Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ІС ПЕН НӘТИЖЕ: ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНЫ ҚАЛАЙ?

ІС ПЕН НӘТИЖЕ: ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНЫ ҚАЛАЙ?

Аудан әкімінің көше аралап, халық пікіріне құлақ түріп, қоғаммен тығыз байланыс орнатып жүргеніне көзіміз үйренді. Расымен де қазіргі таңда халықты алаңдатқан мәселелер мамық креслода ғана емес, көше бойында-ақ шешімін дереу тапқаны қуантады. Одан бөлек, тұрғындар талап етсе, әкімдер күнтізбеден тыс кездесулер де ұйымдастырады. Бұл тәжірибе – Президент пәрменінің жер-жерлерде толық орындалып, жүйелі жүзеге асуының айқын көрінісі.
Сәрсенбінің сәтті күні аудан әкімі Айтбай ­Жандарбеков аудан ардагерлеріне құрылысы қарқынды жүріп жатқан бірнеше нысанның жұмыс барысын көрсетті. Біз де естіген бойда қойнымызға дәптер мен қаламымызды салып, кездесу өтетін орынға қарай жөнелдік.

БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТҚА БАУЛИТЫН СПОРТ КЕШЕНІ
Алғашқы кездесу алдымен Шиелі кенті, Абай көшесінде орналасқан спорт кешенінің күрделі жөндеу жұмысының басында өтті. Бұл басқосуға аудан басшысы Айтбай Жандарбеков, аудандық мәслихат төрағасы Мұрат Тұрабаев, облыстық мәслихат депутаты Дәулет Жұмбеков және аудан ардагерлері мен тиісті бөлім басшылары қатысты.
Нысанның құрылыс жұмыстарын «СК ЛИРА» ЖШС жүргізуде. Жобаның жалпы құны 249 млн теңгені құрайды. Қазіргі таңда спорт кешенінде ішкі әрлеу жұмыстары, инженерлік желілерді жаңарту, сондай-ақ шатыр жабындысын толықтай ауыстыру жұмысы іске асырылуда.
Спорт кешенін аралау барысында аудан әкімі бұл нысанның аудан тұрғындары үшін маңызға ие ғимарат екенін атап өтіп, жауапты мердігер мекемеге заман талабына сай, спортпен шұғылданушылар үшін қолайлы болу керек екенін жеткізді. Өз кезегінде ардагерлер алқасының да ой-пікірі тыңдалды. Олар бұрынғы спорт ғимаратында қалған кейбір орындарды, аудандағы үстел теннисімен айналысушы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға беру керегін, сонымен қатар баскетбол алаңындағы тақтайшаларды жиналмалы, заманауи етіп жасау керегін тілге тиек етті. Сондай-ақ құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан азаматтарға алғаусыз алғыстарын айтып, сәттілік тіледі.
Ауданда бұқаралық спортты дамыту – халықтың денсаулығын жақсартуға, жастарды тәрбиелеуге, қоғамда салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал ететін маңызды бағыттың бірі. Осы негізде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның бірі – Жөлек ауылдық округінде жаңадан бой көтеріп жатқан спорт кешені. Кездесуде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселе – көп ұзамай іске асты. Бүгінде нысанда негізгі құрылыс жұмыстары басталды. Айтылған сөз жерде қалмай, желге ұшпай орындалып жатқанына жергілікті жұрт та дән риза.

ЖОЛ ЖҮЙЕСІ ЖАҚСАРАДЫ
Автомобиль жолдарының сапасы – аймақтың техникалық, эстетикалық және басқа да көрсеткіштерінің дәлелі іспетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та «Әділетті Қазақстан. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында автомобиль жолдарының құрылысына, оның ішінде жергілікті жерлердің сапасына айрықша мән берген.
Шиеліде соңғы жылдары жол инфрақұрылымы жақсарып, көлік жүргізушілері үшін жағдай айтарлықтай жеңілдеді. Бұл жұмыстар ауданның экономикалық дамуында маңызды рөл атқаратыны белгілі. Өйткені өңірдің көлік жүйесінің жақсаруы жүк және жолаушылар тасымалын оңтайландырады.
Аудан әкімі Айтбай Жандарбековпен ардагерлер қауымының келесі аялдамасы «Самара–Шымкент–Еңбекші» автомобиль жолының күрделі жөндеу жұмысының басында жалғасын тапты.
«Самара–Шымкент–Еңбекші» жолы – аудан тұрғындары үшін маңызды көлік қатынасы желілерінің бірі. Қазіргі таңда жолдың 4,3 шақырым бөлігі «Гежуба Шиелі Цемент компаниясы» ЖШС демеушілігі есебінен жөнделуде. Жоба құны 1,3 млрд теңгені құрайды. Күрделі жөндеуден өткелі тұрған бұл жерде – жол төсемін толық жаңарту, сапалы асфальт жабындысын төсеу, жол жиегін ретке келтіру және қауіпсіздік талаптарына сай белгілер орнату жұмыстары жүргізіледі. Мерзімі – 5 ай. Құрылыс толық аяқталған сәтте тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз қатынас мүмкіндігі артып, көлік қозғалысының сапасы едәуір жақсармақ.
Еске сала кетейік, өткен жылы «Kazatomprom» ұлттық атом компаниясының еншілес мекемесі KAP Logistics серіктестігінің қолдауымен «Шиелі–Тайқоңыр» автожолына жөндеу жұмыстары жүргізілген. Аталған жоба жүзеге асырылып, 13 шақырым жол толық жөндеуден өтіп, ел игілігіне табыс­талды.
Құрылыс алаңында өткен кездесуде аудан әкімі Айтбай Насриддинұлы ардагерлер қауымына жол сапасын жақсартуға ерекше мән беретінін айтты. Сондай-ақ күрделі жөндеу жұмысын жүргізетін мердігер мекемеге сапалы әрі халыққа қолайлы етіп аяқтап, құрылыс уақытында көлік құралдарына ешқандай кедергі келтірмеуін тапсырды.
Кездесуге қатысқан Шиелі ауданы полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Болатхан Мұханов осы жол бойымен қатынайтын ауыр жүк көлік иелері мен тиісті зауыт басшыларына жүкті белгіленген көлемнен артық тиемеуге, ескертуге құлақ аспаған жағдайда заң талаптарына жүгініп, тиісті жаза тағайындайтынын жеткізді.

Мейіржан ИБРАГИМОВ

06 сәуір 2026 ж. 35 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№24 (9391)

04 сәуір 2026 ж.

№23 (9390)

31 наурыз 2026 ж.

№22 (9389)

28 наурыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930