Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕҢБЕК ДҮБІРІ КЕРНЕГЕН ДАЛА

ЕҢБЕК ДҮБІРІ КЕРНЕГЕН ДАЛА

Сәуір – табиғаттың тосын мінезін танытатын, бірақ сонымен бірге үміттің тамырын тереңге жіберетін ай. Күн мен бұлттың арпалысы, жаңбыр мен шуақтың алмасуы – бәрі де Жер-Ананың жаңа тынысқа көшкенінің белгісі. Бір сәтте маңдайды сипаған жылы леп жанды жадыратса, енді бір мезетте төпелеген жаңбыр жердің кеудесін керіп, оны тіршілікке дайындайды. Осындай құбылмалы кезеңде дала да, адам да, еңбек те ерекше ырғаққа көшеді.
Ерте көктемнен бастап сайманын сайлап, техникасын түгендеп, үмітін жерге байлаған шаруалар үшін әрбір күн – сын. Кейде ауа райының алай-дүлей мінезі жоспарды кейінге шегерсе де, ырыстың нышаны деп қабылданады. Жер-Ананың нәрленуі, топырақтың ылғалға қанығуы – болашақ өнімнің берекесіне бастар жол. Сондықтан да диқандар әр тамшы жаңбырды жақсылыққа балап, үмітін үзбейді.
Міне, осындай үміт пен еңбектің тоғысқан сәтінде Жөлек ауылындағы «Шолпан ана» шаруа қожалығында көктемгі егіс науқанының шымылдығы түріліп, алғашқы дән себу рәсімі өтті. Тек бір шаруашылықтың ғана емес, тұтас ауданның еңбек дүбірін бастаған маңызды сәт. Қожалық төрағасы Қанат Сәулебеков бастаған ұжым жаңа маусымға тың серпінмен кірісіп отыр. Осы шараға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков, аудандық мәслихат төрағасы Мұрат Тұрабаев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил, қоғамдық кеңес төрағасы Қаблеш Бекішов, ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Тілеубек Бабасов арнайы қатысты.
Биыл аудан бойынша 31 213 гектар жерге егін егу жоспарланған. Осы алқаптың әрбір гектары – есеп пен іскерліктің, ғылым мен тәжірибенің үйлесімін талап етеді. Сондықтан да бүгінгі ауыл шаруашылығы дәстүрлі тәсілдермен ғана шектелмей, заманауи технологияларға сүйеніп келеді. Соның айқын көрінісі – жерді лазерлік тегістеу әдісінің енгізілуі. Бұл тәсіл суды үнемдеп қана қоймай, өнімділікті арттыруға жол ашады. Яғни, әр тамшы су – әр дәннің тағдырына айналып отыр.
«Дала күні» аясында «Шолпан ана» шаруа қожалығы өзінің әлеуетін кеңінен танытты. 379 гектар күріштік алқап, 160 гектар жоңышқа, 50 гектар жүгері – мұның бәрі еңбек пен жоспардың нақты нәтижесі. Әсіресе жүгері дақылын егудің жаңа тәсілдері көрсетіліп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік берілді.
Іс-шараға қатысқан аудан әкімі Айтбай Жандарбеков өз сөзінде Шиелі жерінің еңбек дәстүрін ерекше атап өтті. 42 Еңбек Ерін дүниеге әкелген, маңдай тердің қадірін терең түсінген қасиетті мекен. Сондықтан да бүгінгі диқандар сол даңқты жолды жалғастырып, таңмен таласа тірлік кешуде. Биылғы мақсат – тек жоспарды орындау емес, өткен жылдың көрсеткіштерінен асып түсіп, жаңа белеске көтерілу.
Салтанатты сәтте «Шолпан ана» шаруа қожалығының еңбеккерлері марапат төрінен көрінді. Содан соң аудан басшысы мен еңбек ардагерлері бірге дән сеуіп, ақ батасын берді.
Дала төсінде қатар тұрған жас пен кәрі – бір ғана мақсатқа жұмылған. Ел қамбасын молайту, ырысты арттыру. Шара аясында ұйымдастырылған көрме де назардан тыс қалмады. Заманауи 20 ауыл шаруашылығы техникасы, тыңайтқыштар мен гербицидтер ұсынылып, жеткізуші компаниялар өз өнімдерін таныстырды. Ауыл шаруашылығының тек еңбекпен ғана емес, білім мен технологиямен де дамып келе жатқанын көрсетеді.
Көктем келісімен дала төсін еңбек дүбірі кернейді. Әр ауылдық округте тіршілік қыза түсіп, егіс жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Диқандар үшін бұл – тынымсыз еңбек пен төзімнің, сенім мен сабырдың кезеңі. Таңмен таласа тұрып, күнмен жарыса жұмыс істеу – олардың қалыпты өмір салтына айналған. Әрбір себілген дән – ертеңгі молшылықтың бастауы. Әрбір тер тамшысы – елдің ырысына қосылған үлес. Сондықтан да диқан еңбегі – тек кәсіп емес, ол – ел болашағына қызмет ететін ұлы миссия.
Шиелілік шаруалардың тынымсыз тірлігі, жаңашылдыққа деген ұмтылысы мен еңбекке деген адалдығы – табыстың тайқазанын тасытатын басты күш. Табиғат қанша құбылса да, адам еңбегі мен сенімі одан биік тұр. Көктемгі далада басталған бұл дүбір – күзгі молшылықтың жаршысы. Ал сол молшылық – елдің берекесі мен бірлігінің айғағы.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
27 сәуір 2026 ж. 25 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№30 (9397).

25 сәуір 2026 ж.

№29 (9396)

21 сәуір 2026 ж.

№28 (9395)

18 сәуір 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930