аудан әкімі Жиделіарық ауылдық округіне атбасын бұрды. Аудан басшысы осы жыл үшін жемісті жыл болғанын, жаңадан әлеуметтік нысандардың ел игілігіне берілгенін атап өтті. Өз кезегінде тұрғындар тарапынан ұсыныс, пікірлерін жолдады. Ауыл тұрғындары тоқ күшінің нашарлығы, балабақшаның жоқтығына қынжылыс білдірді. Жиделідегі тағы бір мәселе – емхананың ескі болуы. Тұрғындар заман талаптарына сай емхана керегін және спорт кешені қажеттігін айтты. Аудан әкімі әрбір көтерілген мәселе қараусыз қалмайтынын, жан-жақты сала мамандарымен бірлесе отырып зерттеліп, шешу бағытында тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді. Кездесу соңында ауыл ақсақалдары аудан әкімінің жұмысына толайым сәттілік тілеп, ақ батасын берді.
Мейіржан ИБРАГИМ, сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТ








