Болмысы –нәзік, білегі – азық
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында түрлі салада абыройлы еңбек етіп, бейнетінің зейнетін көріп отырған ардақты әйел-аналарға құрмет көрсетілді. Тағылымды шара еңбек жолында ел дамуына үлес қосқан, қоғамдық өмірде белсенді болған нәзік жандардың еңбегін ұлықтауға бағытталды.Аудан басшысы Айтбай Жандарбеков атап өткендей, құрмет тек басшылық қызмет атқарған азаматтарға ғана емес, қарапайым еңбек адамдарына да көрсетілуі тиіс, өйткені олар ауданның дамуына өлшеусіз үлес қосқан.
Салтанатты басқосуда мәдениет саласының ардагері Балтагүл Аманқұлқызы, кәсіпкерлікпен қатар ұзақ жылдар аудандық мәслихатта және «Amanat» партиясы жүйесінде абыройлы қызмет атқарған Патима Махамбет, білім саласының ардагері Мейрамгүл Өтепова, мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп, жуырда ғана зейнетке шыққан Айнаш Сейітжаппарова мен Дәулеткүл Назарбаеваға аудан әкімінің Құрмет грамоталары табысталды.
Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил мен «Amanat» партиясы Шиелі аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жібек Баймұратова құттықтау сөз сөйлеп, әйел-аналардың қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті. Олар еңбек жолында жинақталған мол тәжірибе мен өнегелі өмір жас ұрпаққа үлгі болатынын, ардагер аналардың ел бірлігін нығайтуға қосқан үлесі зор екенін жеткізді.
Марапат иелері өз кезегінде көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдіріп, еңбектерінің еленуі – үлкен мәртебе екенін сөз етті. Олар әріптестеріне, ұйымдастырушыларға алғыс айтып, елдің дамуы жолындағы игі бастамаларға әрдайым қолдау білдіретіндерін айтты.
Салтанатты шара аудан өнерпаздарының әсем ән-жырымен жалғасып, жиынға қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мұндай тағылымды кездесулер еңбек адамына деген құрметті арттырып, қоғамда ізгі құндылықтарды дәріптеуге сеп болары сөзсіз.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ,
Сурет Б.БӘЙІМБЕТТІКІ
Сурет Б.БӘЙІМБЕТТІКІ








