Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АҒЫН СУДЫ АЛТЫНҒА БАЛАҒАН

АҒЫН СУДЫ АЛТЫНҒА БАЛАҒАН

Ерте көктемнен қара күзге дейін егістікте еселі еңбек етіп, істің көзін тапқан диқандарды қалай дәріптесек те жарасады. Бірақ бүгінгі әңгіме егінші қауымының еткен еңбегін еселеп қайтаруына өзіндік үлес қосып, өңірдің тұла-бойына нәр берген арықканалдардың, қашыртқылардың, тоғандардың инженерлік жүйесін жасап, құрылысын жүргізіп, оларға уақытылы су жіберіп жүрген мұраптар жайлы болмақ. 

Елімізде 9 шілде – Су шаруашылығы қызметкерлері күні ретінде биыл алтыншы мәрте тойланды. Иә, аймақтың агросалада айтулы табысқа жетіп, көзге түсіп, диқаннан депутатқа, еңбек еріне, халық қалаулысына айналған талай-талай атпал азаматтардың бағының жанып, бабының келісуіне су шаруашылығы мамандарының қосқан үлесі ерекше. Былайғы уақытта елене бермейтін мамандықтың қадірін су тоқтап не құбыр жарылғанда ерекше сезінесің. Сусыз тіршілік жоқ. Ал оның қысы-жазы үздіксіз кәдеге жарап отыруына үлес қосатын еңбек адамдары құрметке лайық. Қазақта «Су патшасы мұрап, түн патшасы шырақ», «Бағбан жемісті ағашын айтар, мұрап суының сағасын айтар, шопан өсірген қойын айтар, диқан шығымды еңбегінің бабын айтар» деген тәмсілдер бар. Қарап отырсаңыз, суға қатысты сенім-нанымдардан бөлек осындай ұлық сөздері халқымыздың бұрыннан-ақ су саласы мамандарына деген, олардың қадір-қасиетіне деген ерекше ықыласын айқындайды. Су – тіршілік көзі десек, су шаруашылығы – жер үсті және жер асты суларын экономиканың түрлі салаларында пайдалану шараларын белгілеп, оларды іске асырады. Сондай-ақ суды қорғау және оның зиянды әсерімен күресумен айналысады. Ежелгі дәуірлерден бері Сыр елінің негізгі тіршілік көзі Сырдарияның суы екені белгілі. Жүздеген жылдар бойы диқан қауымы дариядан тартқан тіршілік нәрімен егінін егіп, тіршілігін жасап келеді. Бұған өңірімізде, Ханқожа көлі айналасынан табылған шығыр құмыралары, ежелгі арық-каналдардың табандары дәлел.
Мұратын мұраптықпен байланыстырғандар
Бүгінде ауданға аяқсудың іркілмей берілуіне, арық-каналдардың арнасынан тасымай, табаны қурамай қалыпты тұруына бірден-бір жауапты «Шиелісушар» мекемесі бар. Шежірелі тарихы бар нысанды алғаш 1939-1950 жылдар аралығында А.Төлтаев басқарған. Кейін Г.Дүйсебаев, 1950- 1955 жылы С.Сарсенбаев, 1956-1958 жылы Ш.Бәкіров, 1958-1970 жылдары А.Бекенов, 1970-1998 жылдар аралығында П.Егенов, 1998- 2021 жылдары Ә.Мақұлбеков басшылық қызмет атқарса, 2021 жылдан бастап осы күнге дейін Д.Әубәкіров «Шиелі сушар» мекемесінің тізгінін ұстап келеді. Ауданның су шаруашылығының жақсаруына, ісінің айтарлықтай алға озуына, саланың дамуына өзіндік үлесін қосып, жемісті қызмет атқарған Мұхамедияр Сейтов, Г.Кан, Т.Апбасов сынды ағалардың да еселі еңбектерін қалың ел ұмытпайды. Аталған азаматтар мұқым жастық ғұмырын, бүкіл қажыр-қайратын аталған салаға сарп еткенін Сыр диқандары ешқашан жадынан жоймақ емес. Кешегі кеңес кезінен-ақ күш-қайратын, асыл мұратын мұраптықпен байланыстырған кісілердің жолын қуып, ізін басқан бүгінгі мекеменің табысты жұмысының тағы бір сыры ондағы жұмыс істейтін мамандардың біліктілігінде. Алдыңғы буын мен кейінгі толқынның сабақтастығында жатыр. Бүгінде мекемеде мұратын мұраптықпен байланыстырған 96 қызметкер жұмыс істейді. Осыдан 6 жыл бұрын, яғни 2019 жылы 9 шілде елімізде су шаруашылығы қызметкерлері күні болып бекітілген болатын. Бұл мейрам сала мамандары үшін ғана емес, қара жерден нәпақасын тауып отырған әрбір жан үшін маңызы зор. Өйткені, диқан қауымы мен қарапайым шаруаның судан тапшылық көрмей, күзде мол өнім алуы үшін «Шиелісушар» мекемесінің жұмысы да табысты болуы қажет. Адамзат пен табиғат үйлесімінде тірішілік қызметін реттеп отырған сала қызметкерлерінің еңбегі қашан да ерен. Ел аумағында құрғақшылық алқымнан алған тұста арнасы кепкен көлдер мен табанынан шаң бұрқыраған атыздарға Сырдың суын үнеммен үлестіріп, Жер-ана бұлағын байыпты болжаммен бағыттаған берекелі істерін халық біледі. Жылдың төрт мезгілінде дамыл таппай, су бөліп беру шаруасын ұқыптылықпен атқаратын гидротехник мамандары біздің ауданда