Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ДАЛА ЖҰМЫСЫ: КӨКТЕМГІ ЕҢБЕК ҚЫЗА ТҮСТІ

ДАЛА ЖҰМЫСЫ: КӨКТЕМГІ ЕҢБЕК ҚЫЗА ТҮСТІ

Қазақ халқының ғасырлар бойғы тіршілігі жермен тығыз байланыс­ты. Даланың төсінде тер төгіп, табиғатпен тіл табысқан бабалар жолы – бүгінгі ұрпаққа аманат. Ауыл шаруашылығы – сол рухтың жалғасы, сол аманатқа адалдықтың көрінісі. Бүгінгі таңда бұл сала ел экономикасының тірегіне айналып, ел болашағына тың серпін беріп отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумында осы салаға айрықша мән беріп, нақты міндеттер жүктеді. Оның айтуынша, агроөнеркәсіп кешені – ел дамуының негізгі драйвері болуға тиіс. Президент: «Ауыл шаруашылығы бәсекеге қабілетті озық сала болуы керек. Агроөнеркәсіп кешені экономикадағы басты қозғаушы күштің біріне айналуы тиіс» деп атап өтті. Бұл – ел алдындағы тарихи міндет, ауылдың бойына қан жүгіртетін жаңа дәуірдің бастауы.
Шиелі топырағы таяқ тастасаң тал болатын құтты мекен. Ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаевтай Еңбек Ері, 10 ғасыр адамының бесеуі шыққан қасиетті қоныс. Әсіресе, ауданның агро саласында толымды тірлік көп.
Биыл Шиелі ауданы – 31 213 гектар жерге егін егуді көздеп отыр. Оның ішінде негізгі дақыл күріш 10600 га, күздік бидай 1300 га, жаздық бидай 323 га, тары 200 га, дән жүгері 2000 га, мақсары 1000 га, күнбағыс 10 га, соя 70 га , жаңа жоңышқа 2870 га, ескі жоңышқа 7630 га, мал жемдік асқабақ 120 га, жемдік жүгері 60 га сондай-ақ, картоп 235 га, көкөнiс 2250 га және 2545 гектар бақша дақылдары егіледі деп күтілуде.
Дала төсіндегі тынымсыз тіршілікті «Мың рет естігенше, бір рет көрген артық» деп ұйғарған аудан әкімі Айтбай Жандарбеков түнеу күні аудан ардагерлері және тиісті сала басшыларымен бірге Жуантөбе ауылдық округінде орналасқан «Берекелі» шаруа қожалығының көктемгі егін егу жұмысымен танысты. Біздің де мақсатымыз – тер төгіп жүрген еңбеккерлердің жұмысын көріп, шаруалармен жүзбе-жүз тілдесу.
Аталған шаруашылық бау-бақша өнімдерін өсірумен айналысып, ауыл шаруашылығында заманауи технологияларды тиімді пайдалануда. Атап айтқанда, су ресурстарын үнемдеу мақсатында тамшылатып суару әдісі енгізілген. Бұл тәсіл суды үнемдеумен қатар өнімнің сапасы мен өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, соңғы жылдары су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу бағытында аудан көлемінде ауқымды жұмыс жүргізілуде. Тамшылатып суару әдісі – ең алдымен судың ысырабын азайтудың, екіншіден өнім көлемін арттырудың бірден-бір жолы болғандықтан, жекелеген шаруашылықтар да тиімді әдістің қыр-сырын үйреніп, жаңа бағытқа қарай батыл қадам басып келеді.
Сондай-ақ, «Таң ЛТД» ЖШС 1 000 гектар және тұқым шаруашылығы 1 000 гектар жерге дән жүгері дақылын тамшылатып суару тәсілімен егуді жоспарлап отыр.
Ауыл – қазақ рухының қайнар көзі. Оның көркеюі – бүкіл елдің кемелденуінің айғағы. Бүгінгі бастама – ертеңгі нәтижелі еңбекке, мол өнімге, баянды өмірге бастайтын жол. Мемлекет пен халық бірлесіп жұмылса, бұл саланың бағынбайтын биігі жоқ.
Сондықтан ауыл шаруашылығын дамыту – тек экономиканы көтеру емес, ұлттың тіршілігін жаңғырту, болашаққа жол ашу. Жерге жаққан тер – елге құт, еңбекпен өткен өмір – шын мәніндегі бақыт. Ендеше, ерінбей еңбек еткен ел – ешқашан еңсемен жүрмейді.

М.ИБРАГИМ


06 сәуір 2026 ж. 29 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№24 (9391)

04 сәуір 2026 ж.

№23 (9390)

31 наурыз 2026 ж.

№22 (9389)

28 наурыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930