Шиелі ауданында 49 тарихи-мәдени ескерткіш мемлекет қорғауына алынған
Ұлттық руханият пен мәдениеттің өркендеу жолында өзіндік орны бар дүниелердің бірі – тарихи-мәдени ескерткіштер. Олар қашанда өткеніміз бен мәдениетіміздің құнды жәдігерлері ретінде күні бүгінге дейін өз маңызын жойған емес. Себебі, Тарихи мұралар елдің өткенінен сыр шертер халықтың ұлттық құндылығы ғана емес, кешегісі мен бүгінін саралауға мүмкіндік береді. Ескерткіш мұралары – көне тарихтың куәсі деуіміз де сондықтан. Оның келешек ұрпаққа тәлім тәрбие беруде де маңызы зор.
Қазіргі таңда Шиелі ауданы бойынша 49 тарихи-мәдени ескерткіш мемлекет қорғауына алынған. Оның 3-еуі республикалық маңызға ие. Ал жергілікті маңыздағы ескерткіштер қатарына 28-і кіреді. Қалған 20 тарихи-мәдени мұра объектілері алдын ала есепте тұр. Аудан көлеміндегі 8 ескерткішке қорғау тақталары орнатылып, төлқұжаттары рәсімделген.
Қазіргі таңда «Қызылорда облысының тарихи және мәдени ескерткіштеріне QR-код орнату» жобасы аясында Шиелі ауданы бойынша мобильді қолжетімді жерлердегі 16 тарихи және мәдени ескерткіштерге QR-код тақтайшалары орнатылған. Сол арқылы тарихи-мәдени ескерткіштер туралы мәліметті алуға болады.
Сонымен қатар, қасиетті жерлерді сандық форматқа көшіру және олар туралы әлеуметтік желі қолданушыларына қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджет есебінен жергілікті маңызы бар киелі жерлердің 3D форматтағы интерактивті картасы дайындалып, облыстық жергілікті атқарушы органдардың сайттарына орнатылды.
Әрбір ескерткіш орналасқан аумағына қарай сол жердің өткен тарихынан хабардар ететін ұлт байлығының рухани қазынасы екені баршамызға мәлім.
Тарихи-мәдениет ескерткіштерді түпнұсқа қалпында яғни қираудан, бүлінуден сақтау мыңызды мәселенің бірі. Мәдени құндылықтардың тоналуы, олардың зақымдануы кез келген елдің, халықтың тарихын, мәдениетінің күйреуіне, жойылуына алып келеді.
Сондықтан тарихи-мәдени мұралар көне тарихтың куәсі, өткенімізден сыр шертіп, бүгінгі күнге дейін сақталып, жетіп отырған ескерткіштерді қорғау мен сақтау, оларды насихаттау әрбір азаматтың еліне, туған жеріне деген жанашырлығы, қамқорлығы болмақ.