ЕҢБЕК ЕЛЕНІП, ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Қоғам дамуы ел игілігі жолында аянбай еңбек ететін азаматтардың қажырлы қызметімен өлшенеді. Әсіресе адам өмірі мен денсаулығына жауапты медицина саласында еңбек ету үлкен жауапкершілік пен терең кәсібилікті талап етеді. Жауапты жолда абыроймен қызмет етіп, ел алғысына бөленген азаматтардың еңбегін бағалау – әрбір қоғам үшін маңызды.Жуырда осындай мәні терең, мазмұны тағылымды жиын аудан әкімдігінің мәжіліс залында өтті. Аудан әкімі Айтбай Жандарбековтің төрағалығымен өткен аудан активінің отырысында өңірдің медицина саласына елеулі үлес қосқан білікті дәрігер, тәжірибелі басшы Алмас Әбдіғаппарұлына ерекше құрмет көрсетілді.
Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, жауапты мекеме жетекшілері мен медицина саласының қызметкерлері қатысып, ел денсаулығы жолында еңбек еткен азаматтың қызметіне жоғары баға берді. Актив отырысының басты себебі облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы лауазымына тағайындалған Алмас Әбдіғаппарұлын жаңа қызметіне шығарып салу болды.
Алмас Әбдіғаппарұлы – кәсіби шеберлігі мен ұйымдастырушылық қабілетін ұштастыра білген білікті маман. Ол 1987 жылдың 8 желтоқсанында Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Жастайынан медицина саласына қызығушылық танытып, осы бағытта терең білім алуға ұмтылды. Нәтижесінде Қарағанды мемлекеттік медицина университетін «Хирургия» мамандығы бойынша тәмамдап, ақ халатты абыройлы жолды таңдады.
Еңбек жолын 2012 жылы Қызылорда облыстық медицина орталығының қабылдау бөлімшесінде хирург дәрігер болып бастаған жас маман қысқа уақыт ішінде кәсіби біліктілігімен танылды. Кейін №1 хирургия бөлімшесінде дәрігер-хирург қызметін атқарып, тәжірибесін шыңдай түсті. Іскерлігі мен жауапкершілігінің арқасында 2018 жылы аталған аурухананың директордың хирургия саласы бойынша орынбасары қызметіне тағайындалды. Бұл кезеңде ол тек дәрігер ғана емес, ұйымдастырушылық қабілеті бар басшы ретінде де танылды.
Уақыт өте келе денсаулық сақтау саласындағы тәжірибесі мен басқарушылық қабілеті жаңа міндеттер жүктеді. 2023 жылдың қазан айынан бастап Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасының бас дәрігерінің міндетін атқарушы болып тағайындалған ол көп ұзамай осы мекеменің бас дәрігері қызметіне бекітілді. Бұл жауапты міндетті абыроймен атқарып, аудан медицинасының дамуына тың серпін берді.
Алмас Әбдіғаппарұлы басшылық еткен кезең Шиелі ауданының денсаулық сақтау жүйесінде айрықша өзгерістермен есте қалды. Оның бастамасымен медицина инфрақұрылымын жаңғырту бағытында бірқатар ірі жоба жүзеге асты. Әсіресе ауылдық елді мекендердегі медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінді. Атап айтқанда, Талаптан, Ақтоған, Қарғалы, Ортақшыл, Алмалы, Телікөл, Тартоғай және Бестам ауылдық округтерінде жаңа дәрігерлік амбулаториялар салынып, халық игілігіне берілді. Бұл ауыл тұрғындарының сапалы медициналық қызметті өз елді мекенінде алуына мүмкіндік жасап, әлеуметтік маңызы зор қадамға айналды.
Сонымен қатар 255 миллион теңге қаржыға күрделі жөндеуден өткен «Болашақ» дәрігерлік амбулаториясы толық жаңартылып, заманауи талаптарға сай қызмет көрсететін медициналық нысанға айналды. Бұл нысан бүгінде аудан тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек ұсынуда.
Аудан медицинасының материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында да ілкімді жұмыстар атқарылды. Мемлекетке қайтарылған активтер есебінен құны 2 миллиард 323 миллион теңгені құрайтын 30 төсектік жұқпалы аурулар бөлімшесі салынды. Бұл – аймақ үшін стратегиялық маңызы бар нысан. Сондай-ақ аудандық аурухана жанынан 733 миллион теңгеге қосымша ғимарат бой көтеріп, оған құны 650 миллион теңге болатын заманауи МРТ аппараты орнатылды. Мұндай жоғары технологиялық құралдардың қолжетімді болуы тұрғындардың күрделі тексерулерден өтуі үшін облыс орталығына бару қажеттілігін азайтып, медициналық көмектің сапасын жаңа деңгейге көтерді.
Осының барлығы – бір ғана адамның еңбегі емес, әрине. Бірақ сол игі бастамалардың жүзеге асуына ұйытқы болып, ұйымдастырып, жүйелі түрде іске асуына жетекшілік еткен Алмас Әбдіғаппарұлының еңбегі айрықша аталады.
Актив отырысында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков сөз сөйлеп, оның аудан медицинасының дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті. Ол Алмас Әбдіғаппарұлын ауданның ең жоғары марапаттарының бірі – Құрмет грамотасымен марапаттап, жаңа қызметіне табыс тіледі.
– Алмас Әбдіғаппарұлы Шиелі ауданында қызмет атқарған уақытында денсаулық сақтау саласының дамуына айрықша үлес қосып, бірқатар маңызды жобалардың жүзеге асуына ұйытқы болды. Аудан тұрғындарының атынан атқарған еңбегіңізге алғыс білдіремін. Алдағы жаңа қызметіңізде де абырой биігінен көрініп, ел игілігі жолындағы еңбегіңіз жемісті болсын, – деді аудан әкімі.
Жиын соңында әріптестері де жылы лебіздерін білдіріп, оның кәсіби біліктілігі мен адамгершілік қасиеттерін жоғары бағалады. Ұжымдастары Алмас Әбдіғаппарұлына жаңа жауапты қызметінде табыс тілеп, аудан медицинасының дамуына қосқан еңбегі үшін шынайы алғысын жеткізді.
Қоғам дамуы – елге адал қызмет ететін осындай азаматтардың еңбегімен өлшенеді. Халық денсаулығын қорғау жолында табандылық танытып, өңір медицинасының дамуына сүбелі үлес қосқан Алмас Әбдіғаппарұлының жаңа қызметтегі қадамы да жемісті боларына сенім мол. Өйткені ел сенімін арқалаған азамат үшін ең үлкен марапат – халық алғысы.
Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ,
суретті түсірген Б.БӘЙІМБЕТ
суретті түсірген Б.БӘЙІМБЕТ








