ТАҢБАЛЫ ТАСТАҒЫ ТАРИХ
Тау тасына тіл біткен, қатпар-қатпар Қаратаудың қай қиырына барсаңыз да айтылмаған аңызға, сырлы шежіреге тап боласыз. Бүгін біз сөз еткелі отқан жердің әрбір сайы мен саласы, аңғары мен атырабы тағылымды тарихқа толы. Ол қасиетті орын қола дәуірінде салынған Сауысқан шатқалындағы – петроглифтер.
«Қарт Қаратау, сұлу сыр, Қойнауы толған ән мен жыр» деп Манап Көкеновтың жыр-шумақтарында шындық жасырылып жатқаны анық. Бұл Қаратаудың қойнауында әлі де қаузалмаған құпиялар көп-ақ. Солардың бірі – таңбалы тастар. Асылында Қаратауда 10 мыңға жуық петероглифтер бар делінеді. Әзірге оның Сауысқандықтан 200-ге жуығы анықталып отыр. Айта кету керек, петроглифтер ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұрасының алдын ала тізіміне енгізілген. Бірақ аталған тарихи нысанға мамандар әлі де болса кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізу керек дейді.

Қаратау етегіндегі Сауысқандық шатқалы Шиелі ауданы, Еңбекші ауылынан 50 шақырым қашықтықта орналасқан. Аумағы 500 гектарды құрайды. Тас және қол дәуірінің мәдениетінен көрініс беретін суреттерді ғалымдар Сыр өңіріндегі бейнелеу өнерінің бастауы деп бағамдайды. Қола дәуіріндегі тайпалардың дүние танымы табиғатқа түгелдей тәуелді болған. Сол кездегі байырғы адамдар табиғатты ерекше құдірет білген, таныған. Қала берді жартастағы бейнелерді көріп те ерексіз сондай ойға кенелесің. Негізі Сауысқандық шатқалындағы бейнелер антропоморфтық фигуралар болып табылады. Бұл жерден маралды, түйені, арқарды, арбаға мініп аң аулаған адамдарды және де бұғыларды байқауға болады. Ғалымдар бұл бейнелерді әйгілі таңбалы тастардағы бейнелерден кем түспейді деген пікір айтады.
Бүгінгі ғылымда европоцентризм деген ұғым бар. Тарқатып айтар болсақ, бұл қандай бір археологиялық ашылулар болса, олардың барлығы тек Еуропа елдеріне ғана телінеді. Ал қазіргі заманауи философтар «Өркениет Еуропа да емес, Батыс та емес, керісінше Шығыста пайда болған» деген тұжырымды айтып жүр. Шынында да, Шығыста пайда болған сол өркениетке біздің бабаларымыз өзіндік өлшеусіз үлестерін қосқан. Қалай дейсіз ғой? Олар сол заманда ешқандай техника құралдарды қолданбай, алып тастарға бейнелерді қашап салған. Демек, олардың ой-өрісі, мәдениеті өте жоғары болған десек болатындай. Қоса кеткен жөн, тастардағы таңбалар қашалып, кескінделіп, жанамаланып салынған болуы керек. Және бұл тарихқа толы тастар қорғауға алынған. Бұл жерден бірде-бір тас алынбайды. Себебі келер ұрпаққа мұра болып қалуы тиіс екендігін мамандар айтып отыр.
Көнеден қалған ескерткіштің құндылығына қарап, «Қаратау – адамзаттың тас бесігі» деп тұжырым жасауға толықтай негіз бар. Байырғы бабалар «Тозған ел тарихын жаспен жазады, Озған ел тарихын таспен жазады» деп бағамдаған. Ендігі осынау қалыбы бұзылмаған құндылығымызды болашақ ұрпаққа басы бүтін аманаттау бүгінгі сіз бен біздің асыл борышымыз.
С.МАДИЯРОВА