Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарихқа тағзым – ұрпақ алдындағы жауапкершілік

Тарихқа тағзым – ұрпақ алдындағы жауапкершілік

Тарихи-мәдени мұра – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани жадын сақтайтын асыл қазына. Әрбір көне кесене, қорым, жартастағы сурет немесе археологиялық орын – өткен мен бүгінді жалғайтын алтын көпір. Сондықтан оларды қорғау, сақтау және келер ұрпаққа аман жеткізу – баршамызға ортақ міндет.
Бүгінде аудан аумағында мемлекет қорғауына алынған 42 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Оның ішінде 3 республикалық маңызы бар ескерткіш, 37 жергілікті маңызы бар нысан және алдын ала есепке алынған 2 тарихи орын тіркелген. Солардың ішінде ерекше маңызға ие нысандардың бірі – ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілген Сауысқандық шатқалындағы жартастағы бейнелер кешені.
Сауысқандық шатқалындағы петроглифтер – Сыр өңіріндегі ежелгі өркениеттің шежіресі. Қаратау сілемдеріндегі жартас беттеріне қашалып салынған бейнелердің тарихы қола дәуірі мен ерте темір дәуірлерінен бастау алады. Мұндағы әрбір сурет көне адамдардың дүниетанымын, тұрмыс-тіршілігін, наным-сенімін және табиғатпен байланысын айқын көрсетеді. Петроглифтерде аңшылық көріністері, жануарлар бейнелері, салттық рәсімдер мен мифологиялық сюжеттер кеңінен кездеседі. Әсіресе арқар, бұғы, жылқы бейнелері жиі ұшырасады. Бұл суреттер – жай ғана тасқа салынған таңба емес, ол – бабаларымыздың өмірінен сыр шертетін тарихи дерек.
Осындай баға жетпес мұраларымыз бүгінде мемлекет қорғауына алынып, оларды сақтау мен насихаттау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен соңғы жылдары тарихи орындарға зиян келтіру жағдайларының жиі орын алуы алаңдатады. Әсіресе жаппай табиғатқа демалысқа шығатын науқан кезінде кейбір азаматтардың жартас бетіне өз есімдерін жазып кетуі, түрлі белгі қалдыруы, тас беттерін бүлдіруі секілді келеңсіз әрекеттері жиілейді. Бұл – тарихи мұраға жасалған құрметсіздік әрі болашақ ұрпақ алдындағы үлкен жауапсыздық.
Мыңдаған жылдар бойы табиғаттың, уақыттың сынынан аман жеткен тарихи бейнелердің адам қолымен бүлінуі өкінішті. Өйткені мұндай мұралар қайта қалпына келмейді. Бір өшкен бедер – тарихтың бір бетінің жоғалуымен тең.
Тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау тек мәдениет саласы мамандарының немесе мемлекет бақылауындағы мекемелердің ғана жұмысы болмауы тиіс. Бүкіл қоғам болып атсалысатын ортақ іс деп қабылдау керек. Әрбір азамат тарихи орындарға құрметпен қарап, оларды көздің қарашығындай сақтауға үлес қосуы қажет.
Қазіргі таңда мәдени мұраларды насихаттау жұмыстары да маңызды бағыттардың біріне айналып отыр. Себебі тарихи санасы қалыптасқан ұрпақ қана елдің рухани құндылықтарын бағалай алады. Сондықтан жас ұрпақтың бойына туған жердің тарихына деген құрметті қалыптастырып, тарихи-мәдени мұралардың құндылығын терең ұғындыру – бүгінгі қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі.
Сауысқандық шатқалындағы жартастағы бейнелер кешені – күллі адамзат өркениетінің ортақ мұрасы. Оны қорғау – өткенге құрмет, болашаққа аманат.

Айнұр ӘБІЛДАЕВА,
аудандық мәдениет және тілдерді ­дамыту бөлімінің ескерткіштерді қорғау жөніндегі маманы
15 мамыр 2026 ж. 27 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№35 (9402).

13 мамыр 2026 ж.

№34 (9401).

09 мамыр 2026 ж.

№33 (9400).

05 мамыр 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031