Жас ғалымдар
Туған жердің табиғатына сүйсініп, тылсым дүниелердің сырлы құпиясын ашу кез-келгенге қол емес. Әсіресе, тасқа жазылған тарих қашама ғасырдың есігін ашып, өткен күндерден белгі беретін құндылық. №149 Ә.Монтаев атындағы орта мектептің 4-сынып оқушысы Сымбат Теміралиева мен 3-сынып оқушысы Шәрбат Теміралиева сынды жас ғалымдар тарихқа терең бойлай отырып, «Сауысқандықтағы сан ғасырлық суреттер» атты ғылыми жобаны қорғап шықты.
Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Бекболат Әбдуовтың жетекшілігімен жартастағы суреттердің қыр-сырына қаныққан оқушылар кез-келген сауалға мүдірмей жауап қатты. Жалпы, петроглифтер арқылы қазақтың дәстүрлі өнерінен, тасқа салынған суреттерден бізге дейінгі жеткен жазба деректерден халқымыздың жасампаздығы мен шығармашылығын аңғаруға болады. Қазақстан жерін ықылым заманнан бастап-ақ мекендей бастаған дала тайпаларының түп-тамыры бірегей рухани жетістіктері, қолдарымен жасап қалдырған өзіндік көне мәдениеті болып табылатын жартастағы бейнелердің ірі бөлігі Шиелі ауданына қарасты Еңбекші ауылынан 50 шақырымдай қашықтықта орналасқан үлкен Қаратау жотасының оңтүстік батыс сілеміндегі Сауысқандық шатқалынан табылып отыр. «Үлкен Қаратау петроглифтері» сияқты тарихи орындарды, әрбір адам өз халқының, өз өлкесінің рухани, тарихи және материалдық мәдениетін білуімен қатар, бағалуы тиіс. Жас ғалымдарға бағыт-бағдар берген №149 Ә.Монтаев атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Гүлмира Оспанова, Гүлжайна Исакова оқушыларының тарихқа деген қызығушылығы жоғары екенін тілге тиек етті. Зерттеу жұмысын қорытындылаған С.Теміралиева «Сауысқандық шатқалындағы петроглифтерді бүлінуден (вандализм) сақтау шараларын жүргізсе; аталған орынға әлемдік стандарттарға сәйкес қорғау шарттары туралы жарнамалар, тақталар орнатылса, тарихи объектіге туристер тартылса, мектеп оқушыларының қызығушылығын ояту мақсатында туристік саяхаттар ұйымдастырылса» деген ұсынысын да білдірді.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.