да тапшы. Дегенмен, жауапкершілік жүгін, артылған сенім үдесін биік қоятын сала майталмандары әркезде де өз ісіне ұқыпты. Сондықтан да олар мәртебе мінберінде болуы тиіс. Бұл салада кәсібіне деген құрметті ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан сала ардагерлері мен мамандардың еңбегін ел біледі. Қазіргі уақытта осы мекеменің тізгінін ұстаған Дихан Әубәкіров 1985 жылдан бастап мекемеде құдық шебері, инженер-гидрометр, бас инженер, учаске басшысының орынбасары қызметтерін атқарған. Қызметтің түрлі сатысында шыңдалып, адал еңбегінің арқасында басшылық қызметті абыроймен атқарып келеді.
Су – ел ырысы
Жасыратыны жоқ, бірнеше жылдан бері Сырдария өзенінің суы тартылып, шаруалар тарапында қиындылықтар орын алуда. Соңғы 30 жылда осы шекаралық су мәселелерін реттеуде ортақ нақты келісімнің болмауы тек агроөндіріс сипатындағы ғана емес, экологиялық мәселеге алып келе жатыр. Сондықтан мемлекетаралық қатынаста су саяси ресурсқа айналмауы қажет. Оның бір мысалы – Арал теңізі. Сондай-ақ егін алқаптарының аумақтары ұлғаюда. Мұның барлығы түптеп келгенде суды үнемдеудің өзектілігіне алып келіп отыр. Иә, жайылымдық егістікке реттілігімен суды таратып беруде оңай шаруа емес. «Өгіз өлмейтіннің, арба сынбайтынның» жолын тауып отырған «Шиелісушар» мекемесінің басшысы Дихан Әубәкіровтың тәжірибелі саясатымен, өз ісінің майталман маманы болғандықтан су тапшылығының салдары шаруалар тарапына айтарлықтай білінбей отыр. Осы тұста көп жылдық тәжірибесі бар, білікті маман, «Шиелі сушар» өндірістік учаске бастығының орынбасары Нұрғали Мырзабековті де тілге тиек етуімізге болады. Өзінің жұмысына деген қызығушылығы мен еңбекқорлығының арқасында бүгінгі күні абырой биігінен көрініп, жас мамандарға бағыт-бағдар мен үлгі-өнегесін көрсетуде. Биыл сағадан Шиелі ауданына 705 млн текше метр су бөлінген. Оның ішінде: егістікке – 585 млн текше метр, экологиялық қажеттілікке 120 млн текше метр су жұмсалған. Су жеткізіп беру үшін жыл басында 137 шаруашылықпен келісім-шартқа отырған. Аталған шаруашылықтардың еккен егіс көлемі – 16310 гектар. Оның ішінде негізгі күріш дақылы – 12260 гектарды құраса, басқа дақылдар – 4050 гектарға орналастырылған. Жалпы өндірістік учаске есебінде Жаңа Шиелі, Ботабай, Жаңа Сұлутөбе, Қамысты-қақ, Көксу суландыру жүйелері жұмыс істейді. Сонымен бірге магистралды және шаруашылықаралық жалпы ұзындығы – 292,8 шақырымды құрайтын 14 канал, 262,2 шақырым болатын 6 қашыртқы, 81 шақырым қорғаныс дамбылары, су құрылыстары, су өлшегіш посттар бар.
Іскерлік – суды да ұқсатады
Биыл жыл басынан бері «02», «R-10», «R-8» каналдарына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Жыл соңына дейін «R-12» шаруашылықаралық каналының 11,2 шақырымына инвестициялық жоба есебінен механикалық тазалау, «Жаңа Бестам» каналының 320 бекетінің тоспасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Қазіргі таңда аудан көлеміндегі егіс алқаптарына 61 насос қондырғылары орнатылған. Оның 19 данасы су шаруашылығы есебінде. Қазіргі таңда мұрап болуға көп жастар қызығып, мойын бұрып қарай қоймайды. Себебі күннің ыстығы мен суығында дала қосында, атыз басында арық-канал жағалап, күйіп, тоңып, шаң жұтып, батпақ кешіп жүруге жастардың батылы бара бермейді. Осылайша салаға деген жастар қызығушылығының болмауы, кейінгі толқынның алдыңғы буын ағалардың ізін басуға қызығушылық танытпауы көңіл алаңдатарлық мәселеге айналып отыр. Шыны керек, жастар ауырдың үсті, жеңілдің астымен нәпақа тапқысы келетінін кімнен жасырамыз? «Елдің ағасы емес, судың сағасы бол!» дегенді жастарға насихаттау, саланың беделін арттыру, жастарға мұрап болуды, мұрат етуге ынталандыру бағытында кешенді өңірлік немесе мемлекеттік бір бағдарлама керек-ақ екені жыл өткен сайын өз маңызын дәлелдеп келе жатыр. Бұл мәселе бүгінде Мемлекет басшысының да тікелей назарындағы түйткілге айналып отыр.

Гүлхан ЯХИЯ

14 шілде 2025 ж. 50 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№51 (9318)

12 шілде 2025 ж.

№50 (9317)

09 шілде 2025 ж.

№48 (9315)

01 шілде 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031