Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ХАЛЫҚ СЕНІМІ – БАСТЫ АМАНАТ

ХАЛЫҚ СЕНІМІ – БАСТЫ АМАНАТ

Қай қоғамның да қуаты – халықтың сенімімен өлшенеді. Елдің ертеңіне деген үміт, атқарылып жатқан жұмыстарға деген көзқарас, қарапайым тұрғындардың күнделікті тұрмысындағы түйткілдер – барлығы да қоғам дамуының нақты көрсеткіші. Сондықтан ел ішіне барып, тұрғындардың талап-тілегін тыңдау, олардың мәселесіне бейжай қарамау – жауапкершілігі жоғары міндет.

Елмен етене жүздескен сәт
Осы бағытта «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының мобильді көшпелі қоғамдық қабылдау тобы Шиелі ауданындағы Бәйгеқұм ауылы мен Бала би ауылында болып, тұрғындармен ашық форматта кездесу өткізді.
Ауыл адамдарының жанайқайы мен ұсыныстары бір ғана мәселенің төңірегінде емес, бірнеше маңызды бағытты қамтыды. Бірі әлеуметтік қолдау жайын сөз етсе, енді бірі тұрғын үй мәселесін көтерді. Жол жөндеу, инфрақұрылым сапасы, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, білім беру, жер мәселесі, жаңа балабақша салу секілді мәселелер де назардан тыс қалмады. Сонымен қатар тұрғындар «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысты пікірлерін айтып, жеңілдетілген несие алу жолдары жөнінде сұрақтарын қойды.
Кездесу барысында әрбір өтініш мұқият тыңдалып, тұрғындарға заң аясында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Мемлекеттік бағдарламалар туралы кең көлемде ақпарат беріліп, құқықтық әрі консультативтік көмек көрсетілді.
Партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос ­Базартай көшпелі қабылдаудың маңызына тоқталып, мұндай кездесулердің ауыл мен билік арасындағы байланысты күшейтетінін атап өтті. Оның айтуынша, шалғай елді мекендердегі мәселелерді кабинетте отырып толық түсіну мүмкін емес. Ел арасына барып, тұрғындардың пікірін тікелей тыңдау ғана нақты шешім қабылдауға жол ашады.
Бәйгеқұм мен Бала би ауылдарындағы кездесулерге 80-нен астам тұрғын қатысып, көкейдегі ойларын ашық жеткізді. Ауыл халқы мұндай жүздесулердің нақты нәтижеге бастайтынына сенім білдірді.

Өндіріс өркендесе – өңір дамиды
Шиелі өңірі өндіріс саласындағы әлеуетімен ерекшеленетін аудандардың бірі. Мұнда еңбек етіп жүрген мамандар аймақ экономикасының дамуына өзіндік үлес қосып келеді. Солардың қатарында «Уран Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де бар.
Жұмыс сапары барысында Ж. Базартай кәсіпорын ұжымымен кездесіп, мекеменің тыныс-тіршілігімен танысты. Кәсіпорын электр энергиясын тасымалдау мен тарату, электр желілерін іске қосу, жабдықтарды жөндеу және монтаждау бағытында тұрақты жұмыс жүргізіп келеді.
Сондай-ақ мекеме әуе және кабельдік желілер құрылысын жүргізу, трансформаторлық қосалқы станцияларды орнату, реле қорғанысы мен автоматтандыру жүйелерін іске қосу жұмыстарымен айналысады. Бұдан бөлек, жылу энергиясын өндіру мен тарату, сумен жабдықтау және кәріз жүйелері қызметтерін көрсету салаларында да жүйелі еңбек атқарып келеді.
Кездесу барысында өндіріс саласындағы еңбек адамдарының рөлі кеңінен сөз болды. Себебі кез келген өндірістің артында маңдай терімен еңбек етіп жүрген қарапайым жұмысшылар тұрады. Олардың күнделікті қажырлы еңбегі аймақтың тұрақты дамуына негіз болады.
Жиын кезінде партия қатарына жаңадан қабылданған қызметкерлерге партиялық билеттер табысталып, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып жүрген азаматтарға Алғыс хаттар берілді.
Маңызды жаңалықтың бірі – кәсіпорын базасында «Уран Энерго» бастауыш партия ұйымының құрылуы болды. Бұл қадам еңбек ұжымдарындағы қоғамдық белсенділікті арттырып, ортақ мәселелерді бірлесіп шешуге мүмкіндік береді.
Кездесу соңында өндіріс саласында еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегі жоғары бағаланып, ұжым жұмысына табыс тілегі айтылды.

Жаңа дәуірге бастайтын жоба
Бүгінгі заман – технология дәуірі. Әлем күн сайын жаңарып, цифрлық мүмкіндіктер адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Мұндай кезеңде жастардың жаңа технологияларды меңгеруі ерекше маңызға ие. Осы мақсатта ұйымдастырылған «AMANAT AI ToT» жобасы Шиелі жастарына тың мүмкіндік сыйлады. Семинар-тренинг барысында қатысушылар жасанды интеллект негіздерімен танысып, нейрожелілерді қолдану тәсілдерін меңгерді.
Кездесуде цифрландырудың қоғам өміріндегі рөлі кеңінен айтылды. Жасанды интеллект бүгінде тек ІТ саласының ғана емес, барлық мамандық иелері үшін қажет құралға айналып отырғаны атап өтілді.
Семинар барысында қатысушылар цифрлық контент әзірлеу, мәтін жазу, сурет пен презентация генерациялау бойынша тәжірибелік дағдылар үйренді. Сонымен бірге алған білімдерін өз ортасында тиімді жеткізу тәсілдері де түсіндірілді.
Мұндай жобалардың басты ерекшелігі – жастардың заман талабына бейімделуіне жол ашуы. Өйткені технологияны игерген жас – болашақтың мүмкіндігін игерген жас.

Рухани құндылыққа бетбұрыс
Технология қаншалықты дамығанымен, рухани құндылықтың орны ешқашан төмендемейді. Кітап – адам ойының шамшырағы, ұлт мәдениетінің мәйегі.
Жұмыс сапары аясында «AMANAT» ­партиясы облыстық филиалының төрағасы Жандос Нұртайұлы Шиелі аудандық орталықтандырылған кітапханасында болып, «Кітап-AMANAT» жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты.
Кітапхана қызметкерлері оқырман мәдениетін қалыптастыру, кітап қорын толықтыру және жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді.
Кітап оқу – тек білім алу емес, рухани кемелденудің жолы. Әсіресе жас буынның әдебиетке жақын болуы – ұлттық құндылықтардың сақталуына ықпал етеді.
Кездесу барысында кітаптың қоғамдағы орны, жастар тәрбиесіндегі маңызы және рухани дамуға қосар үлесі жөнінде кеңінен сөз қозғалды.

Еңбек адамына құрмет
Шиелі ауданындағы жұмыс сапары аясында «РУ-6» бастауыш партия ұйымының мүшелерімен кездесу өтті. Жиында өндірістік ұжымның жұмысы, еңбеккерлердің әлеуметтік жағдайы және өңірде жүзеге асырылып жатқан жобалардың барысы талқыланды. Қатысушылар өз ұсыныстары мен пікірлерін ашық айтып, еңбек ұжымдарымен байланысты күшейту мәселесіне назар аударды.
Кездесуде бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жетілдіру, қоғамдық белсенділікті арттыру және өндіріс саласындағы тұрақтылықты сақтау мәселелері көтерілді.
Еңбек адамы – қоғамның тірегі. Кез келген жетістіктің артында тынымсыз еңбек пен маңдай тер тұрады. Сондықтан жұмысшылардың жағдайына көңіл бөлу, олардың ұсыныстарына құлақ асу – маңызды міндеттердің бірі.
Жиын соңында қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып жүрген бірқатар азаматтарға алғыс білдірілді.

Сенімнен басталатын серпін
Өңірдегі бұл кездесулер елмен ашық диалог орнатудың нақты көрінісіне айналды. Ауыл тұрғындарының мәселесін тыңдау, өндіріс саласындағы өзекті тақырыптарды талқылау, жастардың цифрлық білімін жетілдіру және рухани құндылықтарды дәріптеу – қоғам дамуының маңызды бағыттары екені анық байқалды.
Халықтың сенімі – кез келген істің басты қозғаушы күші. Ал сол сенімді ақтау үшін ел мүддесіне адал қызмет ету, тұрғындардың үнін есту және нақты нәтижеге жұмыс істеу аса маңызды. Өйткені елдің ертеңі – халықтың сенімінен басталады.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
01 маусым 2026 ж. 35 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№40 (9407).

30 мамыр 2026 ж.

№39 (9406)

26 мамыр 2026 ж.

№38 (9405).

23 мамыр 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930