КӨКТЕМГІ ДАЙЫНДЫҚ: ҚАШЫРТҚЫ МЕН АРНАЛАР ҚАЗЫЛУДА
Дана халқымыз «Су – тіршілік көзі», «Сулы жер – нулы жер» деп бекер айтпаған. Су бар жерде береке, қайнаған тіршілік бар. Ал су шаруашылығы – жерүсті және жерасты суларын экономиканың түрлі саласында пайдалану шараларын белгілеп, оларды іске асырады. Сондай-ақ суды қорғау және оның зиян әсерімен күресумен айналысады. Ежелгі дәуірлерден бері Сыр елінің негізгі тіршілік көзі – Сырдарияның суы екені белгілі. Жүздеген жыл бойы диқан қауым дариядан тартқан тіршілік нәрімен егінін егіп, шаруасын жасап келеді. Дария бойында орналасқан өлке болғандықтан, аяқсу тек тіршілік көзі ғана емес, күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналған.Шиелі ауданы аграрлы аймақ болғандықтан, аяқсу мәселесі күн тәртібінен бір сәтке болсын тысқары қалған емес. Осы уақытқа дейін тұрғындар тарапынан көтерілген ұсыныстар негізінде нақты шешімдер қабылданып, тиісті шаралар жүргізілуде.
Өткенге көз тастап, 2021 жылы 27 сәуірде «Өскен өңір» газетінің №33 санында «Ыза су ыза тудырмасын десек...» тақырыбында жарияланған су саласының ардагері Әлияр Сейітовтің мақаласына зер салып көрейікші.
Мақалада «Шиелі ауданында орналасқан көптеген көлдер бар. Солардың қатарына Кривое, Круглое, Қанқожа көлдері де жатады. Бұл көлдердің арасы бірнеше шақырым өзек арқылы жалғасады. Осы көлдерге су екі тараптан құйылады. Біріншісі К-4 қашыртқысы, екіншісі Р-7 арнасының 165-бекетіндегі №1 қашыртқысынан бастау алатын өзек арқылы. Алайда, кімнің теңгерімінде екені беймәлім.
Аталған су қашыртқылары көп жылдардан бері ешкімнің теңгерімінде болмауына байланысты осы өзектердің арналарына қамыс, қоға өсіп, батпақпен саязданып қалған. Соның салдарынан су өткізу қабілеті өте нашарлап, судың деңгейі төмендеген кезде су тоқтап, бұзылып, сасып, балық өліп, бұл суды ішкен малдар ауырып, күн ысыған кезде жаман иіс шығып, қолқаны алады. Сондай-ақ Жансейіт, 21-бекет тұрғындарының еркін дем алуларына кері әсерін тигізуде.
Сонымен қатар осы өзектер Иіркөл ауыл округінің егістіктеріне ыза су түсетін қашыртқы есебінде де жұмыс істеп тұр, бірақ су тартылуына байланысты су кері теуіп жерлерді ыза басуда», деп халық атынан, елдің жанашыр азаматы ретінде осынау өзекті мәселені көтерген болатын. Міне араға аздаған жылдар салып, бұл жөнінде де ауқымды істің алғашқы легі қарқын алып, бүгінде арық-атыздардың бойы тазаланып, қайта қазылып жатыр.
Бейсенбі аудан әкімі Айтбай Жандарбеков аудан ардагерлері және тиісті сала басшыларымен бірге 21 бекет елді мекенінің бойымен өтетін К-4, L-5 қашыртқы арналары мен Өзек арнасының тазалау жұмыстарының жай-күйімен танысу үшін арнайы барды. Тұрғындармен тілдесіп, ардагерлерге жұмыс жайын баяндады.
Сондай-ақ аудан әкімі Айтбай Насриддинұлы өз сөзінде жоғарыда аталған жұмыстарға айрықша қолдау білдірген «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы директоры Нәжмадин Шамұратовқа аудан халқының атынан алғысын жеткізді.
Кездесу барысында 21 бекітінің тұрғыны Шопанбек ақсақал атарылып жатқан жұмыстарға ризашылығын білдіріп, соңғы 50 жылда мұндағы қашыртқы арналарының қазылмағанын тілге тиек етті. «Елу жылда – ел жаңа» демекші, міне бүгін көптің тілеуі орындалып, арнайы техникалар күн-түн демей қазу жұмыстарын сапалы әрі жүйелі етіп жүргізуде. Бұл жұмыстар – елді мекендердің ыза судан толық арылуға, сонымен қатар егістік жерлерге аяқсудың еркін жетуіне оң ықпал етеді дейді мамандар.
«БАЗАР АРЫҒЫ» КАНАЛЫ ЖАҢАРУДА
Әрі қарай аудан әкімі Айтбай Жандарбеков және аудан ардагерлері кенттегі «Базар арығы» арнасына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмысымен танысты.
«Сырдария» өзенінен 22 бекет арқылы келетін, тұрғындарды аяқ сумен қамтамасыз етіп отырған «Базар» арығы «Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы «Табиғат» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны» теңгерімінде.
«Базар» арығының жалпы ұзындығы 8400 метр. 2016 жылы 2886 метріне темір-бетонды науа салынған. Темір-бетонды лоток салынбаған жері 5514 метр. Бүгінде бұл арықтың қалған бөлігін бетондау жұмыстары ажүргізілуде. Жобаның жалпы құны 553 000,0 мың теңгені құрайды.
Айта кетейік, «Базар» арығы арқылы 235,0 га, 944,0 га жайылымдық, 47,0 га дәнді дақыл жерлері, сонымен қатар 118 000,0 дана екпе талдар, 24 300 дана жеміс ағаштары суарылады.
Құралыс алаңына арнайы барған аудан әкімі тұрғындардың талап-тілегі басты назарда екендігін айтып, жұмыстың сапалы жүруін және тұрғындарға қолайлы болатындай етіп аяқтауды тиісті мамандарға тапсырды.
Тілшілік тіршілікпен жүріп аудан көшелерін аралап, арнайы техниканың тоқтаусыз жұмыс істеп жүргенін жиі көруге болады. Көктемгі дайындықтың осыншалықты тұрақты жүзеге асуы әрине қуантады. Арық ішіндегі лай мен бөгеттер тазартылғанда ғана аяқсу өз бағытымен еркін ағып, тұрғындардың ауласына жетеді. Бұл бір жағынан, тазалықты сақтап, экологиялық мәдениетті нығайтса, екінші жағынан табиғатты қадірлеуге үйретеді. Алдағы уақытта осы тектес жұмыстар өз жалғасын табатынына біз де кәміл сенеміз.
Мейіржан ИБРАГИМОВ







