Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КӨКТЕМГІ ЕҢБЕК ҚЫЗҒАН ШАҚ

КӨКТЕМГІ ЕҢБЕК ҚЫЗҒАН ШАҚ

Көктем келсе, Сыр бойының тынысы өзгереді. Қыстан қажыған қара жер бусанып, атыз жағалаған ағайынның қимылы көбейеді. Таң қылаң бере егіс басына шыққан трактор үні мен су сылдыры бір-біріне араласып, тіршіліктің жаңа ырғағын қалыптастырады. Иә, бұл Шиелі ауданы үшін жыл сайын қайталанатын үйреншікті көрініс болғанымен, биылғы көктемнің жөні бөлек. Себебі Шиелі диқандары биыл тек егін егіп жатқан жоқ. Су тапшылығы күшейіп, климаттық өзгерістер жиілеген қазіргі уақытта диқандар бұрынғы тәсілге ғана сүйенбей, заманауи технология мен ғылыми негізделген агротехниканы қатар игеруге бет бұрды.

АҚ КҮРІШКЕ АРҚА СҮЙЕГЕН АУДАН
Биыл аудан бойынша жалпы көлемі 31 мың 213 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланған. Оның ішінде негізгі дақыл – күріш 10 мың 600 гектарды құрайды. Сырдың суымен нәр алып, елдің ырысына айналған ақмаржан дақыл әлі де Шиелі даласының басты тынысы болып тұр. Сонымен қатар 1300 гектарға күздік бидай, 323 гектарға жаздық бидай, 200 гектарға тары, 2000 гектарға дәндік жүгері орналастырылмақ.
Нарық сұранысы мен табиғат жағдайына бейімделген аудан шаруашылықтары майлы дақылдарға да ден қоя бастаған. Биыл 1000 гектарға мақсары, 10 гектарға күнбағыс, 70 гектарға соя егілмек. Ал төрт түліктің қамы үшін 2870 гектар жаңа жоңышқа, 7630 гектар ескі жоңышқа, 120 гектар мал жемдік асқабақ, 60 гектар жемдік жүгері орналастырылады. Халықтың күнделікті дастарханы үшін 235 гектар жерге картоп, 2250 гектарға көкөніс, 2545 гектарға бақша дақылдары егілетін болады.

ӘР ТАМШЫ СУҒА ЖАУАПКЕРШІЛІК
Биыл Шиелі даласында ең көп айтылып жатқан мәселенің бірі – су үнемдеу. Себебі Сыр бойының адамдары судың қадірін өзгеден ерте түсінген. Дария тартылса, даланың тынысы тарылатынын олар жақсы біледі. Сондықтан ауданда тамшылатып және жаңбырлатып суару технологияларын енгізу кеңінен қолға алынған.
Мәселен, «Таң LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1000 гектар жерге жүгері дақылын тамшылатып суару әдісімен егуде. Қазірдің өзінде оның 500 гектары толық егілген. Ал «Центр Семеноводства» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1000 гектар жерге дәндік жүгеріні жаңбырлатып суару тәсілі арқылы орналастырып жатыр.
Бұдан бөлек, жеке тұрғындардың күшімен шаруа қожалықтары жерлерінде 2100 гектар аумаққа тамшылатып суару әдісі арқылы бау-бақша дақылдары егілуде. Аталған технологиялардың тиімділігі мол. Су тікелей өсімдік тамырына жетеді. Ысырап азаяды. Булану төмендейді. Ал ең ­бастысы – өнім артады. Бұрын су жетпей алаңдаған диқан енді суды сақтап пайдалану мәдениетіне бейімделіп келеді.

