Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мұраптар марапатталған күн

Мұраптар марапатталған күн


Өткен сенбіде 21-ші бекетте Су шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған «Су шаруашылығы нысандарын көркейту-көгалдандыру» атты облыстық дала семинары өтті. Семинарға аудан әкімінің орынбасары Е.Әпетов, «Арал-Сырдария» бассейіндік инспекциясының басшысы С.Нұрымбетов, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Б.Шәменов, «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы директоры Х.Биімбетов, «Шиелісушар» өндірістік учаскесінің басшысы Д.Әубәкіров және су шаруашылығы саласының ардагері Серікбай Сағымбаев және сала ардагерлері қатысты.
Су – тіршілік көзі десек, су шаруашылығы – жер үсті және жер асты суларын экономиканың түрлі салаларында пайдалану шараларын белгілеп, оларды іске асыратын, сондай-ақ, суды қорғау және оның зиянды әсерімен күресумен айналысатын халық шаруашылығының саласы.
Ежелгі дәуірлерден бері Сыр елінің негізгі тіршілік көзі Сырдарияның суы екені белгілі. Жүздеген жылдар бойы диқан қауымы дариядан тартқан тіршілік нәрімен егінін егіп, тіршілігін жасап келеді. Ал, арнайы су шаруашылықтарының құрылып, жұмыс істей бастағанына да ғасырға жуық уақыт болыпты.
Ауданның 0-2 және Р-12 каналдарын қазу жұмыстары аяқталды. Ағымдағы жылы Сырдария өзенінің Шиелі ауданы тұсындағы су деңгейі 158,31-ге тең. Қазіргі таңда егіс көлеміне беріліп отырған су көлемі 60 кубты құрап отыр. Біздің аудандағы «Шиелісушар» өндірістік учаскесі арқылы суарылатын ауыл шаруашылық дақылдарының көлемі жыл өткен сайын артып, 43,0 мың гектарға дейін өсті, дақыл күріштің көлемі 15,0 мың гектарға дейін жетті. Инженерлік жүйеге келтірілген ауыспалы егістіктердің көлемі 36,0 гектарға артып отыр.
– Адамзат пен табиғат үйлесімінде тірішілік қызметін реттеп отырған сала қызметкерлерінің еңбегі ерен. Биылғы құрғақшылық алқымнан алған тұста арнасы кепкен көлдер мен табанынан шаң бұрқыраған атыздарға Сырдың суын үнеммен үлестіріп, Жер ана бұлағын байыпты болжаммен бағыттаған берекелі істеріңізді халық біледі. Жылдың төрт мезгілінде дамыл таппай, су бөліп беру шаруасын ұқыптылықпен атқаратын гидротехник мамандардың тапшы екендігін жақсы білеміз. Дегенмен, жауапкершілік жүгін, артылған сенім үдесін биік қоятын сала майталмандары әр кезде де мәртебе мінберінде болуы тиіс. Бұл салада кәсібіне деген құрметті ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан сала ардагерлері мен мамандарға адал еңбектері үшін ризашылық білідіремін, – деді өз сөзінде аудан әкімінің орынбасары Е.Әпетов.
Ауданымыздың су шаруашылығын жақсартуда жемісті қызмет атқарған Мұқамедияр Сейітов, Г.Кан, Төлес Апбасов сынды ағаларымыздың еселі еңбектері еленіп, бір кездері «Қазақ ССР-нің еңбегі сіңген гидротехнигі» атанғанын білеміз. Сондай-ақ, шара барысында «Шиелісушар» өндірістік учаскесінде еселі еңбек етіп келе жатқан ардагерлерді құрметтеп, лайық деп танылған мамандар марапатталды. Атап айтар болсақ, бас маман Нұрғали Мырзабеков, аға инженер-гидрометрі Әлияр Сейітов пен Сейітқасым Ермекбаев, жетекші маман Зәбира Рахметова, механик Жарқынбек Сейітжанов «Елеулі еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Соңғы кезеңдерде білікті жастармен толығып келе жатқан сала мамандарының мереке қарсаңында алған марапаты – атқарылған шаруаның нәтижесі.
Жыл сайын марапат пен халық алғысына бөленетін су шаруашылығы қызметкерлері биылғы мереке қарсаңында да назардан тыс қалмады. Атап айтар болсақ, инженер гидрометр Тұрсынай Жанұзақова, қосалқы жұмысшы Еркінбек Көгенбаев, су реттеуші Сайдулла Усманов, Нұрлан Сақтағанов, Қаратай Мырзахметов, Дәуренбек Әбілқасымов, Қайрат Әбішов, Алима Әбдіқадырова секілді бірқатар сала мамандары аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Осы семинарға келген барша қонақтар Әлияр Сейітовтың алма бағын аралап, ондағы бал татитын алмадан дәм татты. Айта кету керек, Әлияр ақсақалдың бау-бақшасында жайқалған жемістің төрт түрі өседі. Олар крепсон, белый налив, голден, конфетка түрлері. 21 бекетке бұл жеміс ағаштарының алды 2014 жылы отырғызыла бастапты. Содан бері жерді құнарландыру бағытында әртүрлі өсімдік егіп, топырақтың бабын келтірді. Бүгінде өңірдің климаттық жағдайына сай келмейді дейтін көпке таңсық жемістерді күтімге алып, оны баптап, біздің жерге тамыр жаюы үшін тынбай еңбектеніп келеді. Сондай-ақ, көзіміз көргендей табиғатқа аса жанашырлықпен қарайтын еңбек ардагері бақшадағы жеміс талдардан бөлек әсем гүлдердің де түр-түрін күтімге алған. Осылайша, семинарға келген қонақтар керемет көңіл күймен тарқасты.

Шапағат Тілеубай
13 шілде 2021 ж. 567 0