БҮГІНГІ ӘРЕКЕТ – ЕРТЕҢГІ БЕРЕКЕТ
Көктемде күннің қызуы молайып, жылуы жерге жеткен шақта диқандар қауымы жер жыртып, дән себу шаруасына білек сыбана кірісетіні мәлім. «Қамданған қапы қалмайды» демекші, дала жұмысы кезінде кездесетін қиындықтарға алдын ала болжам жасап, мәселелерді дереу шешу бүгінгі дайындықтың қалай жүргізілгенінің нәтижесі болмақ.Өткен жұма аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Айтбай Жандарбековтің төрағалығымен көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысы қаралды. Жиынға тиісті сала басшылары, ауылдық округ әкімдері және шаруа қожалықтарының жетекшілері қатысып, еңбек маусымының мәселелерін талқылады.
Жиында аудан әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы Жолдауында аграрлық секторды дамытуға ерекше көңіл бөлініп келе жатқанын атап өтіп, ауыл шаруашылығы ел экономикасының тірегі әрі халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттырудағы маңызды сала екеніне тоқталды. Сондай-ақ дала жұмыстарының жоғары дейгейде жүргізілуін тапсырды.
– Көктемгі дала жұмыстары уақтылы әрі сапалы атқарылуы тиіс. Тыңайтқыш, жанар-жағармай және өзге де мәселелер бақылауға алынып, жұмыстар жүргізілген. Осыны шаруаларға жедел үлестіріп, жұмысты жүйелеген жөн. Ауыл шаруашылығы бөлімі науқанды тиімді ұйымдастырып, шаруаларға көмектесіп, жұмыла жұмыс істеуі керек. Ендігі кезекте өнімділікті арттыруға басымдық берілсін. Тұқым сапасын жақсарту, егін егу науқанында жаңа тәсілдерді енгізу жұмыстарын атқарыңыздар, – деді аудан басшысы.
Сонан соң мәжіліске арнайы келген облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Рысбек Шайхиев өңірдегі егіс науқанының ұйымдастырылуы мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы, сонымен қатар су ресурстарын тиімді бөлу, лимиттерді сақтау және заң талаптарын қатаң ұстану қажеттігі жөнінде «Арал – Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы Зейнолла Қазтоғанов, су жеткізу қызметінің тарифтері, су беру кестесі және шаруалармен өзара іс-қимыл мәселелері туралы «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы директорының міндетін атқарушы Нәжмадин Шамұратов түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Бүгінде аудан көлемінде су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Диқандар суды тиімді әрі үнемді пайдалану мақсатында тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісіне көшіп келеді. Биыл 10 мың гектар жер лазерлік тегістеуден өткізіліп, дала дүбірінде 45 техника жұмылдырылған. Тамшылатып суару әдісі ең алдымен судың ысырабын азайтудың, екіншіден өнім көлемін арттырудың бірден-бір жолы болып отыр.
Көктемгі дала жұмыстарын ұйымшылдықпен жүргізу – мол өнім алудың негізі. Әсіресе, тұқым дайындау және тыңайтқыштармен жұмыс жасау, берілген су көлемін тиімді пайдалану мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Жиынға қатысушылар егістік жұмыстары төңірегіндегі түйткілді сұрақтарын қойып, тиісті өкілдерден толыққанды жауаптарын алды.
«Көктемде түскен бір дән, күзді күні мың дән болады» демекші, басын көтеріп елден сұрауды емес, басын иіп жерден сұрауды жөн деп білетін шаруалар қауымы мол өнімге қол жеткізіп, ауданның астық қамбасын дәнге толтырсын.
Мейіржан ИБРАГИМОВ