ЖЕРДІҢ ДЕ ЖАНЫ БАР
Шиелі диқандары бүгінде тек суды үнемдеумен шектеліп отырған жоқ. Олар жердің де күтімді қажет ететінін жақсы түсінеді. Сондықтан жерді лазерлік тегістеу, егіс айналымын сақтау, топырақты ғылыми негізде өңдеу, құрғақшылыққа төзімді дақылдарды таңдау жұмыстары қатар жүргізілуде. Биыл аудан ­бойынша 10 мың гектар жер лазерлік тегістеуден өткізілді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. Мәселен, 2025 жылы мұндай жұмыстар 7800 гектар жерде ғана жүргізілген болатын. Осы тәсіл су шығынын азайтып қана қоймай, егіс алқаптарының біркелкі суарылуына мүмкіндік береді.

ЖЕР ХАЛЫҚҚА ЖАҚЫНДАЙ ТҮСТІ
Шиеліде биыл тек ірі шаруашылықтар ғана емес, қарапайым халық та жер игеруге белсенді тартылуда. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және импорт көлемін азайту мақсатында ауданда 1407 отбасыға 1560 гектар жер дайындалып, үлестірілген. Қазір ол жерлерде де қызу еңбек жүріп жатыр. Әр аулада көкөніс егіліп, әр шаңырақ өз несібесін жерден теруге ұмтылып отыр.

ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ
Қазіргі таңда көктемгі дала жұмыстары тұрақты бақылауда. Әр ауылдық округ пен шаруашылыққа нақты тапсырмалар жүктеліп, олардың орындалуы қадағаланып отыр. Осы жылдың 11 мамырындағы мәлімет бойынша жоспарланған 323 гектар жаздық бидай толық егіліп, 1000 гектар мақсары толық себіліпті. 2870 гектар жаңа жоңышқа толық орналастырылған. Ал егілген жаңа жоңышқаның 2623 гектары бүркеме дақылдармен, 247 гектары таза жоңышқа түрінде егілген. Сонымен қатар межеден тыс 15 гектарға жаздық арпа себіліп, жүгерінің 980 гектары егілген. Көкөніс пен бақша өнімдері бойынша 2250 гектар көкөністің 1575 гектары, 2545 гектар бақша дақылының 424 гектары егілген.
Күріш егу науқаны биыл сәуір айының 15-інен басталыпты. Бүгінде жоспарланған 10 мың 600 гектар күріштің 5401 гектары егілген. Бұл – жалпы көлемнің 51 пайызы. Оның ішінде 4491 гектар алқап суға бастырылып, көрсеткіш 83,2 пайызға жеткен. Биыл ­аудан шаруашылықтары «Лидер», «Авангард», «Каурис» тұқымдарын егуде. Әсіресе жаңа сорт саналатын «Авангардқа» қызығушылық жоғары. Өйткені бүгінгі диқан өнім көлемімен қатар, сапа мен төзімділікке де мән бере бастады. Ал соя мен тары егу жұмыстары маусым айының алғашқы онкүндігінде басталмақ.

ТҮЙІН
Бүгінде Мемлекет басшысы, Үкімет басшысы және аймақ басшысы тарапынан жерді тиімді әрі ұтымды пайдалану мәселесіне ерекше басымдық беріліп отыр. Соның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің пайдаланылуы тұрақты бақылауда. Ал Шиелі диқандары бұл міндетті жай тапсырма ретінде емес, болашақ алдындағы жауапкершілік ретінде қабылдап отыр. Себебі бүгін Сыр бойында тек егін егілмей жатыр. Мұнда жаңа көзқарас қалыптасып келеді. Су үнемдеу, жерді қадірлеу, технологияны игеру, өнімді әртараптандыру – мұның бәрі ертеңгі ауыл шаруашылығының жаңа бейнесін айқындайды. Қара жерге түскен әр дәннің артында – үміт бар. Ал сол үмітті көктетіп отырған – Шиелі даласындағы еңбек адамдары.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
15 мамыр 2026 ж. 28 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№35 (9402).

13 мамыр 2026 ж.

№34 (9401).

09 мамыр 2026 ж.

№33 (9400).

05 мамыр 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031