ЕГІС АЛҚАБЫНА ДӘН СЕБІЛДІ
Сәуірдің сыйы таусылар емес. Бірде күн көзі жылт етіп, жанды жадыратса, енді бірде алай-дүлей күй кешіп, ақ жауынын төгіп алады. Не керек, көктем шыққалы құбылмалы ауа райына да бой үйреніп қалды. Дегенмен, ерте көктемнен сайманын сайлап, егіс даласына еніп кететін диқандар қауымының тіршілігін тізгіндеп қалады, кейде. Бірақ барлық нәрсені жақсылыққа балайтын шиеліліктер көктемгі жауын-шашынды көктің бітік шығуына жорып отыр. Тіпті сенбі күні егіс даласындағы дала дүбірін бастады.
Ақ күріштің атасы, дала академигі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың елінде, «Алтын дән Шиелі» шаруа қожалығының егіс алқабында «Дала күні – 2024» семинары өтіп, алғашқы дән себілді. Жиылған қауым ең әуелі әлемдік рекордты орнатып, Сыр халқының мерейін тасытқан даңғайыр диқан Ы.Жақаевтың рухына тағзым етіп, Құран бағыштады. Аудан әкімі Нұржан Ахатов «Бүгін өздеріңізбен қасиетті құт қонған, қыдыр дарыған ауданның, аймақтың мәртебесін бүкіл дүние жүзіне танытқан дала академигі, Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың рекорд орнатқан киелі ЖерАнаның алтын алқабында жиналып отырмыз. 41 Социалистік Еңбек Ерінің отаны болған Шиелінің шаруасы шатқаяқтамау үшін диқандар таңмен таласа жұмыс істейді. Қазірде егіс көлемі мен алынатын өнімді былтырғы жылдың көрсеткішінен де арттыру мақсатында көктемгі егін егу науқанына сақадай сай тұр» – деп бастады сөзінің әлқиссасын.
Одан әрі аудан басшысы ардагерлермен бірге егіс алқабына дән сеуіп, ел қамбасының астыққа толуына, шаруа еңбегінің нәтижелі болуына тілектестік білдірді. Жиылған қауым ауыл шаруашылығы техникаларының, тыңайтқыштар мен су үнемдеу технологияларының көрмесімен танысты.
Аудан басшылығына келген Нұржан Ахатов аз уақыттың ішінде ойлы-қырлы жолдарды жөндеп үлгерді. Сан саланың тамырына қайта қан жүгіртіп, өңірдің өркендеуіне біршама өзгерістер алып келді. Әсіресе, Шиелі халқының негізгі ауыл шаруашылық саласында ауыс-түйіс бар. Себебі, Сырдың суы құмға сіңгендей деңгейі төмендеп, күріш дақылының көлемін кемітіп барады. Өткен жылғы судың тапшылығын ескерген аудан әкімі биылғы егіс науқанында күріштен бөлек дәнді-дақылдар мен көкөністердің көлемін арттыруды жоспарлап отыр.
Мәселен, биыл 30 мың 109 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу межеленіп отыр. Ал «Дала күні» семинары өткізіліп жатқан «Алтын Дән Шиелі» шаруа қожалығы биыл 2 мың 640 гектар жерге егін егуде. Қазіргі таңда, аудан бойынша 581 дана арнайы ауыл шаруашылығы техникалары көктемгі егін егу науқанына қатысуда. Аталған техникалар межеленген егіс көлемін белгіленген мерзімде егіп, аяқтауға толық жетеді. Ал жанар-жағармай мәселесіне келсек, көктемгі дала жұмыстарына 1 815 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді.
Көктем келісімен дала төсін еңбек дүбірі кернеп, диқандар үшін қауырт науқанның басталатыны белгілі. Несібесін жерден жинайтын шаруалар қауымының бел жазбай еңбек ететіні де осы кез. Осындай науқан қазір ауданда да қызу жүріп жатыр. Әр ауылдық округте көктемгі егіс жұмыстары басталып, егіс дақылдарын жоспарға сай орналастыруды мықтап қолға алуда. Диқанның белі бүгіліп, далада еңбек дүбірі естіледі. Алқапқа алғашқы дән де егілді. Тұқым себу жұмыстары жалғаса түскен. Таңмен таласа тұрған диқангер қауымның бар жігері дән егіп, мол ырыс жиюға деген ұғымға тоқайласқан. Әрине, дала еңбеккерлері талмай еңбек етсе қандай межеге де қол жеткізуге болатыны анық. Шиелілік шаруалар да тынымсыз еңбектің арқасында табыстың тайқазанын тасытады деп сенеміз.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