Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » САУЫСҚАНДЫҚТАҒЫ САН ҚЫРЛЫ СУРЕТТЕР

САУЫСҚАНДЫҚТАҒЫ САН ҚЫРЛЫ СУРЕТТЕР

Жуырда ҚР Парламент Мажілісінің депутаты Мұрат Әбенов, көмекшісі Мұрат Балабай және Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Бекболат Әбутегі Қазақстандағы бірегей археологиялық, тарихи орын – Қаратау жотасындағы «Сауысқандық шатқалында» орналасқан еліміздегі ең көне петроглифтерге барып, бүгінгі жай-күйімен танысып қайтты.
Кез келген өркениет өзегін қатпар-қатпар тарих қойнауындағы археология ғылымынан іздейтін болсақ, шежірелі Шиелінің де түпкі төркінін осы санаттағы ескерткіштерден бастаған жөн шығар.
Тұран ойпатындағы осы өлкенің тарихы да ықылым замандардан бастау алады. Бойына сан мың сырды жасырған шоқтығы биік, тарихи орындардың бірі «Сауысқандық шатқалындағы петроглифтер кешені».
Сауысқандық шатқалы Шиелі ауданының шығыс бөлігін бауырына басып жатқан қарт Қаратау жотасында, Еңбекші ауылынан 50 шақырым қашықтықта орналасқан.
Ескерткіштер орналасқан аумақ 473,3 гектар жерді алып жатыр. Қорғау аймағының көлемі 85 га, құрылыс салуды реттеу аймағы 130,1 га, қорғалатын табиғи ландшафт аймағының көлемі 122,8 га. Петроглифтердің мерзімделуі біздің заманымызға дейінгі ІІ-ші мыңжылдықты қамтиды.
Тау тастарындағы сызбалар сан-түрлі тәсілдермен қашалып, оған көп бейнелер салынған. Онда шаруашылық, тұрмыс-салт пен жөн-жоралғы дүниетанымы тасқа басылған.
Мұндағы петроглифтердің барлығы әртүрлі сюжеттер мен композицияларға біріккен сан-алуан тұрмыстық, діни танымдық, мифологиялық ой-өрістермен тікелей байланысты.
Бұл кешендегі петроглифтер 8-10 мыңға жуық сюжетті құрайды. Ең көрнекті сюжеттер қатарында қолдарына шоқпар ұстаған ер адам бейнелері тұр. Көп жағдайларда бастарына аң немесе құс іспеттес маска киіп, мал терісін жамылған бейнелер қола дәуіріндегі діни нанымның ерекшеліктерін және оның кейбір ғұрыптық тұстарын көрсетеді.
Жартастағы суреттер Сауысқандық, Бала Сауысқандық тауларының солтүстік, солтүстік-шығыс, солтүстік-батыс беткейлерінде, Күркіреуіктің оң жағалауындағы қыратта және Сауысқандық өзенінің оң жағалауында орналасқан. Үлкен Сауысқандық және бала Сауысқандық тауларының аралығында орналасқан петроглифтерді шартты түрде 5 топқа бөліп қарастыруға болады.
Петроглифтер сюжеттерінің ішінде Қаратау мен іргелес аудандардың фаунасы мен мекендейтін жан-жануарларды бейнелейтін зооморфты бейнелер басым. Жартас суреттерінің арасында антропоморфты бейнелерді, арбалар, аңшылық сюжеттерін, солярлық таңбаларды, «күн басты» тіршілік иелерін кездестіруге болады.
Қаратау петроглифтерінің мерзімдік ерекшеліктері ежелгі қола дәуірінен бастап, ортағасырлық кезеңдер мен кейінгі қазақ гравюраларына дейінгі аралықты қамтиды. Демек, қола дәуірі – Еуразия кеңістігін қоныстанған сан-алуан халықтардың бейнелеу шығармашылығындағы, әсіресе жартасқа сурет салу өнерінің шарықтау шегіне жеткен кезеңі болып табылады.
Сыр бойындағы бейнелеу өнерінің тарихы Қаратау сілемдеріндегі жартастар бетіне қашап, ойып салынған адамдар мен жануарлар тұрпатты петроглифтерден бастау алады.
Аталған орынның ерекшелігін, тарихының тереңде екендігін ескеріп, мемлекеттік қорғау тізбесіне ендіру мақсатында Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік уиверситетінің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Сағымбай Мұрғабаевпен бірлесіп, 2011-12 жылдары кешен аумағына барлау, зерттеу жұмыстарын жүргізген болатынбыз. Зерттеу қорытындысымен табиғи жақпар тастарға салынған суреттерге қауіп төндіріп тұрған сол аумақтағы «Ванадии зауытының» жарылыс жолымен алатын кен орны аймағының шекаралары бекітіліп берілді.
Сонымен қатар, құзырлы орындарға тиісті құжаттарды ұсыну нәтижесінде «Сауысқандық шатқалындағы жартастағы бейнелер» ескерткіштер кешені 2013 жылы облыстық комиссияның шешімімен есепке алынса, 2016 жылы Қызылорда облысы әкімдігінің қаулысымен қорғау аймағы белгіленіп, бүгінгі күні ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұралар тізбесінің алдын-ала тізіміне енгізілген.
Сауысқандық петроглифтері - тарихы терең археологиялық ескерткіш екендігімен қоса табиғат ландшафтысы ерекше туристік нысандардың бірі.
Жыл сайын Сауысқандық шатқалында түрлі персс-турлар, туристік экспедициялар ұйымдастырылуда.
Дегенмен, аталған тарихи орынның, тастағы таңбалардың бүгінгі жағдайы сын көтермейтіндігін ескеріп, тиісті жауапты орындар шұғыл іске көшкені абзал.
Бір қыр асып орналасқан ванадий кен өндірісінің жарылыстары салдарынан, табиғи факторлардың әсерінен қатпар жынысты петроглифтер салынған тақта тастар сөгіліп, құлап, көз алдымызда құндылықтардан айырылып жатырмыз. Одан бөлек егесіз орынға саяхаттап келген мәдениеті төмен туристер тастағы таңбаның үстіне аты-жөнін шимайлап жазып, адам көргісіз жағдайға жеткізген жерлер де жетерлік. Осы қалпы әрекетсіз отырар болсақ, шұғыл қорғау шаралары қолға алынбаса, 4000 жылдық тарихы бар петроглифтерді 4-5 жылда жоғалтып алуымыз әбден мүмкін. Халық қалаулысы Мұрат Абдуламитұлы аталған проблеммалық мәселелерді үкіметтің назарына ұсынатындығын, депутаттық сауал жолдайтындығын айтты.
Тек Шиелі өңірі үшін емес, жалпы Қазақстан тарихында өзіндік орны бар, алтынға айырбастап ала алмас, қайталанбас жәдігерлерді қойнауына жасырған ата қоныс, Қаратаудағы ескерткіштерімізді сақтап қалуға атсалысайық ағайын !

Бекболат Темірәліұлы,
Шиелі аудандық тарихи-өлкетану
музейінің ғылыми қызметкері
07 қыркүйек 2023 ж. 361 0